Аймақтар • 08 Ақпан, 2022

Сырғанақтан дау шықты

397 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдетте жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қостанайдың орталығында қар үйіліп, су құйылып, оның айналасы ойылған мұз кесекпен қаланып, кәдімгі ертегідегідей жалт-жұлт еткен ғажайып мұз қалашығы бой көтеретін. Қала тұрғындарының көбі осы бір «ертегі әлеміне» бала-шағасын ертіп келіп, бөбектерінің сонау биіктен төмен сырғанай жөнелген сәттегі қуанышын қызықтап мәре-сәре болып жататын. Әйтеуір жұрт аяғы ақпан ауғанша басылмайды. Алайда карантин талаптарын ескерген қала әкімдігі биыл қалашық тұрғызбады.

Сырғанақтан дау шықты

Есесіне Бейімбет Майлин ауданы­ның орталығы Әйет ауылында салын­ған төбешік сырғанақ жергілікті жұрт­тың ренішін туғызып, оның соңы үл­кен дауға айналды. Былтыр әкім­дік жариялаған конкурсты ұтып алған мердігер 2 млн теңгедей бюджет қар­жысына орталық алаңға сырғанақ ор­натып, жанына бірнеше мұз мүсін жа­сап беруді мойнына алған. Алайда ауыл тұрғындары сырғанақтың сапасыз екенін әрі жаңа жыл мерекесі өтіп кеткеннен кейін салынғанын айтады.

– Былтыр 31 желтоқсанға дейін ауыл­да сырғанақ тұрғызады дегенді ес­тідік. Оған жергілікті бюджеттен қо­мақты қаржы қарастырылғанын да біле­міз. Жаңа жыл қарсаңында ағаш сыр­ғанақты әкеліп қойды. Бірақ бас­пал­дақтары қисық, тақтайы сүргі­ленбеген, балалар бір жерін жара­қат­­тап ала ма деп қорқамыз. Бұл сыр­ғанаққа отырған баланы сүйреп тү­сірмесең, кедір-бұдыр тақтайдың үс­тінде өздігінен сырғанай алмайды. Тіпті болмаған соң, жұрт мұның жанына қардан тағы бір төбешік жасалады екен деді. Сөйтіп жүргенде жаңа жыл мерекесі өтіп кетті. Бірақ ешқайсымыз ағаштан жасалған сапасыз сырғанақтан өзге сырғанақты көре алмадық, – дейді ауыл тұрғыны Галина Фирус.

Тұрғындар мемлекеттік сатып алу сайты арқылы жаңа жыл қарсаңында ауылды безендіруге қанша қаржы бө­лінгенін іздестіріп көреді. Сайттағы мә­лі­мет бойынша, ауыл әкімдігі же­ке кәсіпкерлікпен айналысатын «Мартин» деген мекемемен үш бірдей келісімшартқа отырыпты. Бірінші шартта мердігердің ылғал өткізбейтін сүрілген ағаштан сырғанақ жасайтыны туралы айтылған. Оған 1 млн 450 мың теңге қарастырылыпты. Одан кейінгісінде мердігерге 104 мың 150 теңгеге биіктігі бір жарым метр бо­латын бірнеше мұз мүсін жасау жүк­тел­ген. Ал үшінші шартта қардан биіктігі 1,5 метр, ұзындығы 5 метр, ені 2 метр болатын тағы бір сырғанақ жасау үшін 248 мың теңге бөлініпті.

– Екі сырғанақ пен мұз мүсіндерді қос­қанда барлығы 2 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бірақ қар сыр­ғанақ 13 қаңтарда ғана салынды. Ал мұз мүсіндердің орнында төрт бұ­рышты кесек қана жатыр. Ауыл тұрғындары бюджеттің ақшасын іздестірмегенде, бұл сырғанақтың са­лынуы да неғайбыл еді. Мердігер қарды қалай болса солай үйе салыпты. Қардан жасалған мұз сырғанағының түрі осы. Мұндайын білгенде, ауыл тұрғындары жабылып көк тиын шығындамай-ақ сырғанақты қолдан жасап алар едік. Әкімге «үйіліп жатқан борпылдақ қардың үстімен балалар қайтып сырғанайды» деп едік, әйтеуір бір күннен кейін су құйып, қатырып қойыпты. Менің бес немерем бар. Бесеуі де мұнда келмейді, Пионер көшесіндегі ауыл тұрғындары өздері жасап алған мұз төмпешікке барады. Ол аласалау болса да, бюджеттің ақша­сына жасалған сырғанақтан әлде­қайда жақсы, – дейді ауыл тұр­ғыны Жанат Мақұмова.

Мердігер Денис Мартин 31 желтоқсанға дейін Әйет ауылында қар қалың болмағанын, осы себепті сырғанақ тұрғызуға жететін қар таба алмағанын айтады.

– Мен әкімдікке кепілдік хат жазып, сырғанақты қар жеткілікті мөлшерде түскеннен кейін тұрғызатынымды хабарладым. Ал сырғанақты сапасыз дегендерге айтарым, біз бұған апта сайын су құйып, ретке келтіріп отырамыз. Бәлкім балалар бір жетінің ішінде осындай жағдайға жеткізген болар. Жұрттың ренішін естіп жатырмын. Мұз мүсіндердің біреуін орнатып қойғам, бірақ оны төтенше жағдай режіміне байланысты қайта бұзып тастадық, – дейді мердігер.

Ауылдық округ әкімдігі мерді­гер­дің ешбір айыбы жоқ екенін айтып отыр. Ал Әйеттің белсенді тұр­ғын­дары прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қыз­ме­тіне шағымданып, сырғанаққа қатысты тексеру жүргізуді талап етпек.

 

Қостанай облысы