Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
– Әр отбасының аңсайтыны – сәби. Өйткені дүниеге аман-сау келген сәби ата-анасын көл-көсір қуанышқа бөлейді. Алайда кейбір отбасының мұндай бақытқа бөлене алмайтын жайы бар. Дегенмен сондай отбасыларға ЭКҰ тәсілімен нәрестелі болуға мүмкіндік жасалып отыр. Осы орайда жыл сайын экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасына бөлінетін квота көбейтілді. Былтыр Атырау облысында тұратын аналарға экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасымен 232 квота бөлінген еді. Бұл квота толық игерілді. Ал биыл аталған жобамен сәби сүюді аңсаған аналарға 233 квота беріледі. Себебі өңірде бедеулік диагнозы бар әйелдер саны азаяр емес. Қазір осындай 840 әйел тіркеуде тұр, – дейді репродуктолог-дәрігер Гүлнар Есқайырова.
«Аңсаған сәби» бағдарламасымен тұңғышын өмірге әкелген аналардың қатарында 52 жастағы Айгүл Бисенбаева да бар. Қазір ол Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұрады.
– Атырау қаласына таяу орналасқан Томарлы ауылында дүниеге келген едім. Өзім – егіздің сыңарымын. Кейін 90-жылдары Құлсары қаласына қоныс аудардым. Күйеуім Ибрагиммен екі жыл бұрын танысып, екеуміз отбасын құруға бел байладық. Оның бұрынғы отбасынан ұлы мен қызы, немере-жиендері бар. Бәріміз бір шаңырақта тату тұрамыз, – дейді Айгүл Бисенбаева.
Оның негізгі мамандығы – аспаз. «Маңғыстау Сервис Компани» ЖШС-де жұмыс істеген. Жүктілігіне байланысты жұмысынан шығып кеткен.
– Тұрмысқа шыққан соң балалы болуды ойлана бастадым. Өйткені отбасының бақыты – бала тәрбиелеу. Бірақ «бұл менің жасымда мүмкін бе?» деген күдігім болғанын жасырмаймын. Сол себептен құлсарылық дәрігерлер Руслан Әкенов пен Нұршат Қалиева, Атыраудағы гинеколог Гүлсара Басарованың кеңесіне жүгіндім. Дәрігерлердің кеңесімен ЭКҰ арқылы бала көтердім. Облыстық перинаталдық орталықтың білікті дәрігері Динара Маратқызы ота жасады. Бәрі сәтті болып, өмірге дені сау ұл әкелдім. Есімін Нұргелді деп қойдық, – дейді Айгүл Бисенбаева.
Атырау облысы