Қоғам • 04 Ақпан, 2022

Қаннан қымбат, жаннан қымбат бұл Отан

680 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Қаралы қаңтар» трагедиясынан соң да тура бір ай өтті. Жаңа жылдың екінші күні Жаңа өзеннен басталған ереуіл 5-6 қаңтарда шырқау шегіне шыққан.

Қаннан қымбат, жаннан қымбат бұл Отан

Жаппай наразылыққа ұласып, ел аумағын тұтасқа жуық қамтыған наразылық мемлекеттің құлау қауіпіндей жағдайға жетіп қана тойтарылды. Қан төгіліп «Қанды қаңтарға» айналып барып аяқтады.        

Қазір де арада ай өткенде әңгіме көтеріліске қатысқандардың ақ-қарасын айыру туралы, мыңдап қамалғандарды қатыгездікпен қинауды тоқтату туралы сөз өрбуде. Әр адам, әр топ, әр ұйым құлшына кіріскен. Әлеуметтік желілер мен біраз БАҚ та қинаудың асқан аяусыздыққа жеткен тұстарын әйгілейтін фото суреттер мен бейне жазбалар тарап жатыр.

Бұл — жанайқай.  Ол — заңды және ізгі құбылыс. Себебі: мұндай заңсыздықты жоюға талпынған әрекеттің бәрі де мемлекетті басқарушылар мен бағынушы бұқараның арасына жік салатын қылықтарды шектеуге, азайтуға, жоюға қызмет етеді. Біз бұл жазбамызды осы мәселемен түйіндейміз. Ал қазір арырақтан бастауға тура келеді.

Былай айтайық. Өз басым қаламгер ретінде, ұлтына — ұлттық Мемлекетіне  пейілі кеткен азамат санатында осы айдың басынан-ақ бірнеше пост жазып, сұхбаттар бердім. Оның ішінде алғашқылардың бірі болып, «Азаттық» радиосына айтқан бейнелі сұхбатымды жүздеген мың кісі көріп үлгеріпті. «Азаттықтың»  ащы сұрағына: “Ескертусіз оқ ату Үкіметтің үрейінен, Мемлекеттің аударылып кету қаупінен туған шешім” деппін. Аталған портал бұл сөзді топтық бейне сұхбаттың тақырыбы етіп қойыпты. Келісемін.

       «Енді қайттік?!».

Осындай сұрақ санасын қыспаққа алған кісі жанұшыра қимылдайды. Ондай әрекет қалың халық қалайтын нәтиже бере тұра, қейбір тұсында сәтсіздік салдары да болады. Біздің Мемлекет және Мемлекеттің амандығы үшін жауапты адамдар да сол күні сондай күйге «Енді қайттік?!» деген сұраққа тап келді. Жанталас сәт соқты! Не барсың, не жоқсың! Өзіңді сақтай алсаң мемлекет бар. Сақтай алмасаң неғайбіл?!

Сонда қайтпек керек? Сырттан бағалау, былайша ақыл айту оңай, жауапкершіліктің салмағын сезбеген, ол — арқасына батпаған кісіге оңай. Ондайда оларға «Өйтпеу керек еді, бүйтпеу керек еді» деп сөз бастау жеңіл. Ал сол уақытта Мемлекеттің — бүкіл ұлттың тағдырына төнген қауіппен бетпе-бет келген кісіге жанқияр қыймыл жасайтын сағат соғып тұрды. Ол аңғарған кісіге анық байқалған болатын.

Халық толқыса теңіз толқығандай —жайпап өтер сунами сияқты ғой. Оны көрдік.

Бұл жолғы Алматыда толқыған наразылықта «Сен қосыл, сен қосылма» деп, талданып, тәртіппен шығу  бұйырған жоқ. Керісінше «Сен неге қосылмайсың, сенің жаның кімнен артық?!» деген өткір сөз, өктем мінез ағыс жағалауында марғау тұрған жұртты жұлып әкетіп, толқынға қосып, еркінен тыс  ерткені шындық. Оған 30 жыл бойы естіген ертегі өмір туралы аңызбен алдау, көптің кедейленуі мен қысқан қымбатшылық, қажыған көңіл, қараңғы дін және қақсаған уағыз қосылды. Сөйтіп, әр деңгей, әр санадағы кісі араласып алаңға шықты. Бәрінің ұраны билікті кетіру болғанымен, билік кетсе оның орнына  кімді қоятынын ойлаған жоқ. Билік басына келетін «Кісісі» қалың жұртқа белгісіз болды. Бірақ «Сонан соң не боладыны» ойлауға ондағы жұрттың уақыты бола қоймады. Бәрі ортақ тыңдайтын бастаушы, басқарушы да ортаға шыға қойған жоқ. Ашулы ұранға қаны қызған нөпір мен аңырып  тұрып араға қосылған аңқау топ, ашынған ашулы топқа араласып, ағылып келіп алаңды толтырып, толқытып тұрды. Арасынан шығып, тармақтап талап қойып, келісім сұрайтын адамы жоқ еді. Наразлықтың соңғы билігі ашулы топтың еркіне тиіп, үкіметсіздікке ұласты. Ар қарай тонаушы мен өртеушінің, тіпті өлтірушінің қолына өтті. Астана қатал, шұғыл шешімге келмесе оның да билігі осы топтың қолына көшер ме еді, қайтер еді?

5 қаңтар күнгі бұлап-талаудың, бұзып шағудың бел ортасынан репортаж жасаған «Азаттық радиосының» тілшісі Аян Халмұрат: «… Бүгінгі болған оқиғалар — қирату, тонау, бейкүнә адамдарды ұрып-соғу, біреудің адал еңбегі мен кәсібіне залал келтіру — еш қайсысы да бейбіт наразылардың тірлігі емес. Бүгінгі оқиғаның адам құқығына еш қатысы жоқ. Ұлынан айырылған аналарға, әкесіз қалған балаларға бұлай емес деп көріңізші… өте өкінішті» деп жазды.

Тілші сол мақаласында «Біз (Алаңға) барғанда, жұрт әкімдікті  басып алып, президент резидентциясы үшін «ұрыс» бастап кетіпті. Жараланғандар бар деген жаққа шетпен жүріп, әрең бара жатырмыз. Ашулы топ бізді күштеп, атыс болған жаққа ортаға қарай апара жатыр» деп те жазды. Өрт сөндіру машинасын бүлдіріп, жолға көлденең қойып, бұларға таяқ ала жүгірген «ұйымдастырушы» жігіттердің ішімдік ішкенін де ашық айтты.

Енді қараңыз, кей жұрт ағаш басына іліп жүрген «Жанкешті террорист» туралы сөз де, оның «Жиырма мыңдап» саналатыны туралы ақпараттың тарағаны да - дәл Аян репортаж жасаған осы уақыт. Ал, көше-көшені жауып, жайпап, жолдағы жұртты қорқытып, тобына қосып, алаңға қарай айдаған, журналист Аян мен оператор Санатты атысып жатқан жаққа күштеп сүйреген топ террорист емес пе? Үркіткіш дәрілері мен жаңғыртқыш гранатасы таусылып, қарусыз қалған полицейлер мен өрімдей курсанттарды текпілеп өлтірген топ, қару - жарақ дүкендерін тонаған топ, ұлттық қауіпсіздік мекемесін иен тастаған топ террорист емес пе?!

Автор сол уақытта барып, басып алушыларға қарсы әскери техникадан ата бастағанын, бірақ оның қорғасын оқ, әлде резинка оқ екенін білмейтінін де жазды. Осының өзінен әскерилердің қатал шараға қай кезде көшкенін аңғарамыз. Ең абзалы Аян да, Санат та оқ пен оттан аман қалған. Аянның:»Күні бойы таяқ та жеп, одан «Азаттықтанбыз» деп айқайлап, әрең құтылып жүрдік» дегені де ащы шындық. Шабуылшылардың бірі: «Өлген адамдар бар. Бірақ мүрделердің бәрін алып кеттік» дейді Аянға. Олардың мәйітханаға жетпегені де анық. Ендеше адам шығыны - ресми мәліметпен сәйкеспейтін болғаны. «Сонда бұларды кім басқарып отыр, мәйіттерді қайда әкетті?» деген сұрақ тумай ма? Осыншама атыс - шабысты ұйымдастырғандар террорист емес пе? Ресми ақпарат анандай дейік. Бұл постта жазылғаны тікелей репортаж ғой. Алаңға ағылған, одан әкімшілікке ұмтылған адам саны анау айтқан 20 000-нан көп болмаса, аз емесі анық қой.

Президентке енді ғана бағынып, алдында алғашқы күні отырған Қауіпсіздік кеңесінің сол күнгі көне құрамы да: Жаңа басшысына баяндағанда «20 000 террорист» деп, олардың жат мекенін меңзеп көрсеткен уақыт та - дәл сол күн: 5 қаңтар. Ендеше, бұл ақпарат әдейі басқа мақсатпен баяндалған жаңсақ, жартылай жаңсақ ақпарат болуы мүмкін ғой. Осы ақпарат бойынша айтқан сөзінен президент те бас тартуы мүмкін еді.

Президенттің «Мен ешқайда кетпеймін!» деп қан төгілердей қатаң қимылға қауырт көшкеніне қарағанда Қауіпсіздік кеңесінің кей мүшелерінің айтқаны анау сөздермен аяқталмағанға, «20 000 террористің қаупімен» тоқтамағанға ұқсайды. Президент «Мен ешқайда кетпеймін!» деді. Кете қояйын десе, не болар еді?

Қауіпсіздік кеңесіндегі Қауіпті басшылар келесі күні тұтқындалды. Егер ол тұтқындалмаса, керісінше, тұтқындаса қандай күнге тап болар едік?!

 Жылдам шешім

«Енді қайттік?» Бұл сол сағатта мемлекет басшысының санасына келген жалғыз сұрақ. Жауабы: тез, шұғыл, қатты қыймылдап, мемлекетті сақтап қалу керек. Сөз жоқ, президент оған барды. Айқасқанын аттан жұлып алды. Қазақ Мемлекетін сақтап қалды. Бұл - шындық! Бұл — ең басты жеңіс! Отан аман қалды. Отан мен халық белгісіздіктен, бейберекеттіктен, ішкі соғыс қаупінен, бүліну, бөлшектену қаупінен аман қалды. Оған талас жоқ.

Билікке қарсылық қатты болды ол ақиқат. Сол үшін бодау берілді, қан төгілді. Енді оған әр түрлі деңгейдегі, әр түрлі болжамдағы, әр түрлі бояудағы ақтылы қара сөздер айтылып жатыр. Бірақ анау қиын сағаттардағы Мемлекетке және президенттің өз басына төнген қауіппен салыстырғанда бұның біразы орны толар әңгіме.

Бастапқы сөз Жаңаөзендегі талаптарды қолдау, онан соң қымбатшылыққа, монополияға қарсы тұру еді. Мемлекеттің әр тұсынан қолдаушы жұрт топтасып, бірнеше қалада алаңға шыққан наразылардың жиынтығы 100 мыңға жуықтаған тұста ендігі мақсат билікті аударуға ауысты.

Төңкеріс солай өрбиді. Біраз аймақтардың әкімдігін басып алса ереуілшілердің арасынан көсемдер пайда болады да, жалынды ұрандар шақырып, біріккен баламалы үкімет құрады. Ары қарай белгісіздік — ішкі соғыс деңіз. Бұл деңгейге бармады. Шұғыл қимылдың, қатал шараның нәтижесі оған жібермеді.

«Хан тізесі батқанда,

қақсатқанда қайғы шын,

Біразы ерсе дақпырқа,

көбі еріпті пайда үшін» деп келетін шыншыл ақын Жұмекен Нәжімеденнің «Жаңғырық» поэмасындағы сөздер есіңе түседі. Ары қарай:

«Жел жағымыз жалаңаш,

халық қайда қап-қалың?

Халқым қайда қара орман,

білмеймін кім атқанын» деп келеді?

Балға - күрек көтеріп, барынша қиратып, барымта - сарымтамен айналысқан ағайын «мынау банктер, анау базарлар мен супермаркеттер халықты, мемлекетті тонағандардікі. Бұл бізден тонаған мүлік, бізге тән ақша» деп ұрандап кірісетін көрінеді. Арғы жағы ұрансыз-ақ ұрлыққа өтеді. Олардың ауқымы да үш нөлді санмен шектеле қалмайтын сияқты. Осы жерде қамалғандардың бәрі қаһарман еді деу де қисынсыз ақтау  болады деген сөз.

           Аңдаусыз арандалу

Үкімет жан ұшырған қимылға көшіп, қару қолдана отырып, тыныштықты қатаң шарамен қайтарды. Аңдаусыз ағайынның — қандай қиын шаққа тап келіп тұрғанымызды түсінбеген туыстың от басып, оққа ұшқандары да осы күндері көз алдымызда болды. Тебіні қатты тегеурінді қимылдың трагедиялы тұсы да сол еді.

10 000-ға жуық күдікті қамауға алынып, текпіге түсіп, тергеліп жатқаны айтылады. «Бүлікшілер өртеп, тонап, бүлдіріп, өлтіріп жатқанда қайда қарап тұрдың? Қасында не бітіріп жүрдің, сен бармасаң, адам саны аз болар ма еді, серіктеріміз өлмес пе еді?» дейді ғой полицей. Ол өзіне жөн.

Ұсталған күдіктіні таяқ жеген полицияға тапсырған соң олардың арасынан «өш алатын» пенделер де шығатыны болады. Ойсыздық деп осыны айтады! Мейлі ол жазықты болсын, жазықсыз болсын, көгала қойдай текпіге түсуі, сабалған кісінің әлеуметтік желіде тараған суреті үкімет қимылына сенімсіздік тудырып оны айыптаушылардың аузына сөз салып, көңіл алаңын асқындыра түседі. Ұрлыққа аздап қатысы бардың бәрін жазаласа түмен кісіні түрмеге тоғытасың. Көтерілістен кейінгі қылмыстық кодекске көтерер жүктің салмағы осы жерден көрінеді.

Себебі жеткілікті жаппай наразылық па, әлде, тегеурінді террористік төңкеріс пе

Осы көтеріліс туралы көңіл не дейді.  Жаңаөзен бастап күллі ел қостаған «газ көтерілісі — қаңтар қанды қозғалысы» Қазақ тарихындағы тағы бір дәуір бөлгіш кезең ретінде бағалана ма?

Әлде Алматыны қиратқан апат сипатында үрей таратқан, ішкі соғыс тұтана жаздаған, мемлекетке қауіп төндірген террористік оқиға ретінде  қала ма?

Қамалғандардың құқығын құқық қорғаушылармен және олардың ұйымымен ашық зерттеу басталып жатыр. Өзі де ереуілге қатысқан адвокат Абзал Құспан басқаратын құқық қорғаушы топтың қызметі оң басталып жатқанға ұқсайды. Мемлекеттік қолдаумен жалғаса түссін дейміз.

Былайғы уақыт үшін көтерілістің себебі мен салдарын жоюдың бұл қадамы өте маңызды.

Егер «Жаңа дәуір, жаңа Қазақстан» туралы ойлай бастасақ, онда соған себеп болған мынау шеруге, оған адал қатысқан адамдарға әділ баға берілуі әбден қажет. Қалай дегенде де,

Бұл қозғалыс — Мемлекеттің шын иесі халық екенін, мемлекет ешкімнің жеке меншігі емес екенін танытқан қозғалыс! Оған бейбіт қатысушыларды қатты қысып, жасыту керек емес. Ұлтта осындай мінез болуы қажет! Сонда ғана билік пен халық бір мақсатқа қызмет етеді.

Бұл жолы билік өз қызметінің түп тамырын айқындауға, ұран мен ұрлыққа бейім ескі сүрлеуден бас тартуға беттеді. Шын жағдайға бетпе-бет келіп, оған бейімделуге бекіп жатыр. Ендігі тұста басқаша пікір айтушыларға арандатушы деп қарамай, олардың да ойының озық тұстарына көңіл аударып, уақыттың ауыр салмағын көп болып көтеруге жұртты жұмылдырса екен. Сонда ғана тез, тегеурінді қимылдан туған қайғылы жағдайлар ескіріліп, оның кері әсерлері мен ақпараттық салмағы саябыр тартады. Билікке деген енді басталған сенім нығая түседі.

Көп қазақтың басынан ауыр күндер өтуде. Мұндайда соңғы таңдау Азат Отан және оның бүтіндігі, халықтың болашаққа деген арман мақсаты болмақ. Тек сондай мақсатқа бірігу жанға қуат береді. Отанның бүтіндігі мен бостандығы бәрінен қымбат, бәрінен биік!

  Мынау сол шақта жазған өлеңнің бір үзігі еді

Ер кеудесін бір көтерген Маңғыстау,

Ел кеудесін дүр көтерген Маңғыстау.

Кейін тартты кесір уақыт кек қысқан

Басталғанда Жаңаөзенді алғыстау.

Ашу қысқан Алматының алаңы

арандалып қапияда қан құсты-ау!

 

Қан қыздырған үніменен тәкфрдің.

Қай тұсынан қара ниет ап кірдің?

Күнгейім мен Теріскейім, Шығысым

Таланына тап келгендей қасқырдың

Жүрегіне менің Мемлекетімнің

Қанды қанжар қадалуға шақ тұрдың.

Қарсы алдымда күйіп - жанған, оталған,

Қалың нөпір жолыққанын қопарған.

Қанша сенсе сонша алданған — өкінген,

Қолға түссең орып салған “өш алған”.

Аңғал ана аңырап қалма тағы да

Ашық күнде айырылып ботаңнан.

Қылыш жүзі — қыл үстінде біздің ұлт

Термен бірге қан шығады жотаңнан.

Қарсы келсең қан төгесің Алаңда,

Қалыс қалсаң айырыласың Отаннан!

 

Қалыс қалмай, кім атқарды ер ісін?!

Кім айырды істің оң мен терісін?!

Қылыш жүзі — қыл көпірде Мемлекет,

Қан қасаптан есен сақта Ел ішін?!

Қазақстан,

Бүтіндігің ең қымбат!

Ұлы жеңіс сенің ғана жеңісің!

Қаннан қымбат, жаннан қымбат азаттық,

Күйген жанға, сүйген жанға сені шын!

Өз қолымды өзім кесем қаласаң,

Ақын басым құнсыз кетсін сен үшін.

Қазақстан,

Бар тілегім — бейбіт күн,

Жаңа кезең,

Жаңа мақсұт, келісім!

Жалғыз Отан,

Тұтастығың ең ұлы,

Ең қымбаты сенің ғана жеңісің!

Мемлекет халықтікі. оны ұлттың адал перезенттерінің берекелі тобы басқарсын. біз оларға күш-қуат берейік. қазақ рухы жасымасын!

 

Алмас Ахметбекұлы