Күрең күздің құшағында балқыған табиғаттың тамаша сыйы. Көрген адам көңіл бөлмей кетпес кереметтің нақ өзі. Қараңызшы, табиғат қандай ұқыпты, артық ештеңе жоқ, тек жаратылыстың жаңғырығы ғана естіледі. Алтын топыраққа тамырын жіберіп, бұрала біткен ақ қайыңдар алыстағы бізді де алапат күйге бөледі. Белгілі суретші Қалиолла Ахметжанның қылқаламынан туған көрініс сол бір шуақты шақтың сәлемі іспетті.
Жапондық графиканың техникасын терең меңгерген суреткер шығармашылық ізденіс жолында жаңа бағыт сызды. ХІХ ғасырда Франция елінде қарқынды дамыған «пуантилизм» стилін қазақ бейнелеу өнеріне алып келген шебер табиғаттан шабыт алды. Ол қалың орман ішінен бала күнінде жүрегіне ұя салған армандарын іздеді. Жазық далаға, тау бөктеріне бар махаббатын арнады.
Бақсаңыз, «Қайыңдар биі» картинасында қолданған түстерінің қосындысы бір-бірімен үйлесім тауып, тепе-теңдігін сақтай келе, жарық пен көлеңкенің айырмашылығын оңай шешеді. Композицияның негізгі қозғаушы күші – түс пен форма. Форманы іздестіру нәтижесінде қылқалам иесі өзіне ғана тән кескіндеме техникасын құрастырды.
Жалпы, табиғат көріністері автордың сүйікті мотивтеріне жатады. Оның басты себебі – шығыстық дәстүрлі бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы. Әсіресе, қытай, жапон шеберлерінің пейзаждарына тамсанды. Оның ішінде олардың символикалық мәніне баса назар аударды. Мәселен, қарағай мен қайың – көркемдіктің, беріктіктің және сұңғақтықтың символы болса, тау – әлем символына айналған үлкен философиялық мәнге ие.
Қылқалам шебері әрбір картинасында табиғат құпиясын табуға тырысады. Жақыннан қарасаңыз, бояу структурасын, әр қабаттағы түстердің байланысын көруге болады. Мұнда автордың жеке қолтаңбасы мен өзіндік пікірі бар.