Парламент • 11 Ақпан, 2022

Мәжіліс Бюросы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын тіркеді

827 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті. Онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Бұл туралы төменгі палатаның баспасөз қызметі хабарлады, деп  Egemen.kz.

Мәжіліс Бюросы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын тіркеді

Депутаттарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң  жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылды.

«Заң жобасында мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары шығыстарының аталған адамдардың кірістеріне сәйкестігін бақылау енгізіледі әрі фискалдық және мансаптық санкциялар белгіленеді. Бұл ретте әрбір жағдайда адамға шығыстарының заңдылығын негіздеу мүмкіндігі берілетін болады. Аталған жаңалықтарды халықты жалпыға бірдей декларациялаумен толық ауқымды қамтуды ескере отырып, 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр», делінген хабарламада.

Түзетулердің екінші блогы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

​Палата қарауына волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша түзетулер туралы заң  жобасы бірінші оқылымда енгізілмек.

Бюро отырысында қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заң жобасын жұмысқа алу мәселелері де қаралды.

Сонымен қатар Мәжіліс Бюросы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалуын қадағалау және жүзеге асыру мақсатында құрылған «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын тіркеді.