Спорт • 07 Ақпан, 2022

Ақ Олимпиаданың алауы жағылды

370 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төрткүл дүние жанкүйерлері тағатсыздана күткен XXIV Қысқы Олимпия ойындарының ашылу рәсімі жұма күні Қытайдың бас шаһары – Бейжіңдегі ұлттық ста­дионда өтті. Халық арасында «Құстың ұясы» деген атауға ие болған зәулім спорт кешенінде ұйымдастырылған салтанатты шараға көптеген елдің басшыларымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Ашылу салтанатында мемлекеттік туымызды Тұмар ханша бейнесіндегі конькиші қыз Екатерина Айдова мен қазақ батырының кейпіндегі шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев ұстап
шықты. 

Ақ Олимпиаданың алауы жағылды

Сенбіде спорттың алты түрінен бәсекелер өтіп, алғашқы жүлделер жиынтығы сарапқа салынды. Атап айтсақ, шаңғышылардың әйелдер арасындағы скиатлонында Тереза Йохаугқа тең келер ешкім табылмады. Бір ғажабы, 33 жастағы Норвегияның мақтанышы сонау 2010 жылы Ванкуверде алауы тұтан­ған Олимпия ойындарында ал­тыннан алқа таққан еді. 2014 жылы Сочиде ол күміс пен қола­ны қанағат тұтты. 2018 жылы Пхенч­ханда Терезаның жолы болмады. Міне, енді араға 12 жыл салып, же­ңіс тұғырының ең биік сатысы­на қайта көтерілді. Бұл жолы Йо­хаугта өзінің бас­ты қарсыласы ре­сей­лік Наталья Непряевадан 30,2 секунд озды. Қола медаль аустрия­лық Тереза Штадлоберге бұйырды. Қа­зақ­стан­дықтар арасында ең үздік нәти­же Ксения Шалыгина мен Анге­лина Шурыгаға тиесілі. Олар 48 және 49-орындарды қанағат тұтты.

Норвегияның қоржынына екін­ші алтынды биатлоншылар салды. Аралас эстафетада Марте Ульсбю-Ройселанн, Тириль Экхофф, Тар­ьей Бо және Йохан­нес Бо сынды та­лай дүбірлі дода­ларда ысылған дүлдүлдерге сенім артқан команда Аспанасты елінде алдына жан сал­мады. Франция мен Ресей құра­малары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

Конькиші қыздар 3 000 метрлік қашықтықта сайысқа түсті. Бұл бәсекеде біздің Надеж­­да Морозова 3:59,647 секунд­тық көр­сеткішпен 21 жыл бойы мұрты бұзылмай тұр­ған Қазақ­стан рекордын жаңартты. Бұрын­ғы рекорд әйгілі Людмила Прока­шеваға тиесілі еді. Бірақ соның өзі үздіктер қатарына қо­сы­лу үшін жет­кіліксіз болды. Моро­зова небәрі 13-орынға тұрақ­тады. Ал бас жүлдені Пхенчхан Олим­пиа­дасының қола жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы, нидерландиялық Ирен Схаутен олжалады. Италиялық Франческа Лоллобриджида кү­міс алса, кана­далық Изабель Вай­де­манн қола медальды мойнына ілді.

National Speed Skating Oval кешенінде өткен бәсекелер жа­йында әңгімелегенде мына бір жайт­қа назар аудармауға болмас. Жоғ­а­рыда аталған қашықтықта әйгі­лі неміс конькишісі Клаудия Пех­штайн да өнер көрсетті. 22 ақ­панда ол мерейлі 50 жасқа тол­ғалы отыр. Бұл жолы жалынды жас­тар ардагерге шаң қаптырып кет­ті. Қытайда туып-өскен қазақ қы­зы Ақнар Ардақтың дәл сол Пехш­тайнмен бірге бірін­ші жұпта жүгі­ріп, одан озып кеткенін айта кет­сек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Десек те, Клаудияның есімі Қыс­қы Олим­пия ойындарына қатысқан ең қарт спортшы ретінде тарихта қалды. Бірақ Германия өкілі­нің өткенге еш өкпесі жоқ деп ой­лаймыз. Өйткені спорттың бұл түрінде Пехштайнның ба­ғын­­­дырмаған белесі жоқ. Ақ Олим­­пиадаға сегіз мәрте қатыс­қан ол 5 алтын, 1 күміс және 2 қола ме­дальды олжалады. Әлем чемпионатында 11 рет (1 ал­тын, 8 күміс, 2 қола) жеңіс тұ­ғы­рына көтерілді. Жекелеген қа­шықтықтар бойынша өткен дүниежүзілік додада 30 рет (5 алтын, 13 күміс, 12 қола) олжа салды. Міне, осы деректердің өзі-ақ неміс халқының бағына ту­ған Клаудия Пехштайнның қан­дай ғаламат спортшы болғанын ай­қындап тұрғаны анық.

Шорт-тректен Қазақстан құ­ра­масы аралас эстафеталық сайысты алтыншы орынмен қоры­тындылады. Біздің команда сапында Яна Хан, Ольга Тихо­нова, Денис Никиша және Абзал Әжі­­ғалиев өнер көрсетті. Бірақ фи­­налда канадалықтар жарыс­тан шет­те­тілгендіктен жерлес­теріміз бесінші орынға көте­рілді. Бұл бәсекеде Қытай спорт­шыларының бағы жанды. Осы орайда төрешілердің оларға бүй­регі бұрғанын да айта кетуге тиіспіз. Негізі жартылай финалда жарыс қожайындарына төртінші орында қалып қойған еді. Алайда «ережені бұзды» деген желеу­мен қазылар АҚШ пен Ресей шорт-трекшілерін жарыс жолынан шеттетіп, қытайлықтарды финалға жетектеп шығарды. Бірақ бәрібір Аспанасты елінің өкілдері мықтылығын мойындамасқа лаж жоқ. Ақтық сында айшықты өнер көрсеткен Қытайдың шорт-трекшілері бас жүлдені олжалады. Екінші орынды Италия иеленсе, Мажарстан үшінші сатыға табан тіреді.

Шаңғымен трамплиннен се­кіруден әйелдердің сайысы сен­сациялық нәтижемен аяқталды. Бірқатар атақты спортшыларға сан соқтырған Урса Богатай Бейжің көгінде Словенияның әнұранын шырқатса, оның командалық әріптесі Ника Крижнар қолаға қол созды. Ал осы жарыстың бас­ты фавориттерінің бірі – Олим­пиаданың күміс жүлдегері, әлем­нің төрт дүркін чемпионы Ката­рина Альтхаус екінші орында қа­лып қойды.

Фристайл-могулдан өткен жарыста да есімі көпшілікке бей­мәлім 21 жастағы Швецияның өкілі Вальтер Валльберг топ жар­ды. Одан кейінгі орындарды Пхенчхан олимпиадасының жеңім­пазы, кана­далық Микаэль Кингсбери мен жапониялық Икума Хиросима ен­шіледі. Елі­міздің ең үздік фристайлшысы Дмитрий Рейхерд сегізінші орынды қанағат тұтты.

Олимпия ойындарының ал­­ғашқы жүлделері сарапқа салын­ған сенбі күні бес елдің өрендеріне бас жүлде бұйырды. Көш басында – Норвегия. Скандинавия түбегінен келген сайыпқырандар екі алтынды иеленді. Словения бір алтын мен бір қоланы қоржынға салды. Қытай, Нидерланд және Швецияның да әнұраны бір-бір реттен шырқалды. Ал Ресей спортшылары бір күміс пен бір қолаға қол жеткізді.

ат