Елдің көкейіндегі ең басты мәселе – кемеңгердің туған жері Сартүбекке, сол маңайдағы Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына апаратын жолдың жоқтығы. Жол жоқ емес, бар-ау, бірақ мұндай жолдың барынан жоғы жақсы. Кеңес уақытында төселген көтерме жолдың бүгінде әбден тозығы жеткен. Әсіресе көктемгі, күзгі лайсаңда қиын. Жолдың бетіне шыққан сары топырақ ми батпақ болып езіліп, доңғалаққа тастай болып жабысады да, бір жерге байлап тастайды. Сондықтан бұл маңайға батқан көлікті кейін шығарып алу қиын.
Бірақ облыс орталығынан тым шалғайда жатқан Ақкөл, Ахмет ауылдарында тұрып жатқан көнбіс жұрт осының бәріне үйренген. Жолға қай кезде жеңіл көлікпен, қай кезде ауыр көлікпен шығу керегін жақсы біледі. Бірақ Ахаңдай алып тұлғаны дүниеге әкелген киелі топыраққа тағзым етіп, дұға бағыштау үшін алыстан ат арылтып аңсай жеткен некен-саяқ жолаушының жол сырын білмей, батпаққа батып қалатын жағдайлары аз емес. Мұны Ахаң ауылының тұрғындары да айтып отыр.
– Біз тұрып жатқан Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 85 үй бар. Кейбір үйде 2-3 отбасы бірігіп отыр. Өйткені бөлініп шығуға үй жетпейді қазір. Ауылда 500-ден астам жан басы бар. Шынтуайтына келсек, бұл жолды аса қажет тұтпас едім. Менің ата-бабам, әкем, бүгінде 76-ға келген өз басым осы жолсыз-ақ өмір сүріп, тіршілік жасап келдік. Бірақ биыл Ахмет атамыздың мерейтойы әлемдік деңгейде ЮНЕСКО көлемінде аталып өтейін деп жатыр. Сондықтан алыс-жақыннан ағылып азаматтар келеді. Тіпті сонау, Түркия, Германия, Франция сияқты өркениеті өркендеген мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз да келіп қалуы мүмкін. Сол азаматтар күліп келіп, күңіреніп кетпесе екен деймін. Елдігімізге сын болмасын, сонау жоғарыдағы басшылардан бастап, бүкіл жұрт болып жабылып, осы азғантай жолды асфальттап тастауға шамамыз жететін шығар. Бірақ биыл не істесек те мұны Ахмет үшін істеп жатырмыз дегеннен аулақ болайықшы. Биыл қандай жұмыс істелсе де, бір із қалса екен деген тілегім бар, – дейді Ахаң ауылында тұратын Әбсадық Жақсымбеков ақсақал.
Сартүбекке барғысы келетін азаматтардың өте көп екенін, бірақ солардың көбі Ахаң ауылына жете алмай қалатынын ақтаңгер ақын Айбек Қалиев те айтқан еді.
– Өзім Арқалықта отырған соң, солардың көбі алдымен маған хабарласады. «Айбек, бізді апарып келесің бе?» дегенде қиналып қалатын жағдайлар болды. Бұл – жол мәселесі. Былтыр наурыз айында астанадан бір топ зиялы қауым келіп, сол кісілерді Сартүбекке апарамын деп, көлігіміз батпаққа батып, жете алмай орта жолдан қайтқан едік. Осы жол дұрысталса, Ахаң туған ауылды мекендеп отырған халыққа да көп пайдасы тиер еді. Сол ауылдың экономикасына да көп әсер етер еді. Сырттан келетін кісілерге де жол ашылып, туризм бағыты жолға қойылар еді. Сартүбекте Ахаңның туған үйі ғана емес, Байтұрсын, Ақтас, Шошақ аталарымыздың зираты тұр. Оны да сол ауылдың тұрғындары қоршап қойды. Сонымен қатар республика көлеміне белгілі тұзды су, жолдың бойындағы Тентексайда жердің астынан шығып жатқан ыстық су бар. Егер биыл осы 107 шақырым көтерме жолдың үстіне асфальт төселсе, қай жағынан алсақ та пайдалы игі іс болар еді. Ахаңның қазаққа жасаған еңбегі, қазаққа жасаған қызметі сол бір 107 шақырым жолдың құнынан да артық қой. Сондықтан осы мәселеге ел болып назар аударсақ, нұр үстіне нұр болар еді, – деді ақын.
Қостанайдан шыққан біз Торғайға дейін ұзақ жүрсек те қинала қоймадық. Бұл екі аралықтағы түзу жол тақтайдай сайрап жатыр. Көлігімізді Торғайға тастап, Шұбалаңнан әрі қарайғы жолдың сырын жақсы білетін Нариман есімді жақсы азаматтың көлігіне мініп, Ахмет ауылына түнделете жеттік.
Ауыл тұрғындарының қай-қайсысы да амандықтан кейін әуелі «Қалай жеттіңдер?» деп сұрайды. Өйткені бұл ауыл ауыл болғалы жол болған емес.
– Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың жүзі болды ғой. Осы отыз жылдың ар жағында қаншама қиямет көріп келеміз. Жаз бен күзде жолдың батпағы езіліп, қыста қарлы бораны жауып тастайды. Айтары жоқ, жол азабын тартудай-ақ тартып келеміз. Басымызға қандай қиыншылық түссе де, Ахмет атамыздың аруағы разы болсын, осы жердегі ата-бабаларымыздың жайлауы иесіз қу тақырға айналмасын деп көшпей отырмыз. Бұл жер Торғайдан – 120, Қостанайдан 700 шақырым қашықта жатыр. Торғайға ат шанамен шығатын кездеріміз болады. Жол жоқ болған соң, ауылдың тұрмыс жағдайы қиын, алып-сатарымыз да, шаруашылығымыз да ілгері баспай тұр. Өзім биыл 55 жасқа келдім. Енді биыл Ахмет атамыздың тойына орай, осы жол жөнделіп, бала-шағамыз, ұрпағымыз игілігін көрсе екен деп тілеп отырмыз. Бірақ биыл Ахмет атамыздың үйінің жанынан жаңа көпір салынды. Сол көпірден бері қарай ауылға дейін 4 шақырым бар. Көктемде осы көпірге жетудің өзі мұңға айналады, – деді ауыл тұрғыны Төлеухан Ахметов.
Ертеңінде түс ауа облыс әкімі Архимед Мұхамбетов келіп, Ахмет ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл әкімі карантин талаптарына сәйкес жиынға қатысатын адамдар саны шектеулі деген соң басқосуға қатыса алмадық. Шаруамызды тындырып, жолға шықтық. Кеше түн қараңғысында байқамаппыз, Ақкөлден аса бергенде көтерме жол шорт үзілді де, дәл алдымыздан аумағы үлкен концерт алаңындай болатын терең шұңқыр шыға келді. Шұңқырды айналып өттік. Шопыр жігіттің айтуынша, күре жолдың дәл ортасында пайда болған бұл шұңқыр көктемде қызыл су толып кәдімгідей көлге айналады екен.
Әупірімдеп отырып Торғайға жетіп, аудан әкімі Шота Оспановқа кірдік. Аудан басшысының айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын лайықты өткізу туралы әуелде бекітілген жұмыс жоспары бар. Соның өзінде қазір аудан тұрғындарының айтқан ұсыныстары ескеріліп, бұл жоспар өзгертіліп, толықтырылып жатыр екен. Соның ішінде Ахмет ауылына жол салу мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.
– Бұған дейін биыл Ахмет Байтұрсынов ауылына 11,4 шақырым жол салынады деп жоспарланған. Кеше облыс басшысы өткізген жиында осыған қоса жолды тағы 30 шақырымға созу мәселесі қаралды. Соған қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни біріншіден, техникалық құжат дайындап, жеделдетіп соған мердігер анықтауымыз керек. Бірақ мынаны ескеру керек, биыл Ахмет ауылына дейінгі 107 шақырымды толық асфальттауға мүмкіндік болмайды. Тағы қайталап айтайын, қазір 11,4 шақырымға нақты қаражат бөлінді, оған қоса 30 шақырымның техникалық құжатын жасаймыз. Оның 21 шақырымына жететін қаржы облыстық бюджеттен бөлінеді, – деді Ш.Оспанов.
Аудан әкімінің айтуына қарағанда, алдағы уақытта облыс басшылары орталықтағы тиісті мекемелерге Ахмет ауылына жеделдетіп жол салудың маңызды екенін түсіндіріп, ұсыныс айтады. Егер қаржы бөлініп жатса, жол құрылысы әрі қарай жалғасып, көп ұзамай, әрі кетсе, 2023-2024 жылға дейін аяқталады. Шұбалаңнан Ахмет ауылына дейінгі 107 шақырымға жол салу үшін жергілікті жер жағдайын қоса есептегенде шамамен 7-8 млрд теңге керек. Әрине, осыншама қомақты қаржыны табан астында таба қою бір облыстың қолынан келмейді. Алайда аудан әкімінің айтуына қарағанда, алдағы уақытта облыс басшылары орталықтағы тиісті мекемелерге Ахмет ауылына жеделдетіп жол салудың маңызды екенін түсіндіріп, ұсыныс айтады. Егер қаржы бөлініп жатса, жол құрылысы әрі қарай жалғасып, көп ұзамай, әрі кетсе 2023-2024 жылға дейін аяқталады.
«Жұрт керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз»... Мұны да Ахаң айтып кеткен. Осы көп пен аз жұмыла кіріссе, бітпейтін іс болмайды. Сондықтан, қалай болғанда да, қазір жол кешікпей жөнделуі керек. Өйткені бұл – қиыр шетте жатқан Сартүбектегі екі ауылға ғана емес, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлына борыштар екенін жете түйсінген есті қазақтың бәріне қызмет ететін керек жол.
Қостанай облысы