Қоғам • 08 Ақпан, 2022

Тұрғын үймен қамтудағы теңсіздік

4150 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біздің қоғамдағы басты мәселенің бірі – баспана мұқтаждығы. Статистикаға сенсек, елімізде тұрғын үйге деген сұраныс көлемі жыл сайын 50 мың адамға дейін өсіп отырады. Бұл – ресми кезекке тіркелген азаматтардың саны ғана. Мұның сыртында қала жағалаған жұрттың тұрақты тіркеуге тұрмайтынын ескерсек, қанша отандасымыздың үйсіз-күйсіз жүргенін шамалауға болады.

Тұрғын үймен қамтудағы теңсіздік

Бірер жыл бұрынғы дерекке қарасақ, мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан тұрғын үй­мен қамту бағдарламаларына қа­ты­суға өтініш берген адамдар саны 548 мыңнан асқан екен. Әрине, мұн­ша баспанасызды толық үй­мен қамту үшін кемі 70-80 жыл бо­йы тоқтаусыз құрылыс жүруге тиіс көрінеді. Бірақ мұндай мүм­кін­дік Қазақстан түгілі, әлем­нің дамыған елінде де жоқ. Демек бас­панамен қамтамасыз етуге қа­тысты тақырыпқа жақын арада нүкте қоя алмаймыз. Бірақ бұл ба­ғыттағы мәселені шешуге қа­тыс­ты мемлекеттің ұстанымы мен шешімдері жоқ емес, бар. Тіпті тұрғын үйге қатысты түрлі бағ­дар­ламаларды дүние жүзімен салыстыра қарағанда, теңдессіз деу­ге болады. Мысалға, 2020 жылы Қазақстанда 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Осы жылы 140 мыңнан астам пәтерде қоныс тойы тойланған. Ал тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2020 жылы едәуір өсіп, жалпы сомасы 2 трлн теңгені құрады. Яғни жеке бизнестің үй құрылысына салған қаржысы артқан, салыстыру үшін алғанда мемлекет құ­ры­лыс­қа 1 теңге қосса, инвесторлар 5 теңге құйған болып шығады. Ал мемлекеттік бағдарламалардың де­ні әлеуметтік санаттағы тұрғын үй құ­рылысына бағытталатыны бел­гілі және мұндай баспаналар не­гізінен әлеуметтік жағынан аз қам­тыл­ғ­ан отбасылар мен көпбалалы әулеттерге беріледі. Осы санаттағы үймен қамтудың да өз тетіктері бар. Оның негізін үй құрылысын субсидиялау мен тұрғындарға жеңілдік займ­да­рын ұсыну сияқты шарттар құ­рай­ды. Аталған жылдары осындай санаттағы 38,4 мың отбасына мем­­лекеттік қолдау көрсетілді. Мұ­­ның ішінде 28 мың әлеуметтік бас­­пана өз иесін тапса, 10,4 мың адамға жеңілдетілген займ бе­ріл­ген көрінеді.

Алайда атқарылған шараның бар­лығы баспана мұқтаждығын ше­шуге бағытталған санаулы қа­дам­ның бірі болып отыр. Оның үстіне әлеуметтің көңілін нілдей бұзатын мәселе бұл жақта да жиі кез­деседі. Мәселен, тұрғын үй кезе­гін жылжыту бойынша үнемі дау туып жататыны өтірік емес. Яғни әлеуметтің теңсіздік пен сыбайлас жемқорлық мем­лекеттің азаматтарды тұрғын үй­мен қамтуға бағыт­талған шара­ла­рында да тамыр жайғанын мо­йындауға тиіспіз. Қа­зір бұл са­ладағы қылмыспен құ­зырлы ор­гандар шындап күресе бас­та­ған­дай. Жақын күндері мем­ле­кет қаржысына салынған тұр­ғын үйлерге қатысты заңсыздық пен мақсатсыз жұмсалған бюджет ақшасына қатысты сорақы ақ­па­раттарды естіп қалуымыз да мүмкін...

Өкінішке қарай, әлеуметтік санат­тағы баспанамен қамту және тұр­ғын үй кезегіндегі әділет­сіз­дікке қа­тысты дау Жетісуда да жиі кез­деседі. Әсіресе Талды­қор­ған қала­сы бойынша мәселе көп. Облыс ор­талығында тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жат­қа­нымен, баспана кезегінің үне­мі бұзылатынын айтып шағым­да­нушылар жеткілікті. Салаға жауапты шенеуніктер де өз мін­детін дұрыс атқармағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тар­тылып, тіпті қылмыстық қу­да­лауға да түсіп жатыр. Бірақ әлеу­меттік әділетке қол жеткізу бә­рібір қиын болып келген еді. Мы­салы, былтыр Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің Алматы облысы бойынша де­партаменті Талдықорған қаласы әкім­дігінің тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылық қыз­метіне мониторинг жүргізген болатын. Нәтижесінде, бұл бөлім­нің жұмысы тиісті заң аясында жүр­гізілмегені анықталып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.

– Талдықорған қаласының тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімінде сыбайлас жем­қорлық тәуе­келдеріне жүр­гізілген сыртқы тал­дау нәти­же­сінде 9 фактор анық­талды.Тұ­р­ғын үйге тіркелген аза­мат­тардың реттік нөмірінің болмауы, тұрғын үй комиссиялары жұмысының бұлыңғырлығы, комиссия құрамында тұрғындар мен ҮЕҰ өкілдерінің болмауы, тәр­тіптік тергеулер мен мем­лекеттік қызметшілерге сыйақы тө­лем­дерін мерзімінен бұрын алып тастау тәжірибесі, тәртіптік жаза қолданылмаған жағдайда департамент пен ведомстволық бағынысты мекемелердің қыз­мет­керлерінде мүдделер қақ­ты­ғысының болуы, басылымдар мен интернет-ресурс­тар­ға тұрғындар тізімі жайлы ақпа­рат­тың басылмауы, соңғы екі жылда тұрғын үй алған адамдардың тізбесі және бірыңғай электронды автоматтандырылған жүйенің жұмыс істемеуі және тұрғын үй бойынша бухгалтерлік есептің жасалмағаны белгілі болды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ал­маты об­лысы бойынша депар­таменті бас­шы­сының орынбасары Жандос Жұмабаев.

Талдықорған қаласының тұр­ғын­дары баспана мұқтаждығы жө­нін­дегі мәселемен облыс әкім­дігін қазір де жиі мазалайды. Жа­қын­да кезекті қабылдау өткізген өңір басшысы Қанат Бозымбаев арыз-шағым айтқан адамдардың әрқайсысына тұрғын үй кезегіне тұру және кезек ретіне байланысты баспана берудің жайын түсіндірді.

– Шешілмеген өзекті проблемалар облыста да аз емес. Оның ішінде баспанаға қатысты сұ­рақтар өткір тұр. Олардың қа­та­рында тұрғын үй мен жер учаскелерін бөлу, сая­жай тұр­ғындарының проблемалары бар. Облыста 57 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың басым бөлігі – тұрмысы төмен топтың өкілдері. Мұны шешуге аудан, қалалардың экономикалық да­муын­дағы алшақтық та өз әсе­рін тигізіп отыр. Мәселен, Алма­ты қаласының маңындағы аудан­дар мен Талдықорған өңірін салыс­ты­руға келмейді. Бұл тұрғын­дар­­дың күнкөріс деңгейінен де ай­қын байқалады. Бір ғана мысал, Іле мен Ақсу аудандарының экономикалық жағдайы жер мен көктей. Мұндай теңсіздікті болдырмауымыз керек. Аймақтар тең дамуға тиіс. Бұл үшін барлық ауданды қамтитын бірыңғай эко­номикалық бағдарлама дайындалуда, – дейді облыс әкімі.

Жалпы, облыста 2020-2025 жыл­дарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзе­ге асырылуда. Биыл бюджет қара­жа­ты есебінен 304,4 мың шар­шы метр тұрғын үй, яғни 3 869 пәтер салу жоспарланған. Соның ішінде 3 109 пәтерлі 350 тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру міндеті тұр. Сонымен қатар жалға берілетін тұрғын үй үшін 639 пәтер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылары үшін 818 пәтер салу жүзеге аспақ. Мұ­ны­мен қоса несиелік тұр­ғын үй бойынша да 1 652 пә­терлік 38 тұрғын үй бой көтереді деген жоспар бар. Ал тұрғындар бұл бағдарламаның діттеген мер­зім­де орындаларына сенеді әрі үй кезегіндегі заңсыздықтың жойы­ла­тындығынан да зор үміт күтеді.

 

Алматы облысы