Бұл – бұлжымас дәстүрге айналғалы қашан. Бір ғажабы, мұны ешкім арнайы ұйымдастырып жатпайды. Жырсүйер жүректерді ақынға деген асқақ құрмет, махаббат жетелеп әкеледі мұнда. Қолайсыз ауа райына қарамастан биыл да ақын ескерткішіне жиналғандар аз болған жоқ. Поэзия падишасының есімін әспеттегендер рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар арасынан мектеп оқушыларынан бастап қаз-қаз басқан қарияларды да кездестірдік. Тебірене өлең оқып, ақын күнделіктерінен сыр шерткен Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп-гимназияның шәкірттері де осы жерден табылды.
Ескерткіш алдында бір шоқ гүл ұстаған отыздар шамасындағы замандасымызды әңгімеге тарттым. Қала іргесінде тұратын Елназар Ахметбектің: «Мұқағалидың туған күні мен үшін сағына күтетін мереке секілді» дегені көңілімізді тербеп өтті. Жүк көлігін жүргізетін қарапайым азамат, мамандығы мүлде басқа болса да өлең сүйетінін, әсіресе, Мұқағали жырын жастана оқитынын жеткізді.
– Жыл сайын ақпанның тоғызы күні басқа жұмыстарды ысырып, Мұқағали ескерткішіне келемін. Жастардың өлең оқығанын тамашалаймын. Мүмкіндігім келсе Кеңсайдағы ақын зиратына барып, Құран бағыштауды да өзіме парыз санаймын. Бара алмай қалған кездерімде, өзімді қолайсыз сезініп, ақын алдында ұятты болғандай бойымды бір қызық сезім билейді, – дейді Елназар Ахметбек.
Ескерткіш жұмыс кеңсемізге жақын орналасқандықтан, келушілер легі қас қарайғанша үзілмейтінін байқаймыз. Тоғызыншы ақпанда мұнда келген үлкен-кішіні миллиондардың жыр құбыласына айналған поэзия құдіреті қауыштырады. Және осылардың ішінде Елназар кешкен сезімді бастан өткеретіндер аз емес екенін анық сезгендей боламыз. Кенет, ақынның «мен мәңгі өлмейтін шығармын» деген жолдары еріксіз есімізге түседі.