12 Мамыр, 2010

ОЛ КҮНДЕРДІҢ ӨШПЕС ДАҢҚЫ

640 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Астанада 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шеру өтті. Салтанатты сәт елорданың сим­волына айналған “Қазақ елі” мону­ментінен бастау алып, “Отан қор­ғау­шылар” монументі аралығына дейін жалғасты. Бұл шеруге кеуде­леріне орден, медаль тағып, колон­на­дағы арнайы мерекеге сай жаб­дықталған УАЗ маркалы 30  әскери ашық автомобильмен жол бастаған қаланың 120 соғыс ардагері, басқа да астаналықтар мен елі­міз­дің әр өңірінен және ТМД мен алыс шетелдерден келген қонақтар қатысты. Осы сап арқылы олар кешегі қан майданда қаза тапқан жауынгерлерге, еліміздің өзге өңірлеріндегі көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсетіп, шынайы ыстық ықыластарын білдірді деуге болады. Осы кезде “Отан қорғаушылар” монументінің Мәңгілік алауына Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парла­мент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұ­ха­меджанов, Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов, Президент Әкім­ші­лігінің Басшысы Аслан Мусин, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы іс­тер министрі Қанат Саудабаев, Қор­ғаныс министрі Әділбек Жақ­сыбеков пен Астана әкімі Иман­ғали Тасма­ғам­бетов гүл шоқтары мен гүл себет­терін қойып, майдан­да қаза болған жауынгерлер және Жеңістің 65 жыл­дығына жете алмай өмірден озған ардагерлерді бір сәт үнсіз­дік­пен еске алды. Еске алу рәсімі аяқ­талған соң, Қорғаныс ми­нистрлі­гі­нің Орталық әскер ор­кестрі, Пре­зидент оркестрі, Ішкі әскерлердің оркестрі, “Жас Ұлан” республи­ка­лық мектебінің бара­бан­шылары, сонымен бірге осы айту­лы күнге ар­найы дайындалып, теа­трлан­ды­рыл­ған қойылым көрсет­кен театр әртістері колоннаның келе жатқа­ны туралы белгі беріп тұрды. Осын­дай белгілер арқылы колон­на­ның алдында Ақмолада құ­рылған атақты дивизия мен полк­тің әскери тобы келе жатқаны бел­гілі болды. Әскери топ “Отан қор­ғаушылар” монументіне келгенде олардан соң жауынгер-интер­на­ционалистер, республикалық Ұлан­­ның құрметті қарауыл ро­тасы, Ішкі әскер офи­церлері, Ұлт­тық қауіп­сіз­дік комите­ті­нің шекара қызметінің өкілдері келіп, сап түзеді. Осы жер­де Же­ңіс­тің 65 жылдығына арнал­ған сал­танатқа ауған соғы­сы­ның ар­да­гер­лерінің қатысқаны Ұлы Отан со­ғысының жауын­гер­ле­ріне көр­­сет­кен үлкен құрметі деуге болады. Өйткені, со­ғыс­ты көзімен көріп, жанымен тү­сінген ауған соғы­сы­ның ардагер­ле­рі кешегі қан майданда Отан үшін от кешкен әкелерінің қандайлық ерлік пен батырлықтың үлгісін көр­сеткенін жақсы біледі. Бұл ша­раға жүзден астам ауған соғысы­ның арда­гер­ле­рі қатысты. Қазір қа­лада олардың 2000 жылы құ­рыл­ған “Ауған со­ғысы мүгедектері мен ардагер­ле­рі­нің одағы” қоғамдық бірлестігі жұ­мыс істейді. Аталмыш ұйымның деректеріне қарағанда, Ауған­стан­ға Қазақстаннан 22 269 әскери қыз­метші жіберіліп, оның 924-і мерт болған. Ал 1015-і мү­гедек болып, 21 азамат із-түзсіз кеткен көрінеді. Осыдан кейін “Отан қорғау­шы­лар” монументі алдына колон­на­ны жалғастырған азаматтық кәсіп иелері, жастар, студенттер мен мектеп және колледждің үздік оқушылары келіп, соғыста қаза тап­қан жауынгерлердің рухына тағ­зым етті. Салтанат одан әрі ұр­пақ сабақтастығын айшықтайтын “Өмір ағашының” бұтақтарының бір жақ бетіне Ақмола қаласынан жіберілген Қызыл әскерлердің аты-жөндері жазылған “Жеңіс ленталарын” байлаумен жалғасты. Кейбір деректер бойынша, Ұлы Отан соғысына Ақмоладан аттан­ған 28 мың жауынгердің тек бір­неше мыңы ғана соғыстан оралған көрінеді. Ал қазір Астанада уақыт өткен сайын қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне бар­лық жағдай жасалуда. Олардың бәрі өткен жылы пәтерлермен қамтамасыз етілді. Биылғы мереке қарсаңында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қала әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов Елбасының тапсырмасы бойынша салтанатты түрде мемлекеттік наградаларды табыс еткен болатын. Осы күні Астанада мерекелік ша­ралар қаланың барлық жерінде жалғасты. Қалалық алаңда, “Жас­тар” сарайының жазғы сахнасы, “Бәйтерек” монументі мен елорда саябағында үрмелі аспаптар ор­кес­трі мен ән-би ансамблінің қаты­суымен концерт өтті. Сонымен бірге қалалық әкімдік алдындағы алаңда Патриоттық әндер фести­валі өтіп, оған кәсіби және көр­кем­өнерпаз ұжымдары, Қазақ­станның қарулы және қорғаныс ведомстволарының үрмелі аспап­тар оркестрі қатысты. Олар бағ­дарлама бойынша соғыс жыл­да­рындағы әндер мен Отанын қор­ғаған сарбаз ерлігі туралы компо­зициялар орындады. Ал жоғарыда айтқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған шеруге соңғы мәліметтер бойынша 7 мыңнан астам адам қатысты. Дастан КЕНЖАЛИН.