Осыған орай табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өңірлік филиалының таратушы құбырлар арқылы газ тасымалдау қызметіне 2022-2027 жылдарға арналған тарифін мың текше метрге 1 133,39 теңгеге дейін арзандатты. Бұл 2016-2021 жылдардағы тарифпен салыстырғанда 36%-ға төмен. Сондай-ақ жабдықтау үстемеақысы мың текше метр үшін 916,17 теңгеге (43%) төмендетіліп отыр. Төмендетілген баға биылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енді.
– Атырау облысының тұтынушылары үшін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ газының түпкілікті бағасы 38,9%-ға дейін төмендетілді. Тұрмыстық тұтынушылар (тұрғындар) мен жылу энергетикалық компаниялар тұрғындар үшін жылу энергиясын өндіруге тауарлық газды тұтынудың мың текше метрі 4 720,33 теңге, жылу және электр энергиясын өндіруге тауарлық газды тұтынатын энергетикалық және өзге де заңды тұлғалар үшін мың текше метрі 11 482,47 теңгені құрайды. Ал бюджеттік мекемелерге мың текше метрі –
13 344,23 теңге, тұтынушыларға одан әрі сату мақсатында сығымдалған және сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын заңды тұлғаларға – 11 518,56 теңге, – деп мәлім етті облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облыстық департаменті монополистің тұрғындар мен заңды тұлғалар үшін магистральдық құбырлар арқылы сумен қамтамасыз ету тарифін асыра бағалау дерегін анықтады. Қазір аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 221-бабының 1-бөлігімен (Монополиялық қызмет) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты тұтынушыларға келтірілген залалды өтеу мақсатында биылғы жылдың соңына дейін Атырау облысының тұрғындары үшін аталған коммуналдық қызметге жеңілдетілген өтемдік тариф енгізілді.
Атырау облысы