21 Наурыз, 2014

«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге – Кенен, Су жорға Үмбетәлі қара дөнен»

1147 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Scan1-1Үмбетәлі ақынды он үш жасымда тұңғыш рет Үлкенсазда өткен ақындар айтысында көрдім. Жүк машинаның қорабын ашып тастап, үстіне кілем төсеп, сонда Жамбыл ауданының ақындарын отырғызып, айтыс өткізді. Қақпатастың астында жайлауда отырған қойшы әкем мені әрең жіберді. Шешем ертоқымға жаңа аткөрпе салып, үстіме бар жаңасын кигізіп, қуана-қуана шығарып салды. Ол кезде машина қат, елдің бәрі атпен келген. Көліктерін бір-бірінің құйысқанына байлап, қаңтарып қойған жұрт автодүкен аралап жүр. Бірлі-жарым өгіз, тана мінгендер де бар. Бала көңіл алып ұшып айтысқа ынтықпын, ақын­­­дарды көргім келеді. Өлең шығарғандар – аспан­дағы періштедей, үлкен-үлке-е-ен ғұлама сын­ды деп ойлаймын. Шынында да таңдайына өлең-жыр­ды, маңдайына ақындықты бір Алла ғана береді-ау. – Бүгінгі айтысты – Қазақстанның халық ақыны, Жазушылар одағының мүшесі, Жамбылдың сүйікті шәкірті Үмбетәлі Кәрібаев ашады, – дегенде бүкіл ел дүркіреп қол шапалақтады. Қақ төрде отырған еңкіш тартқан тарамыстай арық қария орнынан серпіле түре­­­­геліп, берірек келіп, малдасын құрып отырып, қо­­лын­дағы кішкене ғана қара домбырасын безілдете жөнелді. Кенет домбыра тартысын тоқтата қойып, оң қолын жоғары көтере: – А-а-ау, жамағат!- деп айқай салды. Дауысы сәл қарлығыңқы шықты. – Ау, асқар белім – жамағат! Ел-жұртым тұр қаумалап. Жырдан нөсер төгейін Жәкеңнен қалған аманат. Тәтемнен сарқыт аманат. Келтірмейін оған жаманат. Ақындар келді алқалап Домбырасын арқалап, Күнде мұндай болмас-ау Қошемет пен салтанат! Төгіліп бір кетті дерсің, өзі бір орында отыра алмайды, ары-бері теңселіп, ойнап, даусы мың түрлене ашылып, жайлау төрін кернеп кетті. Кішкентай ғана қара шанақ домбыра да байыз таппай бірде ақынның оң жағы, бірде сол жағы, бірде төбесіне шығып, қырғыз қағысқа ұқсап, бебеу қағады. Думанда домбыраны қолға алайын, Тез ойлап, ой өрісін толғанайын. Кірбеңдеп, кібіртіктеп отырмастан, Несіне, сөйлей бермей, қорғанайын. Айтысты отырам ба бастай бермей, Көсілтіп көмекейден тастай бермей. Барында оралымның оралтайын, Өлеңді нөсерлете соққан желдей. Бірдей ме бүгінгі мен ертеңгі өмір, Гүлденді байтақ дала өлкелі өңір. Емес қой білген жанға өлең қиын, Денсаулық, шаттықпенен тұрса көңіл. Үмбетәлі ақын ағылды-ау бір, төгілді-ау бір. Мен бәрін ұғып алсам, көріп алсам деп ентелей түсемін, ынтыға түсемін. Ақын жасарып кеткендей, бағанағы бүкшиген жан емес, жарқыраған сұңқар жігіттей сексен ширатылған, тоқсан тарқатылған жырын төкті-ау бір. Шырқалған жырды нөпір жұрт қыбыр етпей тыңдады, тіпті тебісіп, шұрқырай кісінесіп жатқан аттар да тыпыр етпей қалғандай ма қалай? Scan1 Үмбетәліден кейін сахнаға шыққан өнер сайысында ел аузында аңыздай болып кеткен жағдай Надежда Лушникова мен Жәнібек Кәрбозинның әдемі жарасқан әзілдері болды. Оны ел жаттап, ауыз­дан-ауызға тарап, жұрт көпке дейін айтып жүрді. Айтыс өтіп жатқан шақта кенет қырғыз жақ­тағы тау басынан тоқымдай қара бұлт лезде көте­ріліп, әне-міне дегенше үстімізге төніп келіп, қара нөсер төкті де кетті. Өнер сайысы тоқтап, ат ба­уырына, машина астына тығыла үрпиіскен жұрт не істерін білмей қатты састы. Әне-міне деген­ше дүркіреп, сарқыраған нөсер өте шықты да, кем­пірқосақ ойнап, күн шайдай ашылып жүре берді. Айтыс қайта басталды. Соңын халық ақыны Есдәулет Қандеков қорытындылады. Айтыста маған ерекше тағы бір әсер еткені – Баймұқа Нұрсұлтанов дегеннің ақпа ақындық таланты еді. Кейін ол айтысты қойып кетіпті. Үйге келіп көрген-білгенімді майын тамызып, жыр ғып айтып бергенімде әкем: – Ол Үмбетәлі ақын сенің жақын атаң болады. Бәріміз әйтектен тараймыз, – дегені есімде. * * * Аудандық газетте істеп жүргенімде редактор Әбілғазы Тоғызбаев деген ағамыз бірде: – Сен Киров совхозына барып, жүгерішілер звеносының сүрлем салу жөніндегі ісі жайлы репортаж жазып қайт, – деп тапсырма берді. Сарша тамыз, көбелек қанаты күйген ыстық күннің бірі еді. Звено жетекшісі жайлы деректерді жазып алған соң Киров ауылыңдағы суырып салма, жез таңдай ақын, арғы-бергіні көп білетін шежіреші көкірегі даңғыл жан Әсімхан Қосбасаров ағаға бардым. Ол кісі есік алдындағы көлеңкеде шай ішіп отыр екен. Қонақжайлықпен қабылдап, арғы-бергіні, ата тегімді сұрады. Бір мезетте басын қалт көтеріп: – Онда сен екеуіміз Үмбетәлінің үйіне барып, қара шаңырағына құран оқытып қайтайық. Ой, Үмбекең – түпсіз мұхит қой. Жамбыл атамнан кейінгі ірі ақын сол кісі. Мен Үмбетәліге шәкірт болғанымды мақтан етемін. Жүр қане, – деді. Екеуміз ауыл ортасындағы ақын үйіне келдік. Кемпірі есік алдына су сеуіп, сыпырып жүр екен. Маған көзін көлегейлеп қарап, танымаған түр көрсетті. – Бұл бала аудандық газеттің корреспонденті. Үмбекеңнің жақыны, – деді жолбасшым. Кемпір үшеу­­міз дастарқан басына отырдық. Әсекең құран оқыды. – Үмбекең ата-бабасының туып-өскен жері – Майбұлақ, жайлауы – Кішісаз. Ойхой, өлеңмен қара сөзді теріс ағызатын, айтқан сайын періленіп, іріленетін буырқанған дария тасқын жырды таңнан-таңға айтатын мұндай сұрапыл ақынды көргем доқ. Сүйінбайдың, Жамбылдың, арғы-бергі өткен ақындардың айтыстары мен жырларын жатқа соғатын, – деді құраннан кейін Әсімхан аға құшырлана сөйлеп. – Иә, ол кісі арабша, латынша жақсы хат танитын. Көптеген жазғандарын Ғылым академиясына өткізіп жүретін. Нысанбек Төреқұлов, Сағынғали Сейітов, Рахманқұл Бердібаев және басқа да ақын, ғалымдар талай келіп, қона жатып жазып алып жүрді. Ал Қалижан Бекхожин деген кісі арнайы тапсырмамен келіп, біздің үйде екі ай жатып, Үмбекеңнің барлық білетін жырларын жазып алып кетіп, тапсырдым деген еді, – деп ақын кемпірі де біраз жәйтті есіне алды. – Соғыс кезінде Жамбыл атам да осы үйге келіп, қонып кетті емес пе! Сәбит Мұқанов бала-шағасымен жиі қонақ болып тұрмады ма?! – деп Әсімхан төрде ілулі тұрған Үмбетәлінің домбырасын барып алып, тыңқылдатып тарта бастады. – Жарықтық Үмбекеңнің осы қалақтай қара домбырасын безеп, тартқанда мына шанақтан шыққан үні алты қырдың астынан естілетін. Қайран Үмбекең!.. Жырдың қара дауылы еді ғой, өлең-жырын төккенде бір орында отыра алмай екі иығы бұлтылдап, есіктен төрге, төрден есікке малдасын құрған күйі жорғалап ап жө­­нелетін. Мына Мәрия жеңешем екеуі жиында айты­сып қалып, жеңсең алып кетесің деген ғой өлеңмен. Асыл сөздің қырғиы ғой Үмбекең, мына жеңешемді тас-тал­қан айтыста жеңіп, ауылға алып келмеді ме? Бұл со­ғыстың алдында, ұмытпасам 1939 жылы. Мәрия жеңе­шем – қырғыздың үлбіреген үкідей оқыған қызы, Мәс­кеуде болған, шашы қандай, екі бұрымы тобы­ғына сүзі­ліп түседі. Үмбекеңнің қас-қабағына қарап, құла­шын кеңге жаюына осы жеңешемнің көп-көп көмегі тиді. – О, несі-ай! Ақын – Алланың сүйген ардақты жаратылысы. Ағаларың маған бұйырып тұр екен де. Жандосов Оразбен бірге ұсталып, 37-ші жылы екі ай түрмеде қамалып шыққан соң, домбырасын ұстамай, өлең айтуды біржола қойып кете жаздады ғой. Жеке үйде отырып ап, есіктің күршегін іліп, зарланып, терлеп-тершіп өлеңдерді соғатын-ай!.. Енді Мұхитым аман болсын!– дегенде кемпірдің көзіне шық үйірілді, даусы бұзылып барып қалды. Әсімхан ақынның айтқанындай кезіндегі толықсып туған толған айдай жарқырап, қара шашы тірсегіне оратылған сұлу періште – Үмбетәлі атамның жары – міне, бүкшиген бір уыс кемпір орамалының шетімен көзін сүрткіштей береді. Кетерімде ақын кемпірі маған екі құрт берді. Оны қанша қатты болса да қажап, тістелеп өзім жеп та­уыстым. * * * Сол жылы қыс ерте түсіп қалды. 7 қараша мейрамынан кейін шүмектеп жауған жауын екінші күнге қырбақ қарға айналды. Қар түсісімен зәрлі суық буып, алқам-салқам жұртты қуырып, есін алды. Бүрсеңдеп, балон плащым денемді қарып, жаздық туфлиімнің табанынан суық өтіп жұмысқа келсем, есік алдында тұрған молоковоздың шофері: – Нағашыбек деген сенбісің? – деп менің түр-по­­­­шы­мыма жақтырмай, қарап тұрды да: – Саған Үмбе­кең­нің кемпірі срочно келсін деп жатыр, – деді. – Ұқтың ба? – Иә, иә.... – Кемпір ауырып қапты. Давай бар. ...Үмбетәлі ақынның ауласының қары күрелмепті, із түспеген күйі әппақ болып, жарқырап жатыр. Бір жаманаттың барын біліп, жаным түршікті. Есікті ашып, үйге кірсем, өлімсіреп жанған пеш алдында бүкшиген кемпір күрк-күрк жөтеліп отыр. – Әй, балам, келдің бе? Келеріңді білгем, – деп қолымнан сүйді. Қарт кісі демігіп, көзіне жас алды. – Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, бір күн ауру, бір күн сау. Үмбетәлінің жазған-сызғандары мына сандықтың түбінде жатушы еді. Мен олай-бұлай көз жұмып кетсем босқа рәсуа болар. Көзің ашық баласың ғой, осыны саған аманымда тапсырайын деп отырмын, уһ! – деп орнынан әрең тұрып, түпкі бөлмедегі сандыққа қарай жүрді. Көне сандық – маған ертегілердегі ішінде қазына інжу-маржан толы қойма секілді көрініп кетті. Кемпір шашының ұшына өріліп, жіпке байланған кілтпен сандықтың құлпын ашты. Ішінен ақ жаймаға оралған буданы алып, орауын жазды. – Осылар, қарағым. Кемпір жылады. Менің де көзімнен жас төгілді. – Саған аманат, қарағым!.. – деді. Содан көп кешікпей кейуана қайтыс болды. Әруағыңнан айналайын Үмбетәлі ата мұрасын құшақтап, сіріңке қорап автобуспен Ұзынағашқа қайтқаным есімде. Аудандық газет редакциясында жұмыс істеп отырғанмын. – Нағашыбек деген қайсысың? – деген дауыстан селк ете қалдым. Қарсы алдымда мүсінін қоладан соққандай әдемі келген ер ағасы тұр. – Мен, – дедім. – Жақсы. Қане, танысайық. Үмбетәлі Кәрібаев атаңның күйеу баласы Сейілбай Мұсабеков деген жездеңмін. КазПИ-де деканмын. Ақын бабаң туралы еңбектенуіміз керек, бауырым. Осылай деген ол кісі сол күні мені қолды-аяққа тұрғызбады. Ұзынағаштан Алматыдағы Горький паркінің жанындағы үйіне әкеліп, Дәмегүл әпкеммен таныстырды. Өзінің жеке кабинетін маған босатып берді. Өздері таңның атысы, күннің батысы жұмысқа кетеді. Тоңазытқышы сықасқан неше түрлі тамаққа толы, диванға жатып мызғып аламын да, үстелге отырамын. Сейілбай аға жинаған, өзімдегі бар дүниені қарап, реттеп тастауға бір апта кетті. – Енді сені архивке кіргіземін, – деп ол кісі Ғылым академиясына ертіп әкелді. Сол жерде Үмбетәлі жайлы бар папкіні ақтарып, төрт-бес күн отырдым. Жездем пысық, менің дайындаған өлеңдерімді тез арада машинкаға бастырып әкеледі. Арабша, латынша жазылғаны болса аудартады. Не керек, жиырма күннің ішінде кітап дайын болды. Оған алғысөзді жазуға ғалым Серік Қирабаев келісім берді. Ол кезде кітап шығару машақат, қиын. Сейілбай ағамыздың іскерлігі, беделі арқасында бұл жинақ 1982 жылы «Жазушы» баспасынан «Ардақты елім» деген атпен жарыққа шықты. Музейге алғаш басшы болып бекітілген Надежда Лушникованың да көптеген игілікті істерін атап айтуымыз керек. Музейдің ішін Үкімет дайындап бергенімен, даласы бос алаңқай еді. Осы төңіректі жайқалтып неше түрлі гүл, түрлі әсем ағаштар, бақтар өсірткен, мәпелеп күтіп-ұстаған осы Надежда ақын. Ақын туған, бүкіл ғұмырын өткізіп, тамаша жырларын берген елді мекен Киров ауылы еді. 1999 жылы қыркүйекте оған Үмбетәлі есімі берілді. Осы жердегі орта мектеп те Үмбетәлі есімімен аталады. *** Енді Үмбетәлі ғұмырына саяхат жасап көрейік. Ол кісі 1889 жылы ел жайлауға көшіп жатқан шақта дүниеге келіпті. Сегіз баланың ішінде мұқтаждық зарын көп көріп өскен Үмбетәлі ерте есейеді. Табанына шөңге кіріп, маңдайы күнге қақталып, қаршадайынан жалшылықта болып, қозы бағып, жылқы күзеткен. Әкесі Кәрібай момын ғана шаруа адамы екен де, шешесі Бөпежан той-томалақта өлең құрастырып жіберетін әнші келіншек атаныпты. Үмбетәлі 12 жасында ауыл молдасынан қара біліп, хат танитын халге жетеді. Өзі қолдан домбыра жасап, той-думанда ақынмын деп суырылып өлең айта бастайды. Әкесі бұған қатты намыстанып, қарсылық білдіріп, алғашқы жасаған домбырасын екі бүктеп, шарт сындырып, отқа жағып жібереді. Қайсар, кеудесін өнерге деген өктем құлшыныс буған жеткіншек қайта домбыра жасайды. Ауылдың той-томалағы онсыз өтпейді, жиын-сауықтың гүлі болады. Атағы кеңге таралып, Үмбет ақын атанады, жанына қыз-бозбала жиылып, сауық құрып, нөкер ертіп Жетісу өлкесін аралайды. Оны Үлкенсаз, Ботасаз, Үшқоңыр, Майтөбе, Суықтөбе, Қордайдағы бүкіл ел-жұрт кезек-кезек той, асқа шақырып айтысқа түсіреді. Үмбетәлі 1913 жылы Романовтар тұқымының таққа отырғанына 300 жыл болған оқиғаға қатысты Вер­­­­­ныйда өткен көрмеге – «өстепкеге» катысады. Мұндағы оқиға тура­лы, Жам­былдың қайсарлығы үшін патша әкімде­рі­нің түрмеге жапқаны жөнінде «Өз өмірімнен» атты толғауында кеңінен айтады. 1914 жылдың сарша тамызында ақын көрші кырғыз елін аралауға шығады. Май­дантал, Қуақы асуларынан асып, Қошқарға дейін бара­ды. Өзінің өнерімен көзге түскен өнерпаз қазақ жігітін қырғыз халқы қатты қадірлеп бірінен соң бірі шақы­рып төрт ай бойы жібермей жырын тыңдайды, айтыс­қа түсіреді. Осыдан кейін ақын Қарқара, Текес, Шу, Мер­кі, Нарынқол, Асы сияқты алыс жерлерге де ат ізін салып, өлең-жырымен тыңдаушысының мейірін қан­ды­рады, талай-талай ақын-жыршы, күйшілермен дидарласады. 1916 жылы ол «Халықтың ыза-ашуы» деген өлең шығарады. Сөйтіп, патшаның қазақтан солдат алу жөніндегі жарлығын қатты сынайды, ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылармен бірге болады. Жетісу өңіріндегі аса үлкен көтерілісті басқарушы Бекболат Әшекеұлын жақсы таниды, соның сарбазы, жыршысы болады. Кеңес өкіметі орнаған соң жаңа ұйысқан артельге кіріп, замандастарының өмірін шаттана мадақтады. 1936, 1951, 1962 жылдары өлеңдері жеке жинақ болып басылып шықты. Сондай-ақ, «Халық ақындары» (1953), «Ақындар жыры» (1963), «Пернедегі термелер» (1965) сияқты кітаптарда өлеңдері берілген. Ақын 1969 жылы 29 қарашада өзінің туып-өскен жері – Ұзынағаш іргесіндегі Киров ауылында қайтыс болды. Үмбетәлі Жамбылды 12 жасында көреді де ақындығына қатты тәнті болады. 18 жасында Майтөбеге ұлы жырауды әдейі іздеп барып тұрып: Жасыңнан ақын Жамбыл атанғаның, Атақты Сүйінбайдан бата алғаның. Шәкірті Сүйінбайдың болғаннан соң, Үйіңде тыныш қана жата алмадың. Әдейі ат арылтып інің жетті! Қолыңды жай, келеді бата алмағым, – дегенде: – Қара тілге ұста екенсің, қарағым, – деп Жәкең топ адамның көзінше қолын жайып, ақ батасын берген екен. Өнерге осылай жолдама алған, тұсауын кескен Үмбетәліге Жәкең көп көмек көрсетіп, өмірінің соңына дейін ұстаздық еткен. Бірде алқалы жиынға келіп, бар ақынды жеңіп отырған Үмбетәліні Жамбыл айтысқа шақырады. – Сіз менің бата алған ұстазымсыз. Мен өзіңізбен ешқашан айтыспаймын, – деп бас жүлдені өз қолымен Жәкеңе апарып тапсырыпты. Үмбетәлі Жәкеңнің ең сүйікті шәкірті, әрі ізбасары. Мәскеуден орден алып қайтқанда: Ассалаумағалейкум! Ардақты Жамбыл шалымыз. Шәкіртің келді алдыңа Сәлемін қабыл алыңыз, – деп шырқаған Үмбекең жыр алыбының өмірінің ең соңғы сәтіне дейін жанында бірге болған жан. Жырауды жерлерде Мұхтар, Сәбит және басқалар: «Жәкең ақынның пірі еді, құдірет еді. Жыршылардың ішінде дүлдүлі еді. Енді кім оны жоқтап айтады? Жоқтайтын адамның жыры да Жәкең атына лайық, соған барабар болсын», – дегенде Үмбетәлі орнынан қарғып тұрып, бейіттің басында ертеден түске дейін зарланып жырымен жоқтап, бүкіл елді егілдіріп, көздерінен мөлтілдеген жас төгілдіріп, ұлы ақынға бағыштап, жоқтау қош-қош айтқан екен. * * * Санкт-Петербургтан арнайы келген зерттеуші этнограф С.Е.Дмитриев 1912 жылы былай деп жазыпты: «Пішпек уезінде өткізілген Шәбден Жантаевтың асына 40 мың кісі шақырылып, 2000 ақ үй тігілді. Асқа небір талантты ақындар келді. Олардың ішінде атақтылары Жамбыл, Қалмырза, Тоқтағұл, Өмірзақ, Кенжеқара еді. Әттең олардың сондағы айтқандары еш жерде жазылып алынбады. Таңның атысы, күннің батысына дейін тасқындай сапырып, дамылсыз жырлаған ақын-жыршылардың табиғатына, болмысына қайран каласыз». (Известия Императорского русского географического общества том ХІ. 1912 г.) Осы ұлы дүрмекке Жамбылдың жанына еріп Үмбетәлі де барады. Негізінде Кенен мен Үмбетәлінің нағыз ақын болып қалыптасуы осы жиыннан басталған. 1925 жылы Ташкент каласында, Қазақстан мемлекет баспасының күншығыс бөлімшесі араб әрпімен тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан «Терме» деген жинақ бастырып шығарады. Онда қазақтың ауыз әдебиетін жинауда көп еңбек сіңірген талантты қалам қайраткерлерінің бірі Шамғали Сарыбаевтың «Халық әдебиеті, оны жинау жолдары» деген көлемді мақаласы жарияланған. Осы еңбекте мынандай қызықты дерек бар: 1922 жылы 9 маусымда Жетісудағы жаңадан құрылған уездік кедей-батырақтар тобының ұйымдастыруымен Алматыдан 60 шақырым қашықтықтағы Ұзынағаш деген жерде көрнекті ақындар айтысы өткізілген. Оған Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі сияқты сол кездің өзінде аты ерте мәлім болған атақты ақындар қатысқан. Шамғали Сарыбаев былай деп жазады: «Кәрібайұлы Үмбетәлі – туған жылы жылан, ескіше оқыған, дауысы орта, тұратын жері Ұзын Қарғалы болысы 1-ауыл. Жатқа білетін өлеңдері: Карл Маркстің өмірі жөніндегі дастан, Қызыр деген жетім бала туралы, қаршыға мен кекіліктің достығы, тазының түлкіні қуғаны, Мұхаммед Қанапия жөнінде, қанағатсыздық және өзінің кедейлік өмірі жайында айтқаны». *** Үмбетәлі өлеңдері сан қырлы. Ол – лирик, философ, сатирик. Ақынның мол мұрасы жөнінде жеке-жеке, нақты мысалдармен кеңейтіп әңгімелеу алдағы күннің еншісі. Мәселен «Беташар» деген өлеңін алып қарайықшы. Осы бір ғана шығармада бүкіл ауылдастарының айнымас портреттері, мінез-құлықтары, іс-әрекеттері қалай ғажайып берілген десеңізші?! Үмбетәлі – ірі айтыс ақыны. Ол өзі тұстас сөз шеберлерінің бәрімен: Кенен, Саяділ, Қалқа, Есдәулет, Қайып, Өмірзақ, Бармақ, Өтеп, Әбдіғали, Жартыбай, Арғынбай сияқты ақындармен айтысқа түскен. Әсіресе, оның Нұриламен айтысы қазақ айтыстарының ішіндегі асқар шыңдарының бірі. Ақынның қырғыз арасындағы өнер сайысы, ауызекі шешендік сөздері, әзілі өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді. Үмбетәлі Кәрібаевтың өлең-жырлары Қытай елінде көп жарияланған. 1916 жылғы үркіншілікте өрдегі албандар Қытайға ауа көшкенде Ораз Жандосов қасына Үмбетәлі ақынды ертіп алып, арғы беттегі қазақтарды атақонысына қайта алып келуге үгіттеп, елге қайтуына көмектескен. *** «Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге – Кенен, су жорға Үмбетәлі қара дөнен», – деп Ілияс Жансүгіров баға берген жыр тұлпары Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына биыл 125 жыл толады. Туған ел-жұрты абыр-сабыр, осы үлкен мерейтойға жан-жақты дайындық жасауда. Ақын мұрасын зерттеу, екшелеу, бүгінгі күн тұрғысынан зерделеу – уақыт талабы. Асқар таулар алыстан айбынданып көрінеді. Үмбетәлі атамның жырларын қайта бір сүзіп оқығанымда ғажап теңеу, небір ой маржандарына кенелдім, ғаламат әсерге бөлендім. Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі сынды біртуар ақындар елінде туғаныма, сол аталарым ғажайып-жырларын шығарған өлкеде өмір сүріп, солар басқан топырақты басып жүргеніме мың да бір тәубе етемін! Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы. АЛМАТЫ.