14 Мамыр, 2010

БІЛІМ БЕРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЫҚПАЛДАСТЫҚ

508 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов “ІВМ Power Systems” компаниясының бас директоры Росс Мауримен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Кездесу барысында компанияның Қазақстандағы жұмысының ағымдағы жағдайы мен перспективалары талқыланды. Р.Маури ғылыми-ағартушылық бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыруды көздейтін “ІВМ Power Systems” компаниясының жоспарлары, сондай-ақ қазақстандық мамандарды ақпараттық технологиялар саласында оқыту жайында хабарлады. Ол компанияның Астанада “Lіnux” операциялық жүйесінің инновациялық білім беру орталығын ашуға және Қазақстанға компанияның өзі Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, сондай-ақ халықаралық ІТ-университетінде жүзеге асыруды жоспарлап отырған білім беру үдерісі мен ғылыми зерттеулер мақсатында пайдалану үшін суперкомпьютерлер жеткізіп беруге дайын екенін атап көрсетті. Тараптар өзара қызметтестікті одан әрі тиімді дамыту үшін үлкен әлеуеттің бар екенін, сол сияқты экономиканың түрлі секторларында ақпараттық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға екі жақтың да мүдделі екеніне назар аударды.