25 Наурыз, 2014

Биік өнер – мұхит түбіндегі маржандай

591 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
СветланаБұл күнде ән де көп, әнші де көп. Толассыз шырқалған әннен құлақ тұнады. Тыңдарман ретінде бірлі-жарымына сүйсінесің, біразына күйінесің. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқтың қасы. «Пай, пай, мына бір әннің сөзі мен әуенін-ай» дейтіндей әндер тым сирек. Жуырда сол сирек әндерді шырқаудың шебері, елімізге танымал әнші, Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірттерінің бірі – Светлана СҰЛТАНҒАЛИЕВАҒА кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. – Сіз еліміздегі атақты үш жәрмеңкенің бірі – Көкжардың маңындағы Үшқатты ауылында өмірге келген екенсіз. Әнші болуы­ңызға не себеп? 1869 жылы іргесі қаланып, атағы жер жарған жәр­меңкенің тарихи орындары тебі­рентіп, толқытты ма әлде Көкжарды ән мен күйге бөлеген ақын Кердері Әбубәкір, Тәңірберген Молдабай, күйшілер – Құрманғазы, Дәулеткерей, Ұзақ, Сәулебай, Әмі­реш, ақын-жыраулар – Қашаған, Нұрым, Ақтан, Нұрпейіс, ақын, композитор, әнші Мұхит сал, әнші Қызыл Тұрдалы баласының рухт­ары желеп-жебеді ме?! Әйтеуір «әнші болғым келіп еді, әнші болдым» деуден аулақсыз ғой. – Әке-шешемнің айтуынша, маған ән өнері жеті-сегіз жасымда қонақтапты. Түсімде балуан денелі қара кісі өзі ағаштан шауып жасаған домбырасын ұсынып «Қызым, енді ән сал» дейді. Ал қасындағы шырайлы ақсары кісі менен домбыраны алады да шырқай жөнеледі. Арасында сәл бөгеліп, «Қызым, қосыл, үйрен» дейді. Мен әнге қосыла жөнелем де, өз дауысымнан өзім шошып оянамын. Осындай жай қайталана берген соң әке-шешем мені Қызыл әншінің басына апарып түнетіп, аруақтарға мінәжат етіп садақа береді. Сөйтіп, домбыра шертуді де, ептеп ән салуды да өзімнен-өзім үйрендім. Мұхит бабамның әніне құмар боп өстім. Ғарифолла Құрманғалиевті бір көрсем, әнін тыңдасам деп ар­ман­дадым. Әкемнің сатып әперген радиоласынан Ғарекеңнің әні бе­ріл­се, менде ес жоқ, бәрін жиып тас­тап, домбыра қағысын, ән иірім­дерін үйренуге ұмтылатынмын. Оқу­шы­лардың аудандық байқауында Ға­рифолла ағаның «Сүйген жар» әнін орындап, жоғары бағаға ие болдым. Әнші Амангелді Жұманов мені құт­тықтап «Айналайын, талабың оң болсын», дегені әлі көз алдымда. Со­дан «Орта мектепті тәмамдаған соң Ал­матыға барсам, қаланы араласам, ән факультетіне құжат тапсырсам», деген ой бойымды билеп алды. домбыра – Ойыл десе, еске атақты Көкжар жәрмеңкесі оралады. Белгілі ақын, жазушы, драматург Берқайыр Аманшиннің «Көкжар» романының сюжеті осы өлке, осы Көкжар. Табиғаттың жомарт жерінде, ақын Шернияздың, Оралдан ән оздырған Мұхит бабамыздың, оның замандасы Қызыл әншінің, Мұхит ұрпақтары – Шайқы, Шынтас, Шоң, Ғұбайдолла, кешегі дауылпаз әнші Ғарифолла табанының ізі бар топырақта дүниеге келуіңізден шығар, бәлкім, әншілікке ұмтылыс жасауыңыз? – Әрине, адамзат баласының топырақтан жаратылғаны рас болса, солайы солай ғой. Адамға алдымен талаптану қажет. Данышпан Абай: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой», демей ме! Әсіресе, жасөспірім кезімде талабым таудай болды. Аздап шегініс жасайын. 1979 жыл. Алматыдағы Орталық көрменің концерт залы. Мұнда Халық аспаптары ансамбльдерінің республикалық фестивалі өтуде. Кезек Ақтөбе облысы өнерпаздарына келді. Алдыңғы қатарда белгілі қоғам қайраткерлері, орталарында атақты ғалым, академик Ишанбай Қарақұлов, Алматы консерваториясының ректоры Ғазиза Жұбанова бар көрінеді. Сахна шымылдығын «Әлия гүлі» аспаптық ансамблі ашты. Көркемдік жетекшісі батыс өңіріне белгілі өнерпаз Қайыр­ғали Қожанбаев ағамыз екен. Үшінші кезекте «Ансамбльдің ең жас әншісі» деп мені сахнаға шақырды. Мұндай жиында ән салып көрмегесін бе, сәл-пәл жүрексіндім де, бірақ, өзіме-өзім тез келдім. Мұхиттың «Паңкөйлегін», одан соң «Айнамкөзді» шырқадым. Залда отырғандар ду қол шапалақтады. Бірді-екісі гүл шоқтарын ұсынды. Содан дайындық бөлмесіне бір апай келіп мені қапсыра құшақтап, «Мен Ғазиза Жұбанова апайыңмын. Консерваторияны басқарамын. Дауы­­сың шымыр, үнің таза екен, ма­ған ұнады. Биыл орта мектепті біті­реді екенсің ғой, оқуға бізге кел, көмектесемін», деп бетімнен сүйді. Апай шығып кеткен соң, құр­бы­ларым «енді жолың болды» деп мені құттықтап жатыр. Сол сапардан үлкен әсермен оралдым. Шілде айының басында әке-шешемнің батасын алып, Алматыға жол тарттым. Ауылдас қыздарыммен бірге Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне құжатымды өткіздім. Арнайы музыкалық білімім болмаған соң консерваторияға баруға жүрексіндім. «Ғазиза апай мені ұмытып кеткен шығар, шаруасы шаш етектен ғой», деп ойлағам. Сол күндердің бірінде жатақхана­ның кең бөлмесінде оңаша отыр­ған­мын. Құрбым келіп «Сені бір кісі төменге шақырады» дегесін бас­қыш­пен жүгіре түссем, бір жігіт ағасы тұр. Маған бақырайып қарады да: «Сұлтанғалиева Светасыз ба?» деді. Мен басымды изедім. «Онда киін. Ғазиза апайға барамыз, тезірек, шырағым, тезірек», деп асықтырды. Содан әлгі кісі мені «Волга» машинасына отырғызып, консерваторияға алып келді... Міне, солай қазақтың музыка өнері­нің, оның ішінде классикалық музыка жанрының негізін қалаушы­лар­дың бірі – дарынды композитор, ұла­ғат­ты ұстаз Ғазиза Ахметқызының қам­қор­лығының арқасында ойламаған жерден консерваторияға қабылдандым. Нота­ны, музыкалық өлшемдерді (сольфед­жио) мүмкіндігінше тез меңгеруге, көр­сетілген сенімді ақтауға барын­ша ыж­дағаттылықпен кірістім. Дайын­дық бөліміндегі ұстаздар дауыс ерек­ше­лігімді жоғары бағалап, вокал кла­с­ына қабылдады. Дауыс тембрім жоға­­ры «колоратурное-сопраноға» да, «меццосопраноға» да келетін. Әсіресе, қатты қызыққан кафедра меңгерушісі, вокалдың білгір маманы, профессор Бекен Жылысбаев болды. Бір жыл бо­йы Клавдия Ивановна Бобошкадан дәріс алдым. – Ал ұстазыңыз Ғарифолла Құр­манғалиевпен қалай жолық­тыңыз? – Әлі есімде, Виноградов көше­сін­дегі гүлзарға оңаша жайғасып отыр едім, қарсы беттегі орындықтағы кісіге көзім түсті, таныс бейне. Япырау, дәл өзі! Қарсы алдымда отырған адам – өзім жастайымнан әнін жаттап, шіркін, бір көрсем ғой деп армандаған Ғарифолла Құрманғалиев. Ақ қырау шалған шашы теңіздің бұйра толқынындай желкесіне түскен, ойнақшыған көзінің қарасынан ағы мол, шағын денелі кісі. Орнымнан қалай тұрғанымды аңғарғаным жоқ, алдына таяу барып: – Сәлем бердік, – дедім. – Бар бол, балам. Қай жерденсің? – Ойылдан, Ақтөбе облысы. – Иә, қасиетті Көкжардан келген екенсің ғой! Қайда оқисың? – Консерваторияның дайындық бөлімінде. – Иә, жақсы болыпты. Әнші боламын де, қалай өзі, домбыра тарта білесің бе? – Білемін. Ептеп ән де айтамын, сіздің әндеріңізді радиодан тыңдап өстік. – Е, дұрыс. Қазір әншілер, шүкір, баршылық, бірақ түсініп айтатын, жеріне жеткізіп айтатындары сиректеу. Дегенмен, талабың оң болсын! – деп маған шұқшия қарады. – Аға, сізге студияға барсам бола ма? – дедім тұншыға үн қатып. – Уақыт тапсаң кел, неге келмеске. Тек құдай берген талап-талантың болса ғана кел, босқа уақыт өткізу үшін емес... «Талаптыға нұр жауар», дегендей, көкейіме бала кезден ұялаған, бірақ, оған қол жеткізу қайда деген арманыма осылай жол ашылды. Бір жыл бойы үзбестен Ғарекеңнің студиясына барып тұрдым. Бір жыл бойы асыл ағаның ақыл-кеңесін тыңдадым. Бір жыл бойы ән мұхитынан, кәусар бұлақтан сусындадым. Бұл 1979-1980 жылдар еді. Неге екені белгісіз, Ғарекең мені оң жағына отырғызып, ең соңынан тыңдайтын. Әнді бөлмей, еш ескертусіз үнсіз, көзін жұмып тыңдайтын. Тек ән біткен кезде ғана, «енді анау әнді айт» деуші еді, басын көтеріп. Үзіліске дейін айтқызатын да, «Осы қыздан үйреніңдер» деп шығар есікке беттейтін-ді. Келер жылы Ғарекең аздап ауырып, қалған кезде де ара-тұра үйіне барып, кеңес алып тұрдым. Оқуды бітіргенше аяулы ұстазымнан қол үзгенім жоқ. Халық әніне деген құштарлық, әрі ұстазым Ғарекеңнің әнді орындау ерекшелігінің ықпал еткені соншалық, екінші курста халық-аспаптар факультетіне ауысып, вокалмен біржола қоштасып тындым. Әрі қарай ұлы Мұхит бабамыздың тікелей ұрпағы Құбыш ағайдың кафедрасында оқуымды жалғастырып, «Орындаушы-мұғалім» мамандығын алып шықтым. – Бұл күнде ән де, әнші де көбей­ді. Оны сынап-мінеп, барын бар, жоғын жоқ дейтін сарапшылар, «сенікі дұрыс, сенікі бұрыс» дей­тін ақылмандар мүлдем бой көр­сетпейді. Ол ол ма, енді бақи дүниеге кеткен атышулы композиторларымыздың әндеріне қол сұғу басталды. Әнді «өңдейміз, толықтырамыз» деушілер бастарын қылтитты. Бір мысал: вальс королі, марқұм Шәмшінің «Сыр сұлуына» аха-ха-ай, еу-еу-ді қосты. Ойпырм-ай, аруақтан ұялмаса да, халықтан ұялмай ма, шіркіндер дейсің. Бұған көзқарасыңыз қандай? – Бұл жайдан мен де хабардармын, ашығын айтқанда, көріп-біліп отырмын. Кейде «ішім түтін, сыртым бүтін» күй кешемін. Әрі ойлап, бері ойлап, «бұл уақытша нәрсе, уақыт бәрін елеп-екшейді. Жақсыны – жақсы, жаманды жаман дейтін кез келеді», деп өзімді өзім жұбатамын. Ол кез де алыс емес шығар. Өйткені, өнердің шыңы тым биік. Соның бір шыңы – ән де, күй де халыққа қызмет етеді. Ән мен күйді дүниеге әкелуші тобыр емес, халықтың ортасынан шыққан таланттылар. Қазақ халқындай әнші, күйші, сауықшыл халықтың әлемде өте сирек екенін өзге ұлттың өкілдері айтып та, жазып та қалдырды ғой. Олар біздің ән-күй өнерімізге таңдай қағып, таңырқасты емес пе! Қазақ халқы небір қиыншылықта да, небір соқтықпалы, соқпақты кезеңде де өз өнерін аяқасты еткен емес. Аштан өліп бара жатса да бір шумақ өлеңін бір үзім нанға сатқан емес. Мысалы, адай руының Жеменейінен шыққан Зәкария ақын 1930 жылы Ойыл түр­месіне жазықсыздан-жазықсыз қамалғанда, түрме бастығы «Мені өлеңмен мақтасаң, асқа тойғызамын» депті. Сонда Зәкария: ...Бір шумақ өлеңім– өмірім, Өмірім – өлеңім. Өлеңімді саған сатқанша, Аштан өлемін, – деген ғой. Адамда арман, қиял тоғысып, бірін бірі жетектеп жатады ғой. Менің ойымша, ән-күй өнері қоспасыз таза, мөлдір, мұхит түбіндегі маржандай болуы керек. – Сіздің 2003 жылы үнтаспада жазылған 23 әніңізді тыңдап бір сергіп қалғанымды айтпай болмас. Үнтаспаға Мұхиттың сегіз әні, Ғарифолланың үш әні кірген екен. Әсіресе, «Гурьев» пен «Қара қаншық» сіздің орындауыңызда тым ерекше. Үніңіздің ашықтығы, ән сөзінің анықтығы, дауыстың шырқай көтерілетін тұсындағы самғау-қалықтауы кіршіксіз, көмейден шыға көсілетін үннің ащы айқай емес, сырнайлылығы; домбыраны сыбырлата сөйлете білуіңіз менің көңілімді аспандатты. – Рахмет, ағай, мені бір көтерме­леп тастадыңыз. Егер де өнерім тың­дар­мандарға рухани ләззат сыйлайтын болса, ол үшін ұстазым Ғари­фоллаға қарыздармын. Отбасы жағ­дайына байланысты Алматыда тұ­рақтап қалудың сәті түспеді. Туған өлкеме келіп, қызмет еттім. Өнер жанашыры, профессор М.Арынов­тың тікелей көмегімен Ақтөбе педа­го­гикалық институтында «Жыр-тер­ме» класы ашылып, сонда оқыту­шы­лық­қа шақырылдым. Бірақ Ғарекең көкейімде жатты. Бір ғасырда бір туар табиғи талант иесінің өнердегі жұм­бақ сыр-құпиясын ашу үшін ең­бек­тендім. Батыстың дәстүрлі ән өнері жайлы әдістемелік оқу құ­ра­лын жазуға ұмтылыс жасадым. Бұ­дан кейін Астанадағы Өнер ака­де­миясының ректоры Айман Мұса­қожаева­ның шақыруымен Ғарифолла Құр­манғалиевтің класында ұстаздық қызмет атқардым. «Ғ.Құрманғалиевтің орындаушылық ерекшелігі» деген та­қырыпта ғылыми еңбек жазу үстін­демін. Ақтау қала­сында өт­кен Ғ.Құрманғалиев атын­дағы ре­с­пуб­ликалық конкурста бірінші жүлдені иелендім. Қазақстан Рес­публикасының «Мәдениет қайраткері» деген атағым бар. Төрт баланың ана­сы­мын (екі ұл, екі қыз), оларды өсіріп, оқы­тып, қа­наттандырғанымызға қуа­ныш­­­тымыз. Құдайға шүкір, бәрі де тәуел­сіз қоғамымыздың белсенді аза­мат, азаматшалары. Күйеуім Жола­ман Боранқұл баласының негіз­гі мамандығы дәрігер, Алматы меди­циналық институтының түлегі. Екеуміз жерлеспіз. Талантты ақын Төлеген Айбер­геновтің Ғарекеңе арнаған «Әуен мен ырғақ» өлеңінде: ... Уһ, дүние-ай, бір толқып басылдым ба ай, Мен әнді есітем деп пе ем асыл  мұндай. Қазір менің жүз тұлпар – көкірегімнен, Жүз тарапқа кетті ағып басын бұрмай...   Басса да аспан жердің арасын сең, Бәрі бір байтақ ағам, даласың сен. Қыздардың көлден қайтқан шелегінде, Үйіріліп, иірім тартып барасың сен... – дейтін шумақтар бар. Ғарекеңе арналған осы он тоғыз шумақ өлеңді күніне бір рет жатқа айтамын. Кейде, «Шіркін, композитор болғанымда», деп ішімнен күбірлеймін. Төлеген ақын ұлы әншіге өлеңмен ескерткіш сыйлап кетті ғой. Таланттың талантқа тағзымы осылай болса керек-ті. Әңгімелескен Марат МӘЖИТОВ, жазушы. АСТАНА.