Әдебиет • 08 Ақпан, 2022

Жан сөзі

1093 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ертең ақын Есенқұл Жақыпбектің туған күні екен. Мұқағали Мақатаевтан бір күн кейін, 1954 жылы 10 ақпанда дүниеге келген ақынның біздің қолға алғаш түскен кітабы «Тазқара құстың тағдыры» жинағы деп жүрсек, қателесіппіз.

Жан сөзі

Бала күнімізден, мектеп оқушысы кезімізден Есенқұл ағаның сөзін тыңдап өскенімізді кейін білдік. Ең алғаш оқушы шақта сүйіп тыңдаған «Өзіңді аңсап» әнін, тіпті елден оңаша қалғанда ыңылдап жүріп, сөзіне шейін түгел жаттап, аулақта дауыстап айтатынбыз. «Жаным-ау менің, жағама таққан тұмарсың» деп бастап жіберсе, кім де болсын іліп әкетер еді. Авторын білмей жаттап алып, елдің бір қиырында сөзін біреу айтып жүрген қандай бақытты ақын, қандай өнер иесі десеңізші?!

Сол кезде бұл әнді халық айтатын, ауыл сүйетін, ел тыңдайтын. Жүректен жүрекке көшіп, жаураған жандарға жылылық сыйлап, ізгілік нұрын шашқа­нына бала да болсақ куәмыз. Одан кейін небір керемет ән сөздері Есенқұл Жақыпбектікі екенін таныдық. «Біздің елдің жігіттері», «Өнер адамы», «Өмір өтті зырғып ағып» болып кете береді. Осы күнге дейін екі жүзден астам өлеңі­не ән жазылыпты. Жан толқытып ту­ған сөздің бәрі ән шақырып тұратыны бұрыннан белгілі құбылыс емес пе? Оның мысалы – Мұқағали, оның мысалы – Есенқұл. Қазақ әдебиетінде Мұқағалиды оқып, үлгісін алмаған ақын аз десек, Есенқұл аға өз заманының Мұқағалиындай сезіледі кейде. Жазушы Оразбек Сәрсенбайдың «Алматыда тұрып, дәл іргемізде Мұқағалидай бір­туар ақын өмір сүріп жатқанын байқа­маппыз» деген сөзі қуаттар еді ойымызды. Айтыста да жарқырап көрініп, аламан топтың алдына түскен дүлдүлдігі мен поэзиядағы ерекше қолтаңбасын атасақ, нағыз халық ақыны осы Есенқұл ағадай болса керек деп ойлаймыз.

Әрине, біз Есенқұл ағаның айтысқа­нын көрген жоқпыз. Өзі бір естелігінде отыз жыл айтыс сахнасында жүргенін айтыпты. Осыншама жыл айтыса жүріп, поэзиясын өлтіріп алмаған ақынды нағыз ақын, ақын болғанда да құйылып түскен «самородный сары алтын» (Абай) демесіңе қоймайды. Ал онда неге ұзақ жылдар жүргенін шайыр ақ қағаз алдында арылып отырып былай дейді: «Өзімді қойшы, өзім дүниеге әкелген бала-шағамды бағу керек еді. Ауылға қайтып келсем, отбасымның еңсесі түсіп кетіпті. Дереу «малтабар» ақын болып шыға келдім. Той басқардым, келіннің бетін аштым, жарапазан айттым, сыйлы кісі елге келсе, алдынан шығып өлең ай­тып сұңқылдадым. Қысқасы мал та­бу­дың қамына көштім. Ара-тұра өлең ме­нің түсіме кіріп жүрді. Бірдеңелерді күбір­леп оянатын болдым. Мұқағали дұрыс айтады екен, кейде біреу құлағыңа сыбырлайды екен. Бірақ тіршіліктің тауқыметімен жүргенде Құдайдың құла­ғы­ма сыбырлағанын да елемейтін, естігісі келмейтін кездерім болды. Әде­биет алдындағы менің күнәм сол. Талай шығармаларым жазылып келе жатып, жарты жолда аяқсыз қала берді, қала берді». Ақынның жаны, өлеңге берген серті де осы тұстан қылаң береді. Ақша табуға айналғанда, өлеңге жоламаған және жолатпаған. Іштей булығып жүрген жоғары талғам иесін таныр едік.

Біз әуел баста Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған әндермен өстік, студент кезде барып өлеңдерімен «ауырдық». Сол беті жырларына сүңгідік те, кей кездері өзімізді таппай да қалған күндер­ге ұшырастық. Есенқұлша ойлап, Есен­құлша өмір сүргіміз келген де болар. «Таз­қара құстың тағдырын» парақтап жатып, ұйқыға кеткен түндеріміз қан­шама. Әдетте ақындардың кітабының алғысөзінде «мүйізі қарағайдай» автор­лардың қолтаңбасы тұратынын біліп қалған кез-ді. Мұнда «Кіріспе» деп бас­тап, Ес-ағаңның өзі толғағанын оқып, біз де біраз әрі-сәрі күй кешкенбіз. «Туа­ды, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айы­рыл­мас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын», деген Мұқағали жыры Есенқұл ағамызға арналғандай сезілетін. Алғысөз орнына ақынның өзі кірістірген қарасөзінен бастап, жыр жинағының бәрі тек жанның сөзі екені бірден байқалады.

Мөлтілдеген мен осы, сезім едім.

Өгей тартып барамын өзіме-өзім,

Өзімді-өзім естелік сезінемін.

Көлбең қағып көшеге шыға қалсам,

Өтіп кеткен өмірге кезігемін.

Бәрі болған оқиға, бәрі де өткен,

Өткен шақты көремін төңіректен.

Сағынасың баяғы жас шағыңды,

Қиянаттар жаныңды еңіреткен.

Тартып алып біреулер сүйгеніңді,

Еске аласың жазықсыз күйгеніңді.

Еске аласың содан соң өзің де осы,

Айналаға қырғидай тигеніңді.

Қанатымды қайырған қараулардан,

Кездерім-ай, әрең бір аман қалған.

Қатарымнан оздым ба, кім біледі?

Осы өмірді үйреніп жамандардан.

Таппай жүр ғой бәрібір жан қанағат,

Кейде тіпті жүремін жар жағалап.

Жамау-жамау жалауын

тағдырымның,

Ұстап алып жүгірем желге қарап.

Иә, Есенқұл Жақыпбектің әрбір өлеңі жанның сөзі, жүректің үні десек, еш­кім жоққа шығара алмайды. Өлеңге енді келген жастардың, жыр әлемінде тәй-тәй басқан шыншыл жүректердің қайта-қайта оқып, өлеңдерін жаттап, есімі естілсе елеңдеп тұратыны да сон­дық­тан деген ойдамыз. Өмірді адал баға­лап, таза қабылдайтын да 16 мен 24 ара­сын­дағы жырға ғашық жүректер емес пе? Арам-айла, бақай есеп араласпаған адамның жастық кезеңінен асыл жоқ. Абай айтқандай «кімді көрсең бәрі дос» сезілетіні көкіректе арам ойдың жоқты­ғынан болса керек. Сондай таза жүректі ақын өле-өлгенше, алпыс жыл бойы ту қылып өткенін оның өлеңдерінен де, сұхбаттарынан да қапысыз таныр едік. Алпысқа толғанда, өлерінің алдында республикалық арнадан арнайы шақырып алған сұхбатында «маған даналық қонбай кететін шығар, алпысқа келсек те баламыз» деп жүрек көзі ашыл­ған шынайы көңіл иесі ғана айта ала­тын сияқты. Қадыр ақын болса, «бала­лығын жоғалтып алғандардан қорқу керек» дейді. Жүректегі жан сөзі баладай тазалығы жоқтардан тумасын дәлелдеп жатудың өзі артық шығар.

...Бірде ағамыз ауыл сыртында көрші­с­­інің сиырын іздеп, жолды кесіп өте берсе, шетелдік қымбат автокөлік тоқтай қалып, ішінен таныс жігіттер түсіп, жалпылдап амандасып жатқан көрінеді. Қолына таяқ ұстап, алысты қарап, жоқ іздеген түрін көрген әлгілер сұрамай ма: «Ес-аға, не жоғалттыңыз, қайда барасыз, жеткізіп салайық?», деп. Сөйтсе, Ес-ағаң: «көршімнің сиыры өрістен келмей қалыпты, соны іздеп шығып ем», дейтін көрінеді. «Ой, Ес-аға, осы жасыңызға келгенде сиыр іздегені несі? Дардай ақын басыңызбен ұят емес пе?», десе, «Ой, бұзау күнінен танитын сиыр болған соң іздеп шығып ем» деп кете барыпты... Даладай кең тынысты ақынның баладай бір аңғалдығы осындай деседі ел.