2016 жылғы бұйрыққа енгізілетін өзгерістер аясында жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін бизнесті дамытуға арналған грант көлемін биыл 400 АЕК-ке, яғни, 1,2 млн теңгеге ұлғайту көзделген. Грант жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын өз ісін ашу үшін бастапқы құралдармен қамтамасыз етеді. Биыл барлығы 20 мың адамға грант беру жоспарланып отыр.
Қағидаға енгізілген өзгерістермен жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысатын жас мамандардың жалақы мөлшерін 30 АЕК-ке дейін ұлғайту, сондай-ақ жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімін тиісінше 12 және 18 айға дейін ұзарту жоспарлануда.
Бұл өзгерістер жастардың алған мамандығы бойынша жұмыс орнына сәтті бейімделуіне және бекітілуіне ықпал етеді. Биыл жастар практикасына кемінде 22 мың адамды жіберу, сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» жобасына кемінде 3 мың жастың қатысуын ұйымдастыру жоспарланған.