Оқиға • 02 Ақпан, 2022

«АрселорМиттал Теміртау» кенішіндегі жұмысшы өлімінің себебі анықталды

511 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Шахтинская» шахтасында кенші жараланып, кейін қаза болады. Комиссия осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«АрселорМиттал Теміртау» кенішіндегі жұмысшы өлімінің себебі анықталды

«Арнайы тергеу қорытындысы бойынша, комиссия жазатайым оқиғаның себептерін анықтап, тараптардың аралас жауапкершілігін белгіледі. Зардап шеккендерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын, металл арқанды байлау және тасымалдау бойынша, сондай-ақ тау-кен қазбалары бойынша жүктерді байлау және тасымалдау схемаларын өрескел бұзуға жол берілген. Жұмыс беруші тарапынан жұмыс өндірісіне тиісті бақылау әлсіз», делінген Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының баспасөз қызметі жариялаған комиссия қорытындысында.

Комиссия құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы, «Шахтинская» шахтасының басшылығы, «Қорғау» көміршілер кәсіподағының өкілдері және Қарағанды облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бас маманы кірген. Арнайы тергеу аяқталғаннан кейін материалдардың көшірмесі аумақтық полиция органына жіберілді, деп толықтырды ведомство өкілдері.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі тау-кен жұмысшысының өлімі ҚР ҚК-нің 227-бабының 2-бөлігі «Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде абайсызда адам өліміне әкеп соққан қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша тергеліп жатқанын айтты.

Сонымен қатар, полиция «АрселорМиттал Теміртау» болат департаментінің аглофабрикасындағы конвейерге түсіп кеткен 46 жастағы бригадирдің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Оқиға ҚР ҚК-ның 156-бабы 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша тіркелген.

Айта кетейік, 22 желтоқсанда «АрселорМиттал Теміртау» Көмір департаментінің "Шахтинская" шахтасында 1975 жылы туған жұмысшы металл сынықтарын тиеу жұмыстары кезінде зардап шеккен болатын. Ол медициналық мекемеге жатқызылып, кейіннен қаза болаған еді.