Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Агенттік талдаушыларының айтуынша, мұнай бағасы мен коронавирустан туындаған қиындықтарға мығым бюджет және сыртқы баланс сәтті төтеп бере білді. Сондай-ақ мұнай сатудан түскен табысты жинақтау арқылы қаржылық икемділік те оң бағалауға ие болды. Тиісінше, шикізат тауарларына деген тәуелділік, жоғары инфляция және экономикалық саясат негізінің дұрыс дамымай отырғаны да ескерілген. Жақсы мен жаманның аражігін аша отырып, халықаралық агенттік «тұрақты» деңгейін беріп отыр.
Агенттік қаңтарда болған бүлік салдарынан елдің саяси тәуекелінің әлі де жоғары күйде екенін және ортамерзімді траекторияда белгісіздік сақталып отырғанын айтады. Олардың мәлімдеуінше, Қазақстанның күшті тәуелсіз сыртқы резервтері ел рейтингіне жақсы қолдау білдіріп тұр.
«Мемлекеттік мұнай қорындағы және Ұлттық банктегі жиынтық сыртқы активтері 2021 жылдың соңында ІЖӨ-нің 46 пайызын құрады. Ал таза шетелдік тәуелсіз активтер (SNFA) 36,6 пайызды құрады. Мұнайдан түскен жоғары табыс та баланс орнықтылығын сақтап, экономикаға қосымша қолдау білдіруде. 2022 жылғы бюджетте әлеуметтік шығындар көбейе түспек. Бірақ ресми органдар бюджетке энергетикадан түсетін кірістердің бұрынғыдан жоғары болуына байланысты мемлекеттік бюджет тапшылығының (ІЖӨ-нің 3,3 пайызы) мақсатты көрсеткішін өзгертпей отыр. Қазіргі бюджет мұнайдың барреліне 60 доллар кезінде бекітілген. Fitch 2022 және 2023 жылдары тапшылық ІЖӨ-нің 2-3 пайызы көлемінде болады деп болжайды. 2021 жылдың соңында мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 22 пайызын құрады», деп жазады агенттік.
Агенттік ел рейтингіне жағымсыз әсер беретін факторлар ретінде мыналарды тізбелейді:
- Саяси және әлеуметтік толқудың қайта басталуы, мұндай жағдай ішкі әлеуметтік, қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылық үшін үлкен тәуекел тудырады;
- Шикізат тауарлары бағасының күрт өсуіне байланысты тәуелсіз баланстың нашарлап кетуі;
- Экономикалық саясаттың әлсіреуі.
Ал жағымды әсер ретіне мына факторларды атайды:
- Экономикалық саясат және институционалдық потенциал негізінің әрі қарайғы нығаюы;
- Алдағы уақытта фискалдық және сыртқы резервтердің құрылуы;
- Ішкі бәсекені күшейтіп, жеке сектор өсімін арттырып, экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беретін іскерлік орта жағдайының жақсара түсуі.
Инфляция да үнемі ұқсас көрсеткіштерден асып түсіп отырды және 2021 жылы орташа 8 пайызды құрады.
«2020 жылдың басынан бері ол Ұлттық банктің 4-6 пайыздық мақсатты диапазонынан асып кетті және инфляциямен күрес негізгі саяси басымдыққа айналды. АҚШ пен Еуропаның Ресейге санкциялар салуы теңгеге де соққы болып тиюі ықтимал», деп мәлімдейді агенттік. Бұл ретте халықаралық агенттік сарапшылары биыл жыл соңында инфляция деңгейі 7 пайыз мөлшерінде болады және 2023 жылдың аяғына қарай мақсатты дәлізге оралады деп күтеді. Сонымен қатар жұмыс істемей тұрған несие деңгейінің 2020 жылдың соңындағы 6,9 пайыздан 3,3 пайызға дейін төмендегенін атап өтеді.
Агенттік Fitch сарапшылары елде болған қолайсыз жағдай банк секторы көрсеткіштеріне кері әсер етпейді деп санайды. 2021 жылдың соңындағы көрсеткіштер бойынша банк капиталы 23,4 пайызды құрады және қаржы институттары үлкен өтімділікке ие.
«2021 жылы несие көлемі күрт өсті. Әсіресе, ипотекалық несие. Бірақ қолдау шараларының қысқаруы және бір реттік зейнетақы төлемін пайдалану несие өсімін тежейді. Fitch экономикалық өсім 2021 жылғы 4 пайыздан 2022 жылы 3,9 пайызға төмендейді деп күтеді. Тәртіпсіздіктің экономикаға тікелей әсері үлкен емес. ОПЕК+ келісіміне сәйкес мұнай өндіру көлемі де артады. Ірі энергетикалық жобалар аясында 2023 жылғы өсімге инвестиция да үлкен үлес қоспақ. Теңіз кен орны жобасының кеңеюіне байланысты мұнай өндірудің артуы 2024 жылы басталады және бұл өсімге, бюджеттік және экспорттық түсімге оң әсер етеді», деп жазады Fitch.