Парламент • 10 Ақпан, 2022

Қазақстан АҚШ-қа ақша жасырғандар туралы ақпарат ала алады

351 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан АҚШ-қа ақша жасырғандар туралы ақпарат ала алады

«Заңға сәйкес АҚШ қаржы ұйымдарымен халықаралық іскерлік операциялар жүргізетін барлық шетелдік қаржы ұйымдары АҚШ салық төлеушілерінің шоттары туралы ақпарат беруге міндетті. Заң жобасы қаржы ұйымдарының, оның ішінде кредиттік ұйымдардың, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компаниялардың қызметтерін қамтиды.

Осы режимге қосылмаған жағдайда, егер төлемді алушы АҚШ-та салық салынатын тұлға болса және аударылған қаражат АҚШ-тағы инвестициялармен байланысты табыс болса, халықаралық банк аударымдары сомасының 30% - ы ұсталуы мүмкін. Келісімге қосылған қаржы институттары Қазақстанда шот ашқан барлық американдық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты анықтауға және ашуға міндетті болады», деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов.

Оның айтуынша, осыған ұқсас, Қазақстанның Келісімге қосылуы АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Яғни, аталған мәселе бойынша елдер арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстанның бюджетіне де оң әсерін тигізеді.

Келісімге сәйкес, Қазақстан орталықтандырылған ақпарат жинауды көздейтін модельді неғұрлым оңтайлы ретінде таңдады, өйткені осы модельді іске асыру:

- қаржы жүйесін бақылауды сақтауға;

- АҚШ-тан Қазақстанның резиденттері және азаматтары туралы тиісті ақпарат алуға;

- Қазақстан қаржы институттарының әкімшілік шығындарын қысқартуға;

- Келісімнің талаптарымен байланысты қаржы секторы үшін тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.