Қаржы • 10 Ақпан, 2022

Көкпарға түскен көп қаржы

737 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығындағы субсидия жырының айтылғанына біраз жылдың жүзі болды. Созбаққа салынған бұл тақырып айтылған сайын құдды шешімін әне-міне табардай болып тұрады. Бірақ бірер күннен соң-ақ құмға сіңген судай із-түссіз ұмытылушы еді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге нүкте қояр кез жеткенін аңғартқандай болды.

Көкпарға түскен көп қаржы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президенттің айтуынша, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ триллиондаған субсидияның өзі бұл саланы ұшпаққа шығара алмай тұр. Қаржының тиімді жұмсалуын ешкім бақыламайды, мемлекет қаржысы көпе-көрнеу талан-таражға салынып жатыр. Субсидияның түпкі иесіне жетпегені былай тұрсын, оны ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар іліп әкеткен.

«Соңғы жылдары Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 па­йызы субсидияны жымқыруға қатыс­ты болған. Мысалы, жайылымдық жер­лер­ді суландыруға 80 млрд теңге бөлінді.

Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған», деді Мемлекет басшысы.

Қанша желге ұшты дегенмен де субсидияңыз азды-көпті ағайынның қолына тигені де рас. Бірақ солардың өзі ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, сақтауға аса құлықты емес. Себебі субсидия жүйесі шаруалардың ынтасын арттырмайды. Сала дәл осылай бойкүйезденіп тұра берер болса, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден әрі аспайды, әрі-беріден соң осының өзіне мұқтаж боп қалмасақ игі.

Ақпан айының басында Мәжіліс депутаты Ири­на Смир­нова агроөнер­кәсіп кешеніне қыруар ақша бөлінетінін, бірақ ауылшаруашылық өнімдері бағасының еш арзандамайтынын айтып шағым білдірген еді.

«Ауыл шаруашылығына субсидия бөлу саланың дамуына ешқандай кепілдік бермейді. Қырғызстанда бұл салаға мүлде субсидия берілмейді. Алай­да ол жақтан табын-табын мал, әдемі болып өскен картоп, алқапты түгел алып жатқан құл­пы­найды көруге болады. Шаруа қожалықтары да, құс шаруашылығы да жақсы дамыған», деді депутат.

Наурыз айының соңына дейін Президент Әкімшілігіне ауыл шаруашылығын субси­дия­­­лау­дың бірыңғай жаңа жү­йесі ұсы­нылуы тиіс. Мәжі­ліс Төр­аға­сы Ер­лан Қошанов аграр­лық ко­ми­­тетке екінші оқы­лы­мға де­йін ауыл шаруашы­лы­ғын­дағы сы­­бай­­лас жемқорлықпен кү­рес мәсе­лесін қарастыруды тапсырды.

Ал Қазақстан фермерлер қауым­дастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев қауым­дастық атынан Ауыл шаруа­шылығы министріне бір­неше талап қойып отыр. Төраға­ның айтуынша, елімізде дәл қазір 280 мың шаруа бар. Оның бәрі­не бірдей субсидия беруге шама келмейді. Сондықтан ша­ғын фермерлерге басымдық берген абзал.

«Мемлекет қаражаты ең алдымен кіші және орта буындағы шаруаларға жетуі керек. Ірі мекемелер аяқтарынан нық тұр. Олар үшін экспортты ашып беру ауадай қажет. Бұл – бір. Екіншіден, техника мен құрал-жабдық қолжетімді болуын талап етеміз. Кәдеге жарату деген салықтың көзі жойылсын. Инвестициялық субсидия мөлшері ұлғайып, шаруаларға өз материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік берілуі қажет. Үшіншіден, жанар-жағар­май мәселесін түбегейлі шешетін уақыт келді. Арзандатылған деген түсінік 10-20 пайызбен өлшенбеу керек. Баға мөлшері кем дегенде 2,5-3 есе азайтылуы тиіс. Оған мүмкіндік бар», дейді ол.

Қауымдастық басшысының сөзінше, сонымен қатар жылдар бойы басымдық берілген бағыттарды ғана емес, АӨК-тің басқа да салаларын қолдайтын кез келді. Астық пен ірі қара малдан бөлек ондаған бағыт бар. Солардың күнделікті проблемаларымен айналысу қажет.

«Агроөнеркәсіп кешені субъек­­ті­лерінің барлығы са­лықтан босағаны дұрыс. Фер­мер­лер­дің жиған-тергенін қазы­на қал­тасына емес, нақты ауыл инф­ра­құрылымы мен агро­биз­нестің дамуына бағыттаған жөн болады. Содан кейінгі тағы бір маңызды мәселе – министрлік қарамағындағы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы», НАНОЦ деген ұйымдардың тек фермерлердің мүддесіне ғана жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Өнім сату мәселесін қол­ға алатын да кез келді. Жыл он екі ай далада тынбай жұмыс істегендердің өнімді қайта сатамын деп басы ауырмауы керек. Мемлекеттік сатып алу жүйе­сін фермерлердің сұрауын еске­ре отырып түбегейлі реформа­лау қажет», дейді Жигули Дайрабаев.

Президент тапсырмасы мен шаруалар талабы үндесіп, үлкен бір өзгеріс болатын секілді. Бұл параллель міндет жауапкер­шілігін салалық министрлік қалай сезінді, қандай нәтиже шығарады, оны ай өтпей-ақ біліп қалармыз. Сонымен бірге Мемлекет басшысының субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеу тапсырмасы да орындалуы тиіс. Бұл да кетпен, күрегін шыңдап, білегін түрінген біраз ағайынның көңілін жайландырар бастама болса игі. Қазіргі басты міндет – қаражаттың әділ бөлінуі және шашау шықпай шаруаға жетуі. Егер орталық және атқарушы билік осы міндетті ойдағыдай атқарса, оның өзі тәп-тәуір же­ңіс­ке баланбақ.