12 Мамыр, 2010

ИСПАНИЯ КОРОЛІМЕН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕСТІ

448 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испания Королі Хуан Карлос І-мен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Әңгімелесу барысында испандық монархтың алдағы уақыттағы Қазақстанға сапарының мерзімі талқыланды. Мемлекет басшысы Хуан Карлос І-ге жақында жасалған операциядан кейін тездетіп сауығып кетуін тіледі. ЕЛБАСЫ ҚАБЫЛДАДЫ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республи­ка­сы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Роговты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. И.Рогов Президентті Қазақстан Республикасы Конституциясы­ның қабылданғанына 15 жыл толуын мерекелеуге әзірлік барысы ту­ралы хабардар етті. Атап айтқанда, биылғы жылдың 30 тамы­зын­дағы мерекелік салтанаттың негізгі іс-шарасы – “Конституция елі­міздің демократиялық дамуының негізі ретінде” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болады. Бүгіннің өзінде 30-дан астам шет елдің өкілдері, соның ішінде конституциялық соттардың төрағалары, конституциялық бақылаушы өзге органдардың же­текшілері, шетел парламенттерінің өкілдері өздерінің конфе­рен­цияға қатысатындықтарын қуаттады. – Мемлекет басшысы осы конференция барысында жетістіктер туралы рапорттарға емес, еліміздің дамуына ғылыми-теориялық тұрғыда терең талдау жасалуына, біздің шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесін зерделеуге мән беру қажеттігіне назар аударды. Осы талдаудың негізінде біз мемлекеттің құқықтық тетіктерін одан әрі жетілдіру жөніндегі белгілі бір ұсынымдарды беруіміз қажет, – деді журналистерге арналған брифингте И.Рогов. Қызметке тағайындау Мемлекет басшысының Жарлығымен Дулат Оразбекұлы Қуанышев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. *  *  * Мемлекет басшысының Өкімімен Болат Жәмитұлы Өтемұратов Қырғыз Республикасымен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілі қызметіне тағайындалды.
Соңғы жаңалықтар