22 Наурыз, 2014

АСПАННАН НҰР ЖАУДЫРЫП, ӘЗ НАУРЫЗ КЕЛДІ ЕЛІМЕ!

844 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Алматы _7940Алматы жылдағыдай Наурыз мерекесін үлкен сән-салтанатпен қарсы алды. Биылғы мерекенің ерекшелігі сол, қала әкімдігінің бастамасымен табиғат түлеген бұл мерекені зиялы қауым өкілдері мен ел намысын қорғап жүрген спорт шеберлері қалалық мәдениет және демалыс саябағына жас көшет отыр­ғы­зып, жаңару мен қайта түлеу дәстүріне сай мерекелік шараларды қолға алудан бастады. Наурыз мерекесінде қаладағы барлық мекемелер ұлттық-мәдени шараларды ұйымдастырып, халыққа қызмет көрсету орталықтары келушілерге арнайы сый-сияпат жасады. Жекелеген мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары мен банк қызметкерлері ұлттық киім киіп, әрбір тапсырыс беруші және мұқтаж жанға мерекелік сыйлықтар тапсырды. Қалада орналасқан әр­­бір ғимаратта наурыз көже мен сыйлықтар үлестірілді. Елбасының өзі ашқан «МЕГА АЛМАТЫ-2» ойын-сауық кешенінде Бостандық ауданының әкімдігі ме­ре­келік үлкен шара ұйымдастырды. Сыйлықтар таратылып, мерекелік шаралар, түрлі спорттық-мәдени ойындар өткізілді. Қаланың Орталық алаңынан бастап, барлық аудандарда  жеңілдетілген бағамен жәрмеңкелер  ұйымдастырылды. Бұл күні, сондай-ақ қазақ эстрада­сының шеберлері ел алдында өнер көрсетіп, белгілі спорт және мәдениет қайраткерлері халқымен бірге болды. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен халыққа наурыз көже таратылып, ұлттық спорт түрлері – балуан күресі, арқан тартысу, жеке сайыс түрлерінен бақ сынасу бәсекесі жиналған қауымның көңілінен шыға білді. Қала алаңдарына тігілген киіз үйлер келуші қонақтарды мерекелік дастарқанмен күтіп, этнос өкілдері мәдени іс-шаралар ұсынды. Кешкі­­сін қала аспанын әдеттегідей от-шашу көмкеріп, жастардың би кеші­­­нің құрметіне Қазақстан эстрада жұл­­­дыздарының мерекелік концерті өтті. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». IMG_2373 Алматы облысы Табиғат-Ананың ғаламаттығында шек бар ма?! Күні кеше ғана Талдықорғанда сіркірей жауын жауып, аспан асты қара-қошқыл бұлтпен түнеріп тұрған-ды. Міне, 21 наурызда күн райы шайдай ашылып, халықты шаттыққа бөледі. Орталық алаңға ақ шатырлар тігіліп, сан алуан түсті ұлттық киімдерін малынта киген өнер адамдары әсем әндерін әуелетіп, мың бұрала билеп бергенде ел шын қуанып, өнерпаздар өнеріне тәнті болды. Жұрт алдына шыққан Алматы облы­сының әкімі Аңсар Мұсаханов: «Баршаңызды шуақты нұрымен шат­тыққа бөлеген, табиғатты түлеткен, Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – әз Нау­рыз мерекесімен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз дана халқымызды қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі» деп атап көрсеткендей, Наурыз көктем мен жаңарудың жаршысы, ұлтаралық татулық пен достықтың дәнекері», – деп мерекелік шараны ашып берді. Биыл Жетісу жерінде әз Наурыз өзіндік тың ерекшеліктерімен даралануда. Өңір басшысының ұйғарымымен жеті күн: бата беру-алу дәстүрі, адамдар пендешілігін бірі екіншісі кешіру күні, қамқорлық жасау, бұлақ көздерін тазалау, ағаш егу, бейбітшілік пен достық, мейірімділік күні деп белгіленіп, ол жалпыхалықтық қолдау тапты. Тағы бір атап өтер жайт – желмая­сына мініп, жер жәннаты Жетісуға да жеткен Асан Қайғы баба бейнесін сомдаған көріністен бастау алған ұлттық дәстүрлер әдеміліктің керемет бір көріністерімен бейнелей жалғасып, жас ұрпақ санасына өзіндік жолымен сіңірілгені болды. Сөйтіп, күн мен түн теңелгенде табиғаттың тамаша тартуына тәнті болған халық Жаратқан Иемізге алғыстарын ағыта, ақбоз үйлері мен шатырларын тіге, жеті түрлі дәм қосып жасаған наурыз көже ішуді бастады. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан».   Ақмола облысы Көкшетау кешеден бері Наурыз жаршыларының асқақ даусымен оянуда. Көңілді көкке өрлеткен шуақты мереке келді өлкемізге! Бұл – Қазақ елінің  асыл мұраттарын дәріптеген думанды әрі ойлы той ретінде жүректерге толғаныс тебіреністерін құюымен қымбат мейрам. Ол ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енуімен халқымызды мақтаныш сезіміне бөлейді. Биылғы Наурыз өзінің ізгілік, халық арасындағы достықты бекі­ту, қайырымдылық, бауырластық қаты­настарды нығайту, әр ұлттың салт-дәстүрлеріне құрмет сезімдерін шал­қытуымен дәріптелуде. Көкшетаудың басты мерекелік шаралары Абылай хан және Тәуелсіздік алаңдарында қатар өткізілуі де жан дүниемізге жылылық ұялатады. Мереке бұрнағы күнгі азық-түлік жәрмеңкесімен басталуында үлкен мән бар деп есептейді жұртшылық. Мұнда еліміздің дарқан пейілі, молшылық мұраттары, «дастарқаннан дәм кетпесін» деген ұғым арнасы асқақтайды. Қалалықтардың мерекелік мәзірі 15,1 миллион теңгенің 34,6 тонна тағам өнімдерімен толықты. Қаладағы киіз үй ауылдарын аралап шығудың өзі ғанибет. Ғасырлар тереңінен бүгінімізге жол тартқан көш-керуен, Қыдыр бабамыздың ақ тілегі, сал-серілердің думан шеруі қа­лың жұртты қуаныш кемесінде тер­белтеді. Ақмола облысының әкімі Қос­­ман Айтмұхаметовтің салтанатты құт­­тықтауы бүгінгі мен болашақты үндес­тіруімен салмақтана түсті. «Наурыз думан» облыстың барлық аудандарында шаттық шашты. Мәселен, шалғайдағы Егіндікөл ауданында республикалық ақындар айтысы, Бурабай ауданында «Болашақтың жұлдыздары» аймақтық байқауы, Жақсы ауданында «Жігіт сұлтаны», «Қаражорға» сайыстары, Еңбекшілдер ауданында «Шырайлы дастарқан», Жарқайың ауданында «Бауырсақ думан», Зеренді ауданында «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» шарасы өткізілді. Ал Степногор қаласында бөбектер орталығы, Целиноград ауданында екі балабақша, Атбасар ауданында балабақшамен қатар, денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан».    Ақтөбе облысы Көктемнің мың құбылған ауа райына қарамастан, ақтөбеліктер Наурыз мейрамының басты шаралары өтетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент  Н.Назарбаев атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағына жиналды. Бүркіп басталған жауынның арты ақ ұлпа қарға ұласқанымен, мерекеге жиналғандардың жүзінен қуаныш лебі есіп тұрды. Қол ұстасқан жастар да, немересін жетектеген қарттар да саябақта тігілген киіз үйлерді тамашалап, наурыз көже мен көмпиіп піскен бауырсақтан дәм татып жатты. Орталық саябаққа демалуға келгендерге Қызыр баба батасын берді, жарапазан айтылды. Оның арты ақтөбелік өнер шеберлері мен этномәдени бірлестіктер көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Сонымен қатар, көпшілік жыл иесі – жылқы, көктем аруы қатысатын сахналандырылған қойылымдарды және қыс пен көктемнің «тайталасын» тамашалады. Мұнда 11 ақшаңқан киіз үй тігілді. Арасында 16 қанат киіз үй де бар. Келушілер киіз үйдегі көрмеден ата-бабаларымыздың тұрмыс-тірлігімен де танысты. Ұлыстың ұлы күнінде Ақтөбе қала­сының 7 алаңында және қалаға қарасты 5 ауылдық округте 30-дан астам киіз үй тігілді. Мерекеде тұрғындар мен қа­ла қонақтарына 4 тонна бауырсақ пен 5 мың литр наурыз көже ұсынылды. Нау­рыз көже мен бауырсақты әзірлеуге қаладағы 42 сауда нысаны, мейрамхана мен дәмхана жұмылдырылыпты. Мерекелік концерттер қаладағы саябақтар мен мәдениет үйлерінің алаңдарын ән мен күйге бөледі. Бекітілген іс-жоспарға сәйкес облыс орталығында 80-нен астам мерекелік шара ұйымдастырылды. Шаралар аясында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» облыстық турнирі жалауын көтерді. Спорттың көптеген түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Наурыз мерекесі облыстың он екі ауданында да ұйымшылдықпен басталды. Халықтық мерекенің ажары бұрынғы жылдардан гөрі айшықтала түскендей көрінді. Ақтөбеліктер Ұлыстың ұлы күні жаңбыр жауып, оның соңы қар­ға ұласқанын жақсылыққа жорып, молшылықтың басы болғай деп тіледі. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». ш1 Суретті түсірген Қайсар Шерім.   Атырау облысы Атырауда екі-үш күннен бері жел екпіні күшейіп, бірнеше әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер шатырын ұшырып әкеткен еді. Сол желдің екпіні кеше сәл саябырлап, сіркіреп жаңбыр жауды. Бұл Ұлыстың ұлы күні – Наурызды мерекелеуге Исатай-Махамбет алаңына ағылған жұртшылықтың көңілін алаңдата қойған жоқ. Бұл алаң – өңір жұртшылығы үшін түрлі мәдени-көпшілік шара өтетін бірден-бір орын. Кеше қала орталы­ғындағы осы алаңға 100-ден астам киіз үй тігіліп, наурыз көже мен өзге де ұлт­тық тағамдар көпшілікке ұсынылды. Наурыз мерекесінің жалпыхалықтық сипат алуына түрлі кәсіпорындар мен мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер де белсене атсалысты. Ал тұрғындар бір-бірін Наурыз мерекесімен емен-жарқын құттықтап, ең ізгі тілектерін білдіріп жатты. – Наурызды мерекелеу барысында ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттауға көңіл бөлуіміз қажет. Өйткені, бұл тек наурыз көже ішіп, ет-бауырсақ жеп, қарын тойдыратын мереке болмауы тиіс. Мәселен, Наурыз мерекесінде қазақтың ұлттық ойындарынан сайыстар, бесікке салу, тұсаукесер өткізілсе, үйленетін жастардың некесі қиылып, оларға елге белгілі дуалы ауызды қариялар бата беріп жатса, кейінгі ұрпаққа өнеге болар еді, – деді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішев. Мұнайлы өңірдегі Наурыз мере­кесінде таңдайына бұлбұл ұя салған әншілер ән қалықтатса, он саусағынан күй сорғалаған күйшілер қасиетті қара домбырадан күй күмбірлетті. Бишілер тобы мың бұрала би биледі. Наурыз мерекесі аясындағы мәдени шаралар бүгін де өз жалғасын табады. Сондай шараның бірі – балалар арасында асық ату сайысы өтпек. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».   Батыс Қазақстан облысы Наурыз – жылдың басы. Ұлыстың ұлы күні республиканың батыс өңір­лерінде кеңестік кезеңнің өзінде наурыз айының 14-інен бастау алып келді. Мұның өзі ежелгі жыл санау дәстүрі мен халықтық күнтүзбеге толық сәйкес келеді. Өйткені, әр айдың 14-і ескіше бір жаңасына теңеседі. Осы туған жаңа ай бүкілхалықтық Наурыз мерекесіне ұласып, кеше Орал өңірінің кең жазира даласы мен гүл жайнаған қаласы бұрынғысынан да асқақтап сала берді. Осылайша өңірде Наурыз тойы тоғыз күнге созылатынын көрсетті. Ұлыстың ұлы күні Ақжайық аймағын мекендейтін түрлі этнос өкілдерінің ортақ мерекесіне, береке-бірлік пен татулық және жаңару мейрамына айналды. Бұл жөнінде газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық орыс мәдени бірлестігінің төрағасы Сергей Погодин айтып берді. Сондай-ақ, Наурыздың сапалық тұрғыдан жаңа тұрпатқа еніп келе жатқаны да айқын аңғарылып тұрды. Ең бастысы, Наурыз тойының қадір-қасиетін оның елдіктің еңселеніп, ауызбіршіліктің арта түсуіне қосатын үлесі мен жоғары рухын облыста өткізілген сан-салалы мерекелік шаралармен шектей салу еш мүмкін емес. Халықтық жаңа жылды мерекелеудің мазмұны мен түрі бір-бірімен тығыз үйлесім тауып, халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерімен суарылып жатуы да жазылмаған заңдылықтай әсер қалдырды. Айталық, Ақжайық бойында «Нұр себеле, Наурызым!» атты фестиваль балалар мен жасөспірімдерді ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық қолөнердің қыр-сырына қанықтыруды мақсат етіпті. Мұндай мысалдар аз емес. Түйіп айтқанда, төрімізге аттаған әз Наурыз еліміздің батыс босағасындағы әр шаңыраққа шадыман шаттық пен қуаныш, бақ-береке сыйлады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».   Жамбыл облысы Орталық «Достық» алаңын басып өтетін Төле би көшесіне ақ шаңқан 20 киіз үй тігіліп, олар мерекеге сай безендірілген. Әр үйдің тұсында әнші, биші, күйшісі бар талантты өнерпаздар өнерлерін көңілді топпен бөлісуде. Ұлттық оркестрдің күмбірлеген  күйі аясында өткен қыз қуу, теңге ілу сияқты ойындар да әсерлі шықты. Бәйдібек баба ескерткіші алдындағы сахна төріндегі ЛЭД экраны жарқ-жұрқ етіп, Наурыз мерекесінің шат-шадыман көңіл-күйін паш еткендей. Кернейшілер, дауылпазшылар, атқа мінген жаршылар халыққа Наурыз келгенін жар сала хабарлап жатты. Ұлттық киімдерімен жасанған 10 бүлдіршінді ерткен Жер-ана, Айсұлу, Күнсұлу көрінісі және Жер-ананың перзенттеріне тебірене арнаған толғауы жұртты керемет әсерге бөледі. Боз түйеге мінген Қыдыр ата мен оның соңына ерген бір топ қариялар, Күн ана, Су ана, Ауа ана, сондай-ақ қазақ, өзбек, қырғыз, татар, әзербайжан, түрікмен, тәжік этнос­тары өкілдерінен құралған жамандықты аластаушы аналар бейнесі де мереке мәні мен сәнін аша түсті. Наурыз мерекесіне арналған осынау қуанышты өңір халқымен бөлісу үшін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ортаға шығып, жамбылдықтарды жыл басы – Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, адамзат баласын ізгілік пен игіліктен үміттендірген мерекемен шын жүректен құттықтауы да билік пен бұқара арасындағы жарасымды байланысты паш ете түсті. Наурыз мерекесі эстрада әншілерінің үлкен концертіне ұласты. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». IMG_2522 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.   Қарағанды облысы Қаланың бас көшесі – Бұқар жырау даңғылы төріндегі Тәуелсіздік ескерткіші алдынан басталған Наурыз мерекесінің сән-салтанаты әп сәтте жан-жаққа жаңғырып сала берді. Көшелер бойында қаз-қатар тізілген 100-ге жуық киіз үй дастарқанына дәм жайылды. «Шарықта күн сәулелі Наурызым!», «Наурызға шашу», «Қыдыр атаны қарсы алу» сияқты театрландырылған қойылымдар өңірді мекендеуші жүзге тарта ұлт пен ұлыстың шырқалған ән-күйлерімен жалғасып, жұрт қуанышын өсірді. Құшақ айқастырған, төс түйістірген халық бір-бірін құттықтап, Наурыздың ырыс әкелуін тілесті. Жас ақындар айтысы өтіп, балғын дарындар өнері шарықтады. Бұл күн, әсіресе, қайырымдылық шараларға толы болды. Нұра ауданының орталығы мен елді мекендерінде соғыс және еңбек ардагерлеріне, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға, жалғызілікті жандарға ізгілік көмек көрсетілді. Киевка кентінің тұрғыны Роза Жұмабекова өз атынан аудандық орталық мешітке «Нива» автокөлігін тарту етсе, мереке құрметіне жерлестерін басқа да сый-сияпаттармен қуантушылар аз болмады. Бұқар жырау, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарында Ұлыстың ұлы күні жарық дүние есігін ашқан нәрестелер аналарына гүл шоқтары ұсынылып, тарту-таралғы жасалды. Мереке аясында барлық өңірлерде ұйымдастырылған қайырымдылық акциялары адамдардың бір-біріне деген таза пейіл мен ізгілікке бекемдігін айғақтады. Жер-жердегі мерекенің көркін Ақтоғай ауданының әйгілі «То­қырауын толқындары» ансамблі одан сайын жарастырса, Қарқаралының атақты «Салтанаты» да тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды. Нұралықтарға жергілікті талапкерлер сахналаған «Зағип ана» спектаклі қойылды. Наурыз думаны облыстың барлық қалалары мен аудандарында кешке дейін сейілмеді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». IMG_0770-1 Қостанай облысы Қостанайға әз Наурыз ақша қарымен келді. Жағалай тігілген ақ шаңқан киіз үйлердегі наурыз көжеден жиналған жұрт дәм татуда. Халқымызда дастарқаннан қасиетті не бар?! Дәм татқан жерде бата-тілек бірге жүреді. Жеті, тоғыз дәм­нен құрап пісірген наурыз көжені табиғаттан қуат алу деп білген жұрт қыс­тан аман шығып, көктемге аман-есен жеткеніне қуанып бірімен-бірі шұрқырасып көрісуде. Қасына күн мен түннің бейнесіндегі Күнсұлу мен Айсұлуды ерткен Қыдыр ата бата беріп, береке-бірлікті, адамдардың достығын тіледі. Жергілікті өнер ұжымдары ән мен күйден шашу шашты. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қостанайлықтар мен қала қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтады. Мұнан кейін «Бауырсақ мерекесі» Наурыздың ажарын аша түсті. Арулар ұсынған ыстық бауырсақпен бірге адамдардың арасын аралаған ыстық ықыластарды айтсайшы! Ақша қар жауып тұрса да Наурыз мерекесіндегі қызық толастаған жоқ. Орталық алаңда иісі бұрқырап, бірнеше жерде қазан-қазан палау пісіп жатты, бөренеге өрмелеу, гір көтеру, арқан тарту, белтемірге тартылу секілді халықтық-ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар қызып берді. Әз Наурыз табиғаттың жа­ңаруы, күн мен түннің теңелуі, жыл­дың басы ғана емес, бір кеменің үстіндегі секілді бір жердің суын ішіп, ауасын жұтып, бір Отанның тілегін тілеп отырған барша қазақстандықтарды жұмған жұдырықтай біріктіретін қасиетті күн екенін мерекеге жиналған жұрт сезініп бара жатты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан».   Қызылорда облысы Жер әлемге құты мен берекесін, ырысы мен несібесін ала келетін Наурыз мерекесін Қызылорда облысы ерекше сипатта қарсы алды. Осы күні қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен көпқабатты үйлердің алдында ұлттық тағамдар әзірленіп, тұрғындарға таратылды. Қала іргесінде аңшылар үйі жасақталып, қазақы салт-дәстүрдің сан түрі көрсетілді. Ең бастысы, Сыр бойы Ұлыстың ұлық мерекесін бір ай бойына атап өтетін болады. Наурыз мерекесі қарсаңында қала­дағы орталық алаңға отыз қазақы үй тігілді. Сәні мен салтанаты жарасқан, дастарқаны дәм-тағамға толған үйлерді тұрғындар аралап, мәз-мейрам болыс­ты. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев те қызылордалықтарды мерекелерімен құттықтап, қуанышқа ортақтасты. Осы тұста бір әдемі көріністің куәсі болдық. Үйлерді аралап келе жатқанда Қырымбек Елеуұлы мен Абзал Жұмашұлынан жас балалардың тұсауын кесуді өтінді. Қазақы жөн-жоралғыны жақсы білетін облыс басшысы мен Еңбек Ері нәрестелердің тұсауын кесіп, ақ жол тіледі. Қазақ тумысынан ырымшыл халық қой. «Балалардың жолы даңғыл, болашағы зор болады» десіп жатты халық. Бүгінде Наурыз мерекесін тек қазақ халқы ғана емес, жерімізді мекендеген барлық этностар өкілдері де ерекше ілтипатпен қарсы алады. Орталық алаңда өздерінің ұлттық киімін киіп, көктем мерекесін тойлап жатқан өзге жұрттың өкілдері осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Күн мен түн теңеліп, тіршілік жаңаша сипат алатын ұлттық мерекені қызылордалықтар өз дәрежесінде атап өтті. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ш3 Суретті түсірген Қайсар Шерім.   Маңғыстау облысы Наурыз мейрамын тойлау Маңғыстау өңірінде Амал күнінен бастау алды. Ұлық мерекені әрбір мекеме өз шаңырағы астында шадыман шаралармен қарсы алды. 21 Наурыз күні теңіз жағасында ұйымдастырылған қалалық Наурыз мейрамына халық, әсіресе, жастар көп жиылды. Таң атысымен теңіз жағасындағы алаңда тігілген киіз үйлер маңы қар­баласқа толды. Қазандар асылып, үй иелері қонақ күту қамына кірісті. Күн көтеріле бере, «Әз Наурыз мүбәрак бол­сын!» деген тақырыппен той шымылдығы ашылып, сахна төрінде түркітілдес халықтардың Наурызды тойлау дәстүрлері театрландырылған қойылым түрінде бейнеленді. Ал мерекелік шараға келген қонақтар өзара гір тасын көтеру, армреслинг, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату сынды спорт түрлерінен сайысты қыздырып жатты. Маңғыстаулықтарды Ұлыстың ұлы күні мейрамымен құттықтаған аймақ басшысы А.Айдарбаев елдің дамуына, халықтың амандығына, тыныштығы мен татулық-бірлігіне тілектестігін білдіріп, келешекте де өркенді даму жолынан, өзара бірлік биігінен табылуға шақырды. Алаңда 15-тен астам киіз үй тігіліп, тұсау кесу, келін түсіру, бет ашу сынды салт-дәстүрлер көрсетілді. Біз бас сұққан «Ақ жол» демократиялық партия­сы тіккен киіз үйде қонақтар Ару атты кішкене қыздың тұсау кесуіне куә болды. Сондай-ақ, той тойлаушы қонақтарға арналып тігілген шатырларда көл-көсір дастарқандар жайылып, наурыз көже таратылды. Қала тұрғындары мен қонақтары әнші А.Қосанованың концертін, Маңғыстау облыстық мәдениет басқар­масы дайындаған концерттер мен қойылымдарды, «Жырдария» жыршы-термешілер сайысын, «Алтыбақан» фольклорлық ұжымының ойын-сауық бағдарламасын тамашалады. Ән әуелеп, күй күмбірлеген мереке ертесіне «Ақтау» сауда ойын-сауық кешенінде кекушинкай каратэден балалар мен жасөспірімдер арасындағы Бірінші әлем чемпионатымен жалғасты. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».   Оңтүстік Қазақстан облысы Оңтүстікте көктемнің хабаршысы бәйшешектің қылтиып шыққаны қашан. Ашық алаңқайлар Наурыздың ыстық демімен көк көрпеге оранды. Облыста Наурыз мерекесі тоғыз күн тойланатынын ілгеріде айтқанбыз. Ұлық мереке күні облыс жұртшылығы “Наурыз” алаңына асықты. Ақшаңқан киіз үйлер, ет асылған қазан, сақырлап қайнаған самаурын, қазақтың жазира даласындай кең пейілі думан көркін қыздыра түскен. Бір жерде асық ойналып жатса, күрес кілемінде бура сан балуандар күш сынасуда. Әуелеген ән де, қан қыздыратын айтыс та осында. Жұртшылықты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов құттықтады.  «Наурыз мерекесі тек ғана табиғаттың түрленетінін ескертіп ғана қоймай, сонымен бірге, адамзаттың жан дүниесін тазартуға шақыратын мереке. Ниетті, пейілді, көңілді тазартуға шақыратын мереке. Әз Наурыз ең бірінші кезекте елдің бірлігін нығайтуды мақсат тұтатын мереке. Осыны ескеріп, біз былтырдан бері облысымызда Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлап, әр бір күнге атау беріп, мейірімділікті, кешірімділікті, бірлік-берекені ны­ғайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Мерекені тоғыз күн тойлауға өзге облыстар да түсіністікпен қарап, басқа өңірлер біздің бастамамызды қолдап, қуаттап отыр. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, ағайын», деді Асқар Исабекұлы. Наурыз мерекесі облыстың барлық аудан-қалаларында өз жарасымымен өтіп жатыр. Түлкібас ауданында ел ағалары Т.Рысқұлов атындағы “Ардагерлер саябағына” 30 емен, “Жастар” аллеясы мен орталық саябаққа 30 еменнен көшет отырғызылды. Аудан тумасы, белгілі мемлекет қайраткері Сергей Терещенко жылдағы дәстүр бойынша “Наурыз” мерекесі қарсаңында 1 мың түп емен көшетін сыйға тартатын. Биыл да сол дәстүр үзілген жоқ. Наурыз Қазығұрттан басталады деген қанатты сөз жұртшылық ұғымына берік орныққан. Қазығұрт ауданының орталығында этномәдени бірлестіктер мазмұнға бай концерттік бағдарламалар ұсынды. Ұлттық ойындар мерекенің шырайын кіргізді. Әз Наурыз Оңтүстікке осындай берекесімен кірді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан».   Павлодар облысы Облыс орталығында көктем және молшылық мерекесі – Наурыз мейрамын тойлау аясында халықтық ойын-сауық, концерттер, жәрмеңкелер, сайыс­тар, түрлі спорттық ойындар өтті. Күн райы да жайдары. Салқын ызғар кетіп, Наурыз жылылық әкелгендей. Орталық алаңда өрнектелуі бірінен-бірі өткен 50-ге жуық киіз үй тігілді. Айнала ән мен би, әуелеген күй, мәз-мейрам асық ойнаған бала-шаға, қауқылдасқан апа-аталар. Алтыбақан тепкен қыз-жігіт. Неше түрлі ұлттық тағамдар толы сауда қатарлары тізіліпті. Мереке қарсаңында қала, аудан, ауылдарды тазарту жұмыстары жүр­гізілді, ағаш көшеттерін отырғызу айлығы жарияланды. Саябақтар, гүл­зарлар да бір тыныстап қалды. Екі­­­­бастұздықтар Наурыз мейра­мын «Қайырымдылық» айлығы деп жариялап, оны 14 наурызда бастап кетті. Ал Баянауылда өзен-көл, бұлақ­тарды тазартуға ақсақалдар жиналып, «Бұлақ көрсең – көзін аш» атты шараға қатысты. Облыс орталығында облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысқан «Жасыл қала» атты бастама аясында саябақтарда 16 шырша, 14 тал-терек отырғызылды. Успен, Железин аудан­дарына Наурызбен құттықтап көршілес Омбы, Алтай өлкесінен қо­нақтар келді. Мерекеге жиналған жұрт­шылық ыстық бауырсақпен буы бұрқыраған шай ішіп, наурыз көжеден ауыз тиді. Бұл күні дәмді бауырсақ пісірушілер байқауы да ұйымдастырылды. Одан түскен қаражат жетім балалар үйіне беріледі. Орталық алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары қошқар көтеру, жілік сындыру және басқа да ұлттық ойындарға қатысып, қымбат сыйлықтар ұтып алды. Наурыз думанның көңілді шаттығын әнші Қайрат Нұртас жалғастырды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».   Солтүстік Қазақстан облысы Әз Наурыз мерекесі Қызылжар өңіріне де жылы шуағын, Табиғат-ананың мейірімін ала келді. Осыдан бес мың жыл бұрын тойлана бастаған Ұлыстың ұлы күні облыста жаңаша сипат алып, этномәдени, спорттық шаралар халықтық мерекеге ұласып жүр. Бұл жолы да Наурыз мейрамын тойлау «Достық» үйінің алдынан бастау алды. Мағжан Жұмабаев көшесінің бойына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, әуелеген әндер мен мың бұралған билер жұртшылықтың көңіл күйін көтере түсті. Түрлі этнос өкілдері Наурыз мейрамы қонақтарына ұлттық тағамдарынан дәм татырып, әдет-ғұрыптарымен, салт-дәстүрлерімен таныстырды. Жеті дәмнен құралған наурыз көже тегін ұсынылды. Қолданбалы өнер туындыларына арналған көрмені қызықтаушылар да көп болды. Ведомстволар мен ұйымдардың тіккен киіз үйлерінің ішкі-сыртқы сән-салтанаты ерекше тамсандырды. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртістері Ұлыстың ұлы күнін бейнелеген театрландырылған көрінісін жұртшылық зор ынтамен тамашалады. Қызыр атаның батасы ерекше әсер етті. «Көктем көркі – Наурыз» атты хореографиялық композиция да тағылымдылығымен есте қалды. Аймақ басшысы Самат Ескендіров облыс тұрғындарын Шығыстың жаңа жылымен құттықтап, денсаулық, табыс тіледі. Көпұлтты Қазақстан халқын біріктіргіш күшін, елдегі саяси тұрақтылықтың кепіліне айналғанын атап өтті. Орталық алаңда тоғызқұмалақ, арқан тарту, жілік сындыру, гір көтеру, қол күресі секілді ұлттық, спорттық ойындар бәсекесі жалғасса, қазылар алқасы киіз үйлер мен ұлттық тағамдар және нау­рыз көже байқауының қорытындысын шығарып жатты. Әр аталым бойынша бағалы сыйлықтар тігілді. Погодин атындағы орыс драма театрында суырыпсалма ақындардың жыр сайысы тамашаланды. Жекелеген кәсіпкерлер мен мырза азаматтар жетім балаларды, тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызілікті қарт адамдарды қолдау қайырымдылық акциясын өткізіп, демеу қолдарын созды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жасотандықтар халықтық асар дәстүрі негізінде түрлі шаралар өтетінін жария­лады. Әз Наурыз мейрамы аудандарда, елді мекендерде де кеңінен атап өтілді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Тараз Шығыс Қазақстан облысы Биыл Шығыс Қазақстанда әз Наурыз айрықша атап өтілуде. Өңірде ұлық мейрам бір апта бұрын басталып кетті. Жеті күнге белгіленген Наурыз мерекесінің алғашқы «Өніс» күнінде өңір басшылары дүниеге келген сәбилерді құттықтады. Облыс орталығында бұл күні 16 бала дүниеге келді. Олардың оны – қыз, алтауы – ұл. Шемонаиха ауданының әкімі А.Тоқтаров дүниеге сәби әкелген алты ананы құттықтады. Бұл шара Риддер қаласында да көрініс тапты. «Қамқорлық» аталған екінші күні аймақ кәсіпорындары патронаттық тәрбиедегі балаларға сый-сыяпат тапсырса, аудан және қала әкімдері ардагерлерге құрмет көрсетті. Мәселен, Көкпекті ауданының әкімі С.Дүсіпов сол күні 90 жасқа толған соғыс ардагері Молдақұсман Қожаевтың үйіне барып, қарияны Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Өскемендегі №35 орта мектепте «Құт-береке бастауы» атты мерекелік концерт өтті. «Тазалық» күні облыс аумағы бойынша тазалық жұмыстары жүргізілді. Зырян қаласы мен Глубокое кентінде Жастар орталығының бастамасымен «Маңайды қардан тазартамыз» атты флеш-моб акциясы ұйымдастырылды. Өскеменде тыл еңбеккерлері, соғыс ардагерлері мен қариялардың аулаларын тазартуға көмек көрсетілді. Тарбағатай ауданының Құйған ауылында киіз үйлер тігіліп, жергілікті жұрт Ұлыстың ұлы күнін мерекеледі. Үржар ауданының Қоңыршәулі ауылдық округінде өткен «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» атты келіндер сайысына 20-ға жуық ауылдың келіндері қатысты. Ал «Ынтымақ» күні түрлі этнос­тар өкілдерін бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырған бірлігі бекем ел екенімізді көрсетті. Бұл күні алтыбақандар құрылып, көпшілікті достық әнімен тербетті. Мем­лекеттік тілді үйренушілер арасында қазақтың ұлттық дәстүрлерінің байқауы да ұйымдастырылды. «Ырыс» күні мәдени-спорттық шаралармен жалғасты. Балалар шығармашылығы үйінде «Наурыз ханшайымы» байқауы өтіп, қала жасөспірімдері еркін күрестен күш сынасты. «Шаттық» – түрлі мәдени шараларға толы шат-шадыман күн болды. Ертіс жағалауындағы амфитеатрда облыс орталығының тұрғындары мен меймандарына арналған Қазақстан мен шетел эстрадасы өкілдерінің қатысуымен үлкен концерт өтті. Ұлыстың ұлы күні Өскеменнің орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен және мазмұнды мерекелік концертпен жалғасын тапты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».