Қоғам • 09 Ақпан, 2022

Аңсаған сәбиге – 233 квота

784 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ЭКҰ-мен сәби сүйгісі келетін аналарға бөлінетін квота саны көбейіп келеді. Мәселен, 2018 жылы – 29, 2019 жылы – 30, ал 2020 жылы 37 квота берілген.

Аңсаған сәбиге – 233 квота

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

– Әр отбасының аңсайтыны – сәби. Өйткені дүниеге аман-сау келген сәби ата-анасын көл-көсір қуанышқа бөлейді. Алайда кейбір отбасының мұн­дай бақытқа бөлене алмайтын жайы бар. Дегенмен сондай отба­сыларға ЭКҰ тәсілімен нәрес­телі болуға мүмкіндік жасалып отыр. Осы орайда жыл сайын экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасына бөлінетін квота көбейтілді. Былтыр Атырау облысында тұратын аналарға экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) үшін «Аңсаған сәби» бағ­дар­­ламасымен 232 квота бөлінген еді. Бұл квота толық игерілді. Ал биыл аталған жобамен сәби сүюді аңсаған аналарға 233 квота беріледі. Се­бе­бі өңірде бе­деу­лік диагнозы бар әйелдер са­ны азаяр емес. Қазір осындай 840 әйел тіркеуде тұр, – дейді ре­про­дуктолог-дәрігер Гүлнар Есқайырова.

«Аңсаған сәби» бағдар­ла­ма­сы­мен тұңғышын өмірге әкелген аналардың қатарында 52 жастағы Айгүл Бисенбаева да бар. Қазір ол Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұрады.

– Атырау қаласына таяу ор­наласқан Томарлы ауылында дүниеге келген едім. Өзім – егіз­дің сыңарымын. Кейін 90-жыл­дары Құлсары қаласына қоныс аудардым. Күйеуім Ибрагиммен екі жыл бұрын танысып, екеуміз отбасын құруға бел байладық. Оның бұрынғы отбасынан ұлы мен қызы, немере-жиендері бар. Бәріміз бір шаңырақта тату тұрамыз, – дейді Айгүл Бисен­баева.

Оның негізгі мамандығы – ас­паз. «Маңғыстау Сервис Ком­пани» ЖШС-де жұмыс іс­те­ген. Жүктілігіне байланысты жұ­мы­сы­нан шығып кеткен.

– Тұрмысқа шыққан соң балалы болуды ойлана бастадым. Өйт­кені отбасының бақыты – бала тәрбиелеу. Бірақ «бұл ме­нің жасымда мүмкін бе?» деген күдігім болғанын жа­сыр­­маймын. Сол себептен құл­са­­рылық дәрігерлер Руслан Әкенов пен Нұршат Қалиева, Атыраудағы гинеколог Гүлсара Басарованың кеңесіне жүгіндім. Дәрігерлердің кеңесімен ЭКҰ арқылы бала көтердім. Облыстық перинаталдық орталықтың білікті дәрігері Динара Маратқызы ота жасады. Бәрі сәтті болып, өмірге дені сау ұл әкелдім. Есімін Нұргелді деп қойдық, – дейді Айгүл Бисенбаева.

 

Атырау облысы