Қоғам • 03 Ақпан, 2022

5 мың бала тегін үйірмеге барады

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балаларға арналған шығармашылық үйірмелерінің тегін жұмыс істей бастағанына да біраз уақыт өтті. Бұған дейін баланың мектептен тыс шығармашылық дамуына ата-ана өз қалтасынан қаржы шығарып келсе, енді бұл шығынды мемлекет өтеп беріп отыр. Нәтижесінде, өнерге талапты өрендердің де қатары көбейе түскен.

5 мың бала тегін үйірмеге барады

Мәселен, Қостанай об­лы­сының тұрғындары был­­тыр маусым айынан бе­­рі іске асырыла бас­та­ған мем­лекеттік шығар­ма­шылық тапсырыс жо­басының игі­лігін көріп отыр. Жобаға әу баста ата-ана да, бала да онша ынта білдіре қоймап еді, жыл соңына қарай сан түрлі өнерге баулитын тегін үйірмелерге барып, талабын ұштап жүр­ген балғындардың саны 2 мыңға жетті. Биыл айтулы жобаның ауқымы бұдан да кеңейе түсетін сыңайлы.

– Былтыр тегін үйірме­лердің жұмысын қамтамасыз етуге облыстық бюд­жеттен 77 млн тең­ге қаржы жұм­сал­ды. Бұл – көпшіліктің тегін үйірмелердің ашылып жат­қанынан әлі хабар­дар бола қоймаған кезі. Есе­сіне биыл мемлекет қар­жыландыратын шығармашылық орталық­тарға деген сұраныс едәуір артты. Осыған орай, 600 млн теңгеге тапсырып бер­дік. Жыл басында 300 млн теңге бөлінді. Енді ел сұра­нысын ескере отырып, ал­дағы уақытта тағы да тапсырыс беріледі. Оған облыс бюджетінің мүмкіндігі же­теді, – деді облыстық мәде­ниет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Басқарма басшысының айтуынша, баланы шығар­машылық үйірмеге бергісі келген ата-аналар artsport.edu.kz бірыңғай порталы арқылы өздері тұрып жатқан мекенжайға жақын әрі ың­ғайлы үйірменің бағытын, орнын анықтап, оған электронды түрде өті­нім бере алады.

Бүгінде өңірде шығар­машылық мемлекеттік тапсырыс аясында бес мыңға жуық бала тегін үйірмеге барып жүр. Мысалы, облыс орталығының өзінде ғана 3243 бала тегін үйірме­де талабын ұштауға мүм­кін­дік алып отыр. Ал Ар­қа­лықта – 591, Лисаковта – 156, Тобылда – 154, Рудныйда – 179, Жітіқарада – 227, Қара­ба­лықта 93 бала мемлекет қаржы­лан­дыратын үйір­мелерге барып жүр.

Алдағы уақытта, әсіре­се, ауыл балаларын шығар­машылыққа көптеп тарту мақ­сатында Қостанай, Ал­тын­сарин, Науырзым аудан­дарындағы мәдениет ошақ­тарында ұлттық өнер орт­а­лықтарының жұмысын жандандыру қолға алынбақ.

 

Қостанай облысы