Аймақтар • 14 Ақпан, 2022

Диқанның көңілі далада

292 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақмолалық диқандар көктемгі егіске қауырт дайындалуда. Биыл егістік жер көлемі 67 мың гектарға ұлғаймақ. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының жаңа техникамен жарақталуы біршама жақсарып келеді.

Диқанның көңілі далада

Өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде өткізілуде. Жер күтімін басты назар­ға алған диқандар 807 мың гектар жерге үш қайтара пар жыртқан, 1 млн гектардан аса алқаптың сүдігері жыртылды. Өткен жылғы құрғақшылықтан аузы күйген шаруашылық басшылары келер күннің қамын осы бастан жасап, 715 мың гектар алқапқа қар тоқтатты. Қыстың соңғы айларында 350 мың гектар жерді нәрлендіру үшін қар тоқтатпақ.

Көк өскіннің көңіл қуантып көгеріп шығуы үшін барлық агротехникалық шара күні бұрын егжей-тегжейлі ойластырылып, жүзеге асырылуы шарт. Астықтың мол өсуінің алғышарттарының бірі –сапалы тұқым. Қазір 529 мың тонна тұқым дайын, сапасына қарай іріктеліп, екшеліп қамбаға құйылған. Топырақ құнарын арттыратын тыңайтқыштар да жеткілікті мөлшерде. 2021 жылы өңірдегі егістік алқаптарға 90 мың тоннадан астам тыңайтқыш сіңірілсе, биыл да осы мөлшерде болмақ. Диқандарға қажетті тыңайтқышты сатып алу үшін 3,2 млрд теңге қарастырылған. Көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі тыңғылықты өткізу үшін 72 млн тонна жанар-жағармай бөлін­ген. Осы арада жанар-жағармайдың бағасы әлі нақтыланбағанын айта кету керек. Диқандар бұл мәселені Үкімет тұрақ­ты бақылауға алатынына сеніп отыр.

– Облыстың ауыл шаруашылығы құры­лым­дарының материалдық-техника­лық базасы өткен жылдардағы көрсет­кіш­тер­мен салыстырғанда біршама жақ­сарып келеді, – дейді облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасы басшысының мін­деті атқарушы Еркеш Әленов, – биыл 63 млрд теңгеге 2 187 бірлік жаңа техника алынды. Оның ішінде тұқым себу кешендерімен қоса, 465 трактор, 345 комбайн алынған. Қолы ұзарып қалған ди­қандар қауымының жауапты науқанды тың­ғылықты өткізуіне септесетін осы күш­тің тиімді болатынына дау жоқ.

Былтыр өңір қуаңшылық зардабын тартты. Әсіресе малсақ қауым мал азы­ғына алаңдады. Осы жайды биыл мұқият ескермесе болмайды. Өйткені табиғат жыл сайын қатаң сынға алуда. Қазірдің өзінде мал азығы жетімсіз болуы мүмкін деген қауіппен мал шаруашылығы иелері 800 бас ірі қара, 4 мың жылқысын сатып, бағымдағы мал басын азайтып алды. Сондықтан мал азығын молынан өсіру­ге назар аударған жөн. Бұл орайда да жағым­ды жаңалық бар. Мәселен, жүгері көлемі 19,7 мың гектарға көбейтіліп, 195 мың гектар алқапқа жеткізілмек. Шығымы жақсы болса, бағымдағы малдың қыстан шығуына септігі тимек. Осы бір жұмысты қуаңшылықтың алдын алуға бағытталған шара деп айтсақ та артық етпейді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты картоп 16,8 мың, көкөніс 2,7 мың гектар алқапқа егілмек.

– Солтүстік өңірде соңғы жылдары аномальды температура мен атмосфера­лық жауын-шашынның біркелкі түспеуі жиі байқалуда, – дейді А.И.Бараев атында­ғы Шортанды астық шаруашылығы ғылы­ми өндірістік орталығы зертханасының меңгерушісі Қанат Ақшалов, – өткен жылдары да осындай көрініс орын алды. Шортанды ауданы жағдайында то­пы­­рақ­тағы күзгі ылғал қорының аз болуы, қар тоқтату жұмыстарын жүр­гізу­­дің қаншалықты қажет екендігі де ой­­лан­д­ырады. Көктемгі топырақ ыл­ға­­лы­­ның қоры негізінен, еріген қар суы­ның есебінен толықтырылады. Топы­­рақ­ты өсімдік тамыры жайылатын қабат­қа дейін ылғалдандыру керек, бұл әсі­ресе дәнді дақылдар үшін бір метр то­п­ы­рақ қабатынан кем бол­мауы қажет. Біз­дің облыстың жағ­дайын­да топы­рақ ыл­ғалы­ның күзгі қоры­на жазғы кезең­нің қуаң­шылығы мен қыр­­кү­йек-қазан ай­ларындағы жауын-шашын­ның аз түсуі әсер етті. Шортанды ауданының «Ново­селовское» ЖШС шаруа­шы­лығын­да топырақ ылғалының қоры 15-20 пайызға аз. «Жәкен 1» ЖШС шаруашылығының 70 па­йызға жуық танаптарында қар жа­мыл­­ғы­сының қалыңдығы – 18-23 сан­тиметр. Ал «Раевское» ЖШС-ында бет­­кей­­лердің экспозициясына байланыс­ты қар жамылғысының биіктігі 14-25 сан­ти­­метр деңгейінде. Аудара өңдел­ген егіс­­тік­терде іс жүзінде қар жамыл­ғы­сы жоқ. Жауын-шашынның түсу ық­­ти­­мал­­ды­ғы қыстың екінші жарты­сының со­ңын­­да өте жоғары. Мұны соңғы жыл­дар­дағы болып жатқан үрдіс­тер рас­тай­ды. Қазіргі уақытта топы­рақ­тағы ыл­ғал мөл­шерінің аз екені анық. Кей­бір өткен аяз­дар­дан кейін қар тоқ­­тату жұмыс­тарын жүргізу үшін қар жамыл­ғысының жеткілік­ті деңгейде жоғары тығыз­дылы­ғы байқалады.

Ғалымдардың пайымдауына қара­ғанда, көктемде түсетін жауын-шашын негі­зінен булануға бейім. Сондықтан ыл­ғалдың топырақтың генетикалық қаб­атына таралуы өте маңызды. Демек диқан­дар ылғал жабу жұмысы кезінде осы мәселелерді ескергені жөн. Жасалған тәжі­рибелер құрғақшылық жағдайында өсім­дік­тердің маусым және шілде ай­ларын­дағы аптап ыстыққа төтеп беруі топы­рақ­тың мейлінше жақсы ылғал­дануы­на байланысты екенін көр­сетіп отыр. Біздің өңірде әлі де екі ай қар жатуы мүмкін. Сондықтан үстіңгі қаба­ты тегіс алқаптарда топырақтың ылғал қоры жет­кіліксіз болса, қар тоқтату жұ­­мыс­тарын қолға алған жөн. Ылғал мол болса, ырыс қашпайды. Бұл орайда оң тәжірибелер де аз емес. Мысалы, өт­кен жылы қанша құ­р­ғақ­шылық болса да ғы­лыми жетіс­тік­терд­і басшылыққа алған «Нұр астық» және «Жәкен 1» шаруа­шылықтары егістік ал­қап­­тары­ның гектар берекесін 17-20 цент­­нерден айналдырды. Астрахан ауданы­на қарасты «Фермер 2002» ЖШС соң­ғы жылдары жаздық бидай­дың әр гектары­нан 20 центнерге дейін өнім алып келеді.

Дәнді дақылдар өсірудің барлық агро­техникалық шараларын қатаң сақ­та­ған шаруашылықтар жетістікке жетіп отыр. Аз жерден көп өнім алу өте маңызды. Қазір алқаптың көптігінен ғана табысқа жетіп отырмыз. Бірақ мамандар біздегі көр­сеткіштің әлемдік тәжірибемен салыс­тырғанда өте төмен екенін айтады. Күн­дер­­дің күнінде жер тозбақ, топырақ құ­нары кемімек. Сондықтан осы бастан ел ертеңін ойлаған жөн.

 

Ақмола облысы