Қоғам • 08 Ақпан, 2022

Қазақстанда қоғамдық медиаторлар пайда болады

398 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамдық медиаторды сайлау ережелерінің жобасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда қоғамдық медиаторлар пайда болады

Қоғамдық медиаторларды қаланың, ауданның, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті қоғамдастығының жиыны кемінде тоқсанына  бір рет сайлайды деп көзделеді.

Әкімдіктердің аппараты өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында қоғамдық медиаторға қойылатын талаптарды, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, сондай-ақ пошталық мекенжай мен құжаттар жіберілетін электрондық пошта мекенжайларын көрсете отырып, қоғамдық медиаторларды сайлау туралы хабарландыруды орналастырады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі қоғамдық медиаторды сайлау туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін 10 жұмыс күнін құрайды.

Қоғамдық медиаторды сайлауға қатысқысы келетін үміткерлер келесі құжаттарды ұсынуы керек:

  • Нысан бойынша өтініш;
  • ҚР азаматының жеке куәлігінің көшірмесі;
  • Заңды мекенжайы туралы мәліметтер;
  • Байланыс деректері (пошталық мекенжайы немесе электрондық пошта мекенжайы не телефон немесе телефакс нөмірі);
  • Мамандандырылған медиация саласы туралы мәліметтер;
  • Медиацияны жүзеге асыратын тіл туралы мәліметтер;
  • Үміткердің тұрғылықты жері бойынша берілген наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардан және психоневрологиялық ұйымнан алынған медициналық анықтамалар;
  • Соттылығының жоқтығы туралы анықтама.

Қоғамдық медиаторды сайлау жөніндегі жиналысты жергілікті әкімдік шақырады және өткізеді.

Ереже жобасы 18 ақпанға дейін «Ашық НҚА» сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.