Қазақстан • 09 Ақпан, 2022

Жетеге жетпеген жер дауы

1967 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланатын жерді жекеше­лендіру жетілмеген жоба болды. Көптеген ауылдың тұрғыны өздеріне тиген жер үлестерін орынды пайдалана алмай, өзара бірігіп не шаруа қожалығын, не серіктестік немесе кооператив құра алмай, көрінген көк аттының пайдалануына беріп, олардан астық, жем, шөп сияқты келісілген пайларын ала алмай, дау-дамайдан арылмай жүр.

Жетеге жетпеген жер дауы

Ауыл тұрғындары арасынан дұрыс көшбасшы, жол мен жөнді білетін азамат шығып, жалға алушымен келісімшартты нақты жасамаған соң, жалгер түрлі бұлтаққа сала береді. Ал көшбасшы әрбір ауылдан шыға бермейді.

Сондықтан сырттан келген астық компанияларының өкілдері ауыл тұрғындарын алдап-арбап жерді алып кетеді. Егер компания­лар адал жұмыс істеп, халықтың пайларын уақытында беріп, шама-шарқынша әлеуметтік көмектер жасап, қыстыгүні жолдарын аршып және басқа да жағдай жасап тұрса, оларға ауылдықтар қарсы болып, дау тудырмас еді. Алайда жалға алғандардың көбі өнімнің жұғынын ғана елге татырып, қалғанын өзі қақшып кетуге әзір тұ­рады. Мұндайға наразы болған тұр­ғындар жер үлестерімізді бас­қа компанияға береміз деп шуласа, кейбірі осында қалуды жақтап, ауыл іші өзара бүлініп те жатады.

Қазір ауылдың белсенді аза­мат­тарының бәрі қалалы жерлер­ге көшіп кеткен. Ауылда қалғандар жалға алушыдан жер үлестерін қайтаруға сотқа шағымдану үшін соларды іздеп, дау-дамай қалада да жалғасып жатқан жағдайлар қаншама. Жерді сотпен қайтарту үшін білікті адвокат жалдау керек, ауыл мен қаланың ортасында шапқылап қаншама құжат жинау керек. Осының бәрі үлкен шығын. Оны халықтан жинап алу керек. Ондайға біреу көнеді, бі­реу ақшасын қимайды. Осылай шы­ғындалып жүріп жерін де қай­тара алмай, ақша-
сын да түгесіп, бос­тан-босқа арамтер болып жүр­­гендер көп.

Барлық олқылық – біздің заң­дарымыздың халық мүддесін ес­кермей жасалғандығында. Шу де­генде ауылдағылардың мүд­десін қор­ғау үшін жерді жал­ға бергенде пай­далану құ­қы­ғын алған үлес­кер, жер пай­да­ланушы компания жә­не
жергі­лікті биліктің жер бас­қа­ру қыз­метінің өкілі арасында үшжақ­ты келісімшарт жасалуы керек еді. 

Үшеуінің құқылары мен міндеттері анықталып, айқын көрсетіліп тұрса, бұл құжаттың күші де, тиімділігі де зор болар еді. Келісімшартта жергілікті билік өкілінің қолы болған соң жерді жалға алушы да үлескердің құқын бұза алмас еді.

Өкінішке қарай, біздің Жер кодексін жасаған заңгерлеріміз мұндайды заң баптарында ескермей, ауылдың аңқау халқын қулығына құрық бойламайтын, оның үстіне заңгері де, адвокаты да жанында жүретін пайдаланушы компаниямен жеке қалдырған. Ал ондайлар ауыл тұрғындарын аунатып жей береді. Ең сұмдығы – халықтың пайын бермеуде де емес, жалға алған жерлерін кепілге қойып несие, тұқым немесе техника сатып алуда. Ондайларының құнын уақтылы төлемеген соң несие берген банк тұқым немесе техника сатқан компания кепілде тұрған жерді басқа біреуге сату туралы сот шешімін шығартады. Ал сатып алған адам үлескерлерге пай беруді тіпті ойламайды, өйткені екеуінің арасында ондай келісім жоқ. Сөйтіп, ауылдағылар атақонысының игілігінен түпкілікті айырылып қала береді.

Әрине, бізде жер сатылмайды, айналыста жүрген үлескерлерге жерді 49 жылға пайдалану құқы берілген. Әуелде жалға алған компания заң бойынша бұл құқыларды кепілге қою үшін әрбір үлескердің келісімін алуы керек еді, бірақ басқаруға қойған адам өзін тыңдайтын шағын топпен жиналыс өткізіп, олардың келісімін сенімхатпен алған болады. Ондайды тағы бір алаяқ нотариусқа бекіттіріп алады. Ақырында, ауылдағылар есін жинағанда өз жерлері өздерінікі болмай шыға келеді.

Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай әдіспен өздеріне тиесілі жерлерінен айырылып қалып жатқан ауылдар көп. Соның бірі – Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының тұр­ғындары. Жуырда осы ауылдың жерін қайтаруды даулап жүрген бір топ жігіт «Егеменнің» қосынына келді.

Бұл ауыл – алыс-жақынға белгілі мекен. Кезінде бұл жерден Сейтен Сауытбеков сияқты атақты ұстаз, аудармашы, жазушы шыққан. Ол – алты Алашқа аты шыққан Герольд Бельгердің, ақын Көкен Шәкеевтің ұстазы. Хрущевтің тұсында қазақ мектептері жабылып жатқанда өзінің мектебін алып қалған ержүрек адам. Оннан артық кітабы жарық көрген. Зейнет жасына шыққаннан кейін ол Алматыға қоныс аударып, Ұлттық кітапханадағы араб, парсы, шағатай тілдеріндегі көне жазбаларды қазақ тіліне аударған. Секеңе Балуан мек­тебінің аты берілген.

Міне, осы кісінің күйеу баласы, Көкшетау қаласында тұрған белгілі іскер азамат, жекеменшік «Көкшетау» атты университеті болған, меценат Жанат Қасымов Балуан ауылының мүшкіл халін көрген соң оның жерін алып, «Балуан СК» деген ЖШС құ­рып, астық өсірген. Бұл – 2005-2009 жыл­дары болған оқиға. Сол жыл­дары ол халыққа пайларын да, басқа да әлеуметтік көмектерін жасап тұра­ды. Ауылдағы мектепті де күрделі жөн­деуден өткізіп береді. Бірақ Жанат Жақыпсейітұлының басқаруға қойған Қайрат Тәнібаев деген адамы көңілден шықпай, араларын­да кикілжің туады. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген емес пе, ауылға қара­жат құйып отырған адам өзі болған соң Ж.Қасымов басқарушысын орнынан алмақ болады.

Балуанның жері күтіліп, елі бүтін­деліп тұрғанын көрген басқа біреулер бұл ауылдың жерін алуға қызығып жүреді екен. Сондайдың бірі бұрын «Богви» атты компанияда қызмет істеген Жанат Серғалиев «Балуан СК-ға» өкпесі қара қазандай болып жүрген Қайрат Тәнібаевты жанына қосып алып, балуандықтарды жерлерін өзі­не беруге үгіттейді. Қарымы мықты екенін, америкалық тракторлары мен ком­байндары бар екенін айтып, ауыл адамдарының аузының суын құртады. Бірақ артынан белгілі болғандай, бұл адам Балуан ауылына келгенде әлі ЖШС-ны тіркеуден де өткізбеген көрінеді. Ауыл адамдары оны қайдан білсін, әйтеуір көбісі жерлерін соның «Казипрохем Агро» атты ЖШС-на беруге келіседі.

Қазір жерлерін даулап жүрген Диқан Кәрішалов, Ерден Қожахметов, Самат Жақыпов сияқты азаматтар сол кездегі аудан әкімі А.Әмрин Балуан ауылы­ның жерін бұрын «Балуан СК» ЖШС басқарушысы болған Қ.Тәні­баевтың атына тіркеу жөнінде 2009 жыл­дың 21 желтоқсанында біз­дің сыр­ты­­мыздан қаулы шығарды де­ген нара­зы­лық айтады. Оның халық­тан алған сенімхаты да күмәнді деседі олар.

Қ.Тәнібаев 2010 жылдың ақпанын­да өзінің атындағы Балуан ауылының жерін «Казипрохем Агро» ЖШС бас­қаруына береді. Ал дауласу­шы­лардың айтуына қарағанда, бұған ешкім келі­сім бермеген. Сондықтан алдымен осы шешім бұзылуы керек дейді.

Бірақ оның қолында 2009 жылы алған сенімхаты болған. Алайда бұл сенімхаттың өзінің заңдылығы шүбә келтіреді. Онда көптеген адамды қол қойды деп сыртынан тіркеп жіберген. Мысалы, Нұралина Нәйла деген үлескердің де сенімхатта аты айтылады, бірақ ол 2006 жылдан бері Америкада тұрып, тек былтыр ғана келіп кетіпті. Соған қарамай Вера Воронченко деген нотариус сенімхатқа оның да атын жазған. Осының өзінен-ақ сенімхатты жасаған кезде заң бұзыл­ғаны көрініп тұр.

Сол жылы «Казипрохем Агро» ЖШС Шағалалы ауылындағы Тәжі­рибе стансасынан жерді кепілдік­ке қо­йып, 250 тонна жоғары сұрыпты тұқым алады, ал 2010 жылы АТФ банк­тен 10 млн 400 мың теңге несие алады.

2011 жылы қарызын уақтылы төлемегені үшін Тәжірибе стансасы «Казипрохем Агроны» сотқа береді. Оның шығынын өндіру үшін сот Балуан ауылы тұрғындарының жерді пайдалану құқығын сату туралы шешім шығарады. Сот орындаушы Марат Байтіленов ауылдың барлық жерін аукционнан СПХ «Алма» ат­ты ЖШС-ға 25 млн теңгеге сатып жібе­реді. Оның 12 млн теңгесін Тәжі­рибе стансасының шығынын жабу­ға, ал қалған 13 млн теңгесін Ж.Сер­ғалиев­тің жеке атына аударады. Ал АТФ банктің шығыны жабылмайды.

Жер даулап жүрген азаматтар біз­дің барлық жеріміз 4 322 гектар еді, ол жеті участоктан тұратын. Соның бі­реуін сатса да қарызды өтеуге болатын еді, бірақ судья бәрін аукционнан сат­қызып жіберді. Осының өзі бізді бар­лық жерімізден айырудың жолы болды дейді.

«СПХ Алманың» иесі Бекіш Қажы­­мұқан деген азамат – Ғ.Мүсі­репов ауданының бизнесмені. Ол Балуан ауылы тұрғындарына пайларын кейде беріп, кейде бермейді. Әрине, ол тұрғындармен ешқандай келісім жасамағандықтан және олар­дың жерді пайдалану үлестерін аукционнан сатып алғандықтан пайды бермеуіне де болады. Соған қарамай халыққа пай бергені мәрттігі шығар. Алайда ол барлық жер учаскесіндегі 1 500 жайылымдық жерден бас тартып, оны мемлекеттік қорға қай­тар­ған себебі күдік тудырады. Балуан­дық­тардың бүгінгі мақсаты – түрлі қитұрқылықтың салдарынан айырылып қалған тиесілі жер үлесін ауылдағы­­ларға қайтару. Алайда шын­дықты жеріне жеткізіп дәлел­дей ала­тын, жол берілген түрлі бұзушы­лық­тарға, заңсыздықтарға судьяны сен­діре алатын білікті заңгер табу қиын.