Қазақстан • 08 Ақпан, 2022

Пәтеріңіздің қабырғаларын өзгертуде кезігетін кедергілер азаяды

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Пәтеріңіздің қабырғаларын өзгертуде кезігетін кедергілер азаяды

«Сіздің жылы және жайлы баспана туралы арманыңызды түрлі кедергілер күл-талқан етті ме?! Расымен, пәтердегі бөлмелерді өзгерту немесе қосымша қабырға салу үшін біз үш бірдей бюрократиялық кедергіге тап боламыз (ХҚКО, ТИБ, әкімдік, сәулет басқармасы және т.б.).

Осыған байланысты әлеуметтік желіден делдалдық қызметтер туралы хабарландыру табуға болатынын бәрі біледі. Себебі адамдар бюрократиядан қажыған. Нәтижесінде аталған үдеріс айналасында түрлі коррупциялық схемалар пайда болды.

Цифрлық трансформация орталығында біз осы процесті басынан аяғына дейін талдап, нормативті-құқықтық базаларды зерттеп, жан-жақты қарастырғанда, мына жағдайға көз жеткіздік: егер қайта құру нәтижесінде үй құлайтын болса, құжаттарды қабылдайтын ХҚКО қызметкері де, өлшем жасайтын жұмысшы да, сәулет басқармасы мен әкімдік мамандары да жауап бермейді! Яғни бұл кісілер - техникалық паспорт беру процесінде артық адамдар. Себебі барлық жауапкершілік техжоспарды жасаған лицензиялы жобалаушыға жүктелген.

Біздің ұсынысымыз: бұл процестен мемлекеттік органдардың қызметкерлерін алып тастау арқылы back-end бөлігін мемлекеттік сервистерге ауыстыру. Лицензиялы жобалаушыға (азаматтың келісімімен) жылжымайтын мүліктер базасына өзгеріс енгізіп, техжоспар негізінде техпаспортты ресімдеуге мүмкіндік беру», деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасына.

Бағдат Мусин күні кеше индустрия және инфрақұрылымдық даму министрімен жаңа үдерісті талқылағанын айтты. Оның бұл идеясын аталған министрліктің өкілдері де қолдаған. Енді шұғыл түрде нормативтік және техникалық мәселелерді шешу ғана қалғанға ұқсайды.

«Егер мемлекеттік органдардың қандай бір үдерісіне реинжиниринг жасау бойынша ұсыныстарыңыз бен қызықты идеяларыңыз болса, dtc@mdai.gov.kz электрондық поштасына жолдай аласыздар», деп түйіндеді сөзін жазба авторы.