Аймақтар • 04 Ақпан, 2022

Шымкентте өңірлік өнімді 3 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте өңірлік өнімді 3 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда

Жиында басқарма басшысы Р.Мулкеманов 2022 жылы атқарылатын жұмыстарды баяндады.

Шымкент қаласында экономиканың тұрақты дамуын жыл сайын орта есеппен 4-5 пайызға қамтамасыз ету көзделуде. Осылайша, жалпы өңірлік өнімді 2026 жылға қарай 4,1 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы жылы жалпы өңірлік өнімді 3 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Осы жылғы межеге жету үшін қаланың өнеркәсіп саласында 2022 жылы жалпы құны 538 млрд теңгені құрайтын 274 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде.

Сала жетекшісі сонымен бірге бөлшек сауда 540 млрд теңгеге, өнеркәсіп өнімі 856,9 млрд теңгеге, ауыл шаруашылығының өнім көлемі 44,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Қала әкімі Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және импорт алмастыру жөніндегі тапсырмасын орындаудың бірден бір шарты – ол өңірде өндірістің дамуына қолайлы жағдай жасау және индустриалды аймақтарды дамыту болып табылатынын айтты. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға мегаполистің мүмкіншілігі орасан екенінде жеткізді.

Өнеркәсіп бұл экономиканың локомотиві екенін айтқан қала басшысы осы бағытты дамытуға бөлінген қаржының тиімді игерлуін бақылауды күшейту қажет деді.

Сонымен бірге Мұрат Әйтенов өздігінен орындалып жатқан экономикалық көрсеткіштерді жұмыс нәтижесі ретінде ұсынуды тоқтату керектігін қатаң ескертіп, белгіленген межемен шектелмеуді айтып, экономикалық серпіліске қажырлы еңбек керектігін атап өтті.