Бұл жол 1975 жылы пайдалануға берілген. Кезінде Қазақстандағы сапалы жолдың бірі еді. Алайда жарты ғасырға жуық мерзімнен бері оған бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Жол сапасының нашарлауына транзиттік жүк көліктерінің көбейгені себеп болған. Қазір бұл жолмен жүру мүмкін емес. Сондықтан шұрық тесік жолды жаңғырту мәселесі биік мінберден талай рет көтерілді. Бірақ халықаралық маңызы бар жол әлі толық жөнделген жоқ.
Кезінде Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болған, қазір Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев өңірдегі жолдардың сын көтермейтін жағдайға жеткеніне алаңдаушылығын білдіріп отыр. Мұндай жайт тұрғындардың ренішін тудырары даусыз.
– Біреулер Атырау облысында ақша көп, мұнда барлық проблема шешілген деп ойлайды. Өкінішке қарай, жол сапасы бойынша өңірлер арасында соңынан санағанда үшінші орында тұр. Қазір Атыраудан Ресейдің Астрахан өңіріне қатынайтын жол құрылысы ертегіге айналып отыр. Президент хаттамасында бұл жолды 2021 жылға дейін бітіру керек деп жазылған. Бірақ жол салынып жатқан жоқ. Тоқтап тұр. Тұрғындардың 300 шақырым жолдың зардабын тартуына не себеп? Кімнен кемшілік кетті? – дейді сенатор.
Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолдың жалпы ұзындығы – 277 шақырым. Бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан екі бағыттағы жолдың бірі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев аталған жолды жөндеудің екінші кезеңі созылып кеткенін жасырмады.
– Мұның мынадай себебі бар. Жолды жөндеуден өткізуге байланысты жобаны Семейдегі жол жобалау институты жасақтады. Сол институт мамандары жергілікті жердің топырағын құрылысқа пайдалануға қосқан. Бұл жобалық-сметалық құжаттамада ескерілді. Алайда жұмыс басталғанда топырақ сапасы жол құрылысына жарамайтыны анықталды. Өйткені топырақтың құрамында тұз, гипс бар. Мердігер компания басшылары мұндай топырақ жол құрылысына пайдаланған кезде оның сапасы болмайтынын айтып отыр. Сондықтан институт жазаға тартылып, өз қаражатына қайтадан жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. Былтыр бұл құжаттама сараптамадан өтті. Жол қаражаты толық көзделген. Келесі жылы жолды жөндеу жұмысын толық аяқтау жоспарланып отыр, – дейді министр.
Өңірде бас ауыртар мәселеге айналған «Құлсары – Мұқыр» бағытындағы жол да бар. Осы мәселеге байланысты сенатор Ғұмар Дүйсембаев Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған: «Азия даму банкі арасында келісім жасалып жатқаны, үнемделген қаражатқа аталған жолды салу басталатыны айтылған еді. Содан бері үш жыл өтті. Жол құрылысының негіздемесі жасалып бітпеген. 24 млрд, 48 млрд теңге үндемделіп жатыр. Жол құрылысын бастаймыз», деп еді Үкімет басшысы. Жұмыс әлі басталған жоқ. Енді соңғы берілген ақпаратта құрылыс жұмыстары 2025 жылға қарай ығыстырылғаны айтылады. Неге?», дейді Ғ.Дүйсембаев.
Министр Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, «Құлсары-Мұқыр» жолының техникалық-экономикалық негіздемесі сараптамадан өткізіліп жатыр. Бұл осы жылдың наурызында аяқталады. Содан кейін жобалау жұмыстары, қаржыландыру көзі анықталады. Барлық іс-шара аяқталғаннан кейін жол құрылысы 2024, не 2025 жылы басталады.
Сондай-ақ 519 шақырымдық «Атырау – Орал» жолын қайта жөндеу мәселесі туындап отыр. Тағы да министрдің мәліметіне сүйенсек, Атырау облысының аумағында бұл жолдың 184 шақырымы бар. Биыл жолдың жобасы әзірленіп, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау көзделіпті. Жолдың Атырау облысының аумағындағы бөлігін салуға 100 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Бұл қаржының 90 млрд теңгесі басқа жобалардан босатылып тұр.
Жөндеу жұмыстары басталғанымен, сағыздай созылып, қашан аяқталары белгісіз тағы бір жол бар. Бұл – «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» жолы. Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың пікірінше, бұл жолды жөндеу қаржының тапшылығынан тоқтап қалған.
– Жол жөндеу жұмысының басталғанына 4-5 жыл болды. Әлі бітпеді. Себеп – қаржының тапшылығы. Биыл республикалық бюджеттен 8 млрд теңгенің 2,4 млрд теңгесі ғана бөлінді. Бұл жолдың жөндеуін аяқтау үшін 10 млрд теңге керек деген есеп бар. Сонда 80 шақырым жолды 10 жыл жөндейміз бе? – дейді Дүйсенбай Тұрғанов.
Бұған орай министр Қайырбек Өскенбаевтың айтар уәжі басқаша екен. Мердігерлер жұмысын жақсы атқарып отыр. Қазір бұл жолдың жөндеуін жалғастыруға 9,5 млрд теңге керек болып тұр. Оны наурыз айында бюжетті нақтылау жоспарына ұсынбақ. Бірақ аталған жолды жөндеуді жалғастыруға қаржы бөлуді Үкімет қолдай ма, жоқ па? Міне, мәселе осында. Қажетті қаржы биыл бөлінбесе, келесі жылы қайта қарастырылмақ.
Жол құрылысынан хабары мол мамандар мердігерлікке тартылған компаниялармен келісімшарт жасалғаннан кейін дизель мен құрылыс материалдарының бағасы көтеріліп кететінін алға тартады. Бұл жол құрылысының шығынын өсіруге негіз болмай ма? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Камалиевтың дерегіне сүйенсек, бір шақырым жолды салуға жұмсалатын қаражат көлемі оның санатына байланысты анықталады. Мәселен, елімізде 1-санаттағы жолдардың бір шақырымына 4 млн долларға дейін қаржы жұмсалады. Ал бір шақырымына 1 млн доллар шығындалатын жолдар 3-санатқа жатады. Жолдардың санатын онымен өтетін көліктердің санымен байланыстыруға болады.
– Бір бағыттағы жолмен тәулігіне 10 мың көлік өтетін болса, онда мұндай жол 1-санатты және 4 жолақты үлгімен салынуға тиіс. Мәселен, «Атырау – Орал» жолы, Атыраудан Доссорға қатынайтын жол 1-санатты болуы керек. Ал Ақтөбеден Қандыағашқа баратын 110 шақырымдық жол 1-санатқа жатады. Сондай-ақ 2-санатты жолдарға кететін шығын көлемі 2,5 млн долларға дейін жетеді. Қазір жол жабындысының қалыңдығына өзгерту енгізілді. Кезінде Алматыдан елордаға дейін салынған жолдың қалыңдығы 40 сантиметр болған еді. Енді салынып жатқан жолдардың қалыңдығы 80 сантиметрге жеткізілді. Жол табаны төселген соң үш қабат асфальт жабындысы салынады. Сондықтан жолды салуға кететін қаражат осындай себептерге байланысты есептеледі, – дейді министрдің орынбасары.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, Атырау облысының тұрғындары тегіс жолды тағы да түсінде көретіні даусыз. Өйткені биыл жөндеу жүргізіліп жатқан жолдар пайдалануға берілмейтіні анықталып отыр. Ал «Құлсары – Мұқыр» бағытындағы жолдың қашан жөнге келері әлі белгісіз.
Атырау облысы