Аймақтар • 07 Ақпан, 2022

Қайтарымсыз грант – оңды-солды ақша үлестіру емес

6655 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Заманауи ауылдардың сәні – жаңа мектеп, балабақша, амбулатория, клуб, спорттық нысандармен бірге сапалы ауыз сумен қамту, көгілдір отын жүргізу, жоғары жылдамдықтағы интернет байланысы. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік және инженерлік сапалы инфрақұрылымдар – ауылға адамдарды тұрақ­тандыруға негіз. Тағы бір басты мәселе – елді мекендерде мал шаруа­шылығы мен кәсіпкерлікті жандандыру, соның ішінде өнім өндіруші, өңдеуші ірілі-ұсақты шаруашылықтар санын арттыру. Сонда ғана тұрақты жұмыс орындары құрылып, ауыл бюджеті толығып, елдің еңсесі көтерілері анық. 

Қайтарымсыз грант –  оңды-солды ақша үлестіру емес

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»

Бірнеше жыл бұрын елімізде қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Нә­ти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасы, кәсіпкерлікті дамы­ту мақсатындағы «Бизнестің жол кар­та­сы», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының түпкі мақсаты да жұмыссыздықты жою мен табысты ауылдардың қатарын көбейту болатын. Алайда осы бағдарламалардың иесі әр министрлік болғандықтан да, мемлекеттен бөлінген бірнеше жүздеген млрд қаржының игерілуін қорытындылайтын ортақ үйлестірушісі болған жоқ. Бүгінде осы жобалардың жетістігі мен кем­шілік­терін саралап, арадағы қажетсіз құры­­лым­дарды қысқарту, мемлекет қаржы­сы­ның мақсатты жұмсалғанын анықтау күн тәртібінде тұр.

Осы бағдарламалардың нәтижесінде, елі­мізде шағын және орта кәсіпкерлікпен айна­лысатын азаматтардың саны 4 млн-ға жет­ті. Осы көрсеткіштер үлкен жетістік саналса да, кедейшіліктің батпағынан шыға ал­май отырған ауылдарымыз­дың жағдайы мә­селеге басқаша көзбен қарауды қажет етеді.

Жеке кәсіп ашқысы келген адамның айналымға жіберетін белгілі бір сомада қаржысы болуы керек. Көп жағдайда банк­тер көмекке келеді. Ал тұрақты жұмы­сы, ескі үйінен өзге ештеңесі жоқ ауыл адамының банктен несие алуына кепілдік мүлкі жарамайды, не қаржысы жетпейді. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келген ауыл тұрғындарының басындағы жағдайды Темір ауданы Тасқопа елді мекеніндегі мысалдан-ақ көруге болады.

700 тұрғыны бар Тасқопа – аудан орталығы Шұбарқұдықтан 110 шақырым қашықтықта орналасқан шалғай ауыл. Төрт түлік өсіреді, іргесінде Ащы Ойыл өзені ағып жатыр. Төрт жылдан бері өзен суы тартылып шаруаға жайсыз болып тұр. Ауылда мал бағып, шөп шауып сататын 12 шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл әкімі Мәрзия Қожақованың айтуынша, өз кәсібін ашқысы келген тұрғындар несие алу үшін тұрғын үйін банкке кепіл­дік­ке қоя алмайды. Себебі қабырғалары қамыс­тан, не лайдан құйылған ескі үйлер кепілдікке жарамайды. Ретін тауып, несие алмақ болғанда да, осы баспаналарды банк­тер өте арзанға бағалайды, сәйкесінше несие сомасы да айтарлықтай аз болады. Мұндай сомадағы қаржы әдетте құрал-жабдық, не шикізат сатып алуға жетпейді. Соған қарамастан, тынымсыз еңбектеніп, істің көзін тапқан ауыл адамдары белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп те жүр. Бұл жерде жұмыссыз тасқопалықтар «Бастау Бизнес» жобасының пайдасын көп көрді. Кәсіпкерлік курстарында оқып, жобасын сәтті қорғаса, мемлекеттен 690 мың теңге қайтарымсыз грант беріледі. Осы ауылдың үш тұрғыны өткен жылы грант алып, оған сүтті ешкі, сауын сиыр сатып алса, үшінші кәсіпкер киіз үй құрастырып, қазір оны жалға беріп табыс тауып отыр.

«Өткен жылдың соңында ауылға газ тартылды, құрылысы аяқталуға жақын «Атырау – Ақтөбе» тасжолы Тасқопаның ірге­сінен өтеді. Ауылға газ келген соң бір ауыл­дасымыз монша, наубайхана ашуды жос­парласа, тағы бірі Атырауға баратын жол бойында көлік жөндейтін орталық аш­қы­сы келеді», дейді ауылдық округ әкімі.

Осыдан көрініп тұрғандай, жұмыссыз, басы артық қаржысы жоқ ауыл адамына ең тиімдісі – «Бастау Бизнес» жобасы. Осы бағдарлама операторы – Ауыл шаруашылығы министрлігі, ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қар­жы­лай емес қолдау көрсетеді. 2019 жыл­дан бастап ел аумағында іске асырылып жат­қан осы жобаның мақсаты – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз жұ­мыс­­сыздарды, өзін өзі жұмыспен қамты­ған­дарды, тех­ни­калық және кәсіптік білімі жоқ немесе біліктіліктері төмен жұмыс орындарында істейтін азаматтарды оқытып, өз кәсіптерін ашуға көмек­тесу. Үш жылдан бері кедейліктің ең шегін­де күнкөрістері өте төмен мұқтаж жан­дарға, соның ішінде жұмыссыз қыз-келін­шек­терге жақсы қолдау болды. Бірақ осы жыл­дар ішінде бағдарламаның кемші­лік­тері де байқал­ды. Ең негізгі кемшілік – грант қаржы­сы­на қадағалаушы мекемелер тарапынан дұрыс бақылау болма­ды. Бағдарламада грант қаржысы тек құ­рал-жабдық сатып алуға жұмсалсын де­ген қатаң шектеу болмағандықтан, кей­бір жандар есепшотына түскен соманы бір­ден қолма-қол ақшаға айналдырып, бас­қа мақсаттарға жұмсаған. Мәселен, грант қаржысы бұ­рынғы қарыздарын жабу­ға кетті, той өткізіп, смартфон сатып алған­дар да бар. Бұл бір жағынан көп адамда қар­жы­лай сауатсыздықтың жоқтығын біл­дір­се, екінші жағынан мемлекеттің қаржы­сын тегін үлестіріп жатқандай көрген масылдық психологияның көрінісі. Оның үстіне «Бастау Бизнес» бойынша екі жыл­дан соң қайтадан грант алуға өтініш бі­л­діруге болатындықтан, көп адамдар мем­лекеттің осы қолдауын екі жыл са­йын тегін ақша үлестіретіндей көретіні рас.

«Бастау Бизнес» жобасымен қойдың жүнін жуып-тазалап, жүн түтетін жабдық сатып алуға грант алған бір тұрғынды ауы­лына іздеп бардық. Сол жолы осы аза­матты ауылынан таба алмай, күтіп-күтіп қайтып кеттік. Бір ауылды қырық айнал­сақ та бізден қашып жүрген кісімен жолықтыруды ауыл әкімінен сұрасақ та, нәтиже шығара алмадық. Қайтар жол­да қайтарымсыз грант алғандардың қар­жы­сына қоғамдық бақылау керек деген ой түйдік. Турасын айтқанда, грант алған бойы бизнес жобасында көрсетілген қажет­ті құрал-жабдықты сатып алғанын дәлел­деуі тиіс. Олай етпесе қаржыны кері қайтаруы керек. Өкінішке қарай, осы сала­да талап күшеймесе, бейберекет қар­жы жұмсап, қағаз жүзінде ғана кәсіп ашу­шылар қатары азаймайтын тәрізді. Кез келген істе жауапкершілік болмаса, түп­кі нәтиже көрінбейтіні анық. Осы жағы­нан қарағанда бүгінде 600 мың тең­геге жарақ­ты жабдық келмейтіні белгілі. Инф­л­я­ция, ба­ғаның көтерілуін ескере отырып, жұ­мыс­сыз жандардың кәсіп ашуы үшін бе­рі­­летін қайтарымсыз грант бағасын 1 млн теңгеге дейін ұлғайту қажет болар.

«Бизнестің жол картасы-2025» мемле­кет­тік бағдарламасының кәсіпкерлік­тің дамуына ықпалы зор болғанын айта кету керек. Бағдарламаның ұлттық операторы – Ұлттық экономика министрлігі. Өңір­­лерде кәсіпкерлік басқармалары мен бөлім­дері, «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры өзара бай­ланыста жұмыс істейді. «БЖК-2025» бағ­дарламасының негізгі мақсаты – қала және ауыл кәсіпкерлеріне қаржылай көмек беріп, жаңа жұмыс орындарын ашу­ға көмектесу, өңдеу өндірісін қолдау ар­қылы кәсіпорындардың экспорттық әле­уе­тін қалыптастыру. Осы көпсалалы бағ­дар­ламаның түпкі нәтижесі – 2025 жыл­ға де­йін ел­дің ішкі жалпы өніміндегі ша­ғын және ор­та кәсіпкерлік үлесін 33,8%-ға жеткізу.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқар­ма­сының басшысы Нұрхан Тілеумұратов­тың айтуынша, соңғы жылдары «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасына ен­гізіл­ген төрт өзгеріс өңірдегі кәсіпкерлік­тің жандануына ықпал еткен.

«Бұл өзгерістердің қатарына субсидия­лау, кепілдік беру, жетіспейтін инфра­құ­рылымдар жүргізу және қайтарымсыз грант тағайындауды жатқызамыз. Нәт­и­же­сінде, өңірде ШОБ-пен айналысушы­лар саны артты. Кәсіпкер үшін ең маңыздысы – қаржылай қолдауға қол жеткізу. «Даму» қоры кәсіпкердің екінші деңгейлі банктерден алған несиесін субсидиялайды және кепілдік береді. Бұл қалайша жүзеге асырылады? Мәселен, кәсіпкер екінші деңгейлі банктен 20 млн теңге несие алғысы келді. Қазіргі уақытта банктер несиені 14,85% жылдық мөлшерлемемен береді. Енді кәсіпкер банктен алған несиесінің 6%-ын өзі, ал «Даму» қоры 8%-ын төлейді. Әрине, 6%-дық несие мөлшерлеме кез келген кә­сіп­керге қолайлы. Өйткені бүгінде нарықта 6 пайыздан арзан несие жоқ. Бұл – бір. Ал кепілдендіру бойынша мемлекеттік қолдау былайша жүзеге асырылады. Кәсіпкер банктен 20 млн теңге сомасында несие алуды жоспарласа да, кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкі несие сомасына жетпей қалуы мүмкін. Себебі көп жағдайда банктер жылжымайтын мүлікті нарықтағы бағасынан арзанға бағалайды. Бұл жерде де «Даму» қоры кәсіпкерге көмекке келіп, жетпей тұрған 10 млн теңге үшін банк алдында кепілдік береді. Бірнеше өңірлік қаржы институттарының жан-жақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде Ақтөбе облысы 2021 жылдың қорытындысы бо­йынша ШОБ кепілдендіру мен субсидия­лаудан елімізде бірінші орынға шықты. Бұл «Даму» қорының ресми мәліметі», дейді Н.Тілеумұратов.

Айта кету керек, 2021 жылы Ақтөбе облысында «БЖК-2025» бағдарламасы бойынша 2 096 кәсіпкердің жобасы субсидияланып, 1 931 жобаға кепілдік берілді. 2019 жылы несиені субсидиялау мен кепілдік беруде өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің 430 жобасы, 2020 жылы 2 108 жобасы, 2021 жылы 4 мыңнан астам жобасы қолдауға ие болды.

Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағ­дар­­ламалардың саны жағынан көрші­лері­­мізден алға кеттік десек те, жоғарыда атап өткеніміздей, сапасы жағынан және бақылаудың жеткіліксіздігінен ақ­сап жатырмыз. Сол үшін де әр министр­ліктің босағасында жүрген мемлекеттік бағдарламалардың ортақ үйлестірушісі және ортақ платформасы құрылуы керек деген ойдамыз. Себебі бюрократиялық кедер­гілердің кесірінен көптеген тамаша жоба қолдау таппай келеді. Мем­лекеттік қолдауға ие болған кәсіп­кер­лердің ортақ мәліметтер базасы ашық және қолжетімді болуы тиіс. Біз қалай болғанда да, кәсіпкерлік дамымайынша елдің дамуы болмайтынын жақсы түсінуіміз керек. Бұл сала елдің қазынасын ұлғайтып, жұмыссыздықты азайтатын, экономиканың барлық секторын қоз­ғал­татын күш екенін бағалай алмай жүр­міз. Анығы сол, елімізде кәсіп­керлікті да­мы­туға жаңа саясатты қолға алып, қолданыстағы мемлекеттік бағ­дар­ламаларды саралап, озығын алып, тозы­ғын тастауымыз керек. Қазір осы бағытта жұмыла жұмыстанғанымыз жөн.

 Ақтөбе облысы