Аймақтар • 07 Ақпан, 2022

Былтыр «Жастар практикасы» бағдарламасымен 1283 шымкенттік жұмысқа орналасты

4373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғарғы оқу орнын жаңа аяқтаған түлектер үшін жұмыс тауып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін бағдарламаның бірі - жастар практикасы. Былтыр Шымкентте 2500-нан астам жас аталған бағдарламаға қатысып, нәтижесінде 1283-і қаладағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындарда тұрақты жұмысқа орналасқан, деп жазады Egemen.kz.

Былтыр «Жастар практикасы» бағдарламасымен 1283 шымкенттік жұмысқа орналасты

Бағдарлама бойынша тұрақты жұмысқа орналасқандардың бірі - Тағаева Назерке Нұрланқызы. Ол 2019 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ –да «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. Оқу бітірген соң, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, өз мамандығы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне 6 ай мерзімі бойынша жастар тәжірибесіне жолданды. Өзін білімді жас маман ретінде көрсетіп, кейіннен департамент тарапынан ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментіне тұрақты жұмысқа орналасты.

«Қазір мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін сезініп, расында да жастарға уақытша жұмыстан тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар екендігін айта аламын. Бүгінде мен Шымкент қаласының статистика департаментінде заң бөлімінде жетекші маман ретінде қызмет атқарамын», деді Назерке Нұрланқызы.

Аталған департаментте дәл осы мемлекеттік бағдарламаның арқасында тұрақты жұмысқа орналасқан жастардың бірі – Ержан Бексұлтан.

М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-де «Экономист» мамандығы бойынша білім алған қала тұрғыны 2019 жылы статистика департаментінде жастар практикасынан өтіп, кейіннен мерзімдік тәжірибеден соң сол мекемеде тұрақты жұмысқа орналасты. Бүгінде ол персоналды басқару бөлімінде бас маман ретінде қызмет атқарады.

1

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес биыл «Жастар практикасы» бағдарламасының мерзімін 12 айға, ал жалақысын 30 АЕК-дейін көтеру жоспарланған.

Айта кетейік,«Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Аталған бағдарламаға 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2020,2021,2022ж) жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады. Жалақысы 25 АЕК, яғни 76 575 теңгені құрайды.