Туризм • 08 Ақпан, 2022

«Көкжайлау» шатқалы Іле-Алатауы ұлттық паркіне қайтарылды

1014 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкжайлау шатқалы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық паркіне қайтарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Көкжайлау» шатқалы Іле-Алатауы ұлттық паркіне қайтарылды

«ҚР Үкіметінің қаулысымен Алматы қаласы Медеу ауданындағы 1002,0 гектар аумақты құрайтын Көкжайлау шатқалы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына қайтарылды. Көкжайлау – бірегей табиғитымен құнды. Онда қылқан жапырақты шыршалы орман бар. Әсіресе Құмбел жотасының баурайындағы төменгі бөлігіндегі эстетикалық ландшафтың құндылығы зор. Мұнда Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген өсімдіктер өседі: Шренк шыршасы, Сиверс алма ағашы, кәдімгі өрік, қызғалдақ және тағы басқалары», деп хабарлады ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен.

Еске сала кетейік, 2014 жылы Үкіметтің қаулысымен жалпы аумағы 1002 гектар Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жері айрықша қорғалатын табиғи аумақ санатынан Алматы қаласының Медеу ауданының қоры санатына «Көкжайлау» тау шаңғысы курортының құрылысы мен жұмыс істеуі үшін берілген болатын.

2019 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықтың пікірін ескере келіп, «Көкжайлау» шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасына тыйым салған еді. 2021 жылдың қазан айында Көкжайлау шатқалында орналасқан 1002,0 гектар жер учаскесін, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық паркіне қайтару мәселесін қарастыру жөніндегі комиссия құрылды.

«Комиссия мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда Көкжайлау шатқалын Іле-Алатауы ұлттық паркіне беру туралы шешімді заңды деп таныды», деп қосты ведомствадан.