Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша азаматтарға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді. Бізде жалпы хирургия, тамырлы хирургия, бет-жақ хирургиясы, нейрохирургия, травматология, гинекология, урология, неврология және кардиология бөлімшелері жұмыс істейді.
Соңғы жылдары қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы отандастарымыздың жеке денсаулық көрсеткіштері мен жалпы қоғамдық денсаулықты сапалы түрде оң ілгерілетуді мақсат етеді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру денсаулық сақтау мәселелерінде бүкіл қоғамдық келісімге қол жеткізу жолымен халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыра отырып, жалпы және ана мен бала өлім-жітімін, сондай-ақ, әлеуметтік мәні бар ауруларды төмендете отырып, денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін болады. Бұл бағдарлама отандық медицинаны дамытудағы жаңа қадам, ол бізге отандастарымыздың денсаулығын жақсарту мәселелерін кешенді түрде шешуге ықпал етеді.
Қазіргі кезде қан айналымы жүйесінің аурулары қоғам үшін өзекті болып отыр. Ал оны емдеуге басымдық мән берілгені де белгілі. Республика халқына кардиологиялық, кардиохирургиялық көмек көрсету бағдарламасына сәйкес біздің көпсалалы клиникамызда да 2012 жылы ангиохирургиялық әдіспен диагностикалау және емдеу бөлімшесі ашылған болатын. Онда жүректің ишемиялық сырқатымен, жедел коронарлық синдроммен, жіті миокард инфарктімен ауыратын сырқаттарға емдеу мен диагностикалаудың интервенциялық әдісі қолданылады. Емдеудің бұл түрі 2013 жылы тек қана Алматы облысында емес, бүкіл еліміз бойынша қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім мен мүгедектікке ұшыратуды бірнеше есе төмендетті.
Жүректің ишемиялық ауруы қауіпті аурулардың қатарына жатқызылады. Ол асқынған жағдайда миокард инфарктіне жол ашып, оның соңы мүгедектік пен өлім-жітімге әкеледі. Ауру жүрекке қан айдайтын тәж (коронарлық) тамырының зақымдануынан, қан құрамында холестериннің жоғарылауынан пайда болады. Бұл өз кезегінде ағзалардың оттегімен және қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуына, яғни жүректің тұншығуына әкеледі, ары қарай миокард инфарктінің дамуына алып келеді. Бірақ, дәл осы аурудың салдарынан кенеттен болатын өлім-жітімнің алдын алу мүмкін екенін айтқымыз келеді.
Еліміздің кез келген азаматы жүрек артериясында зақымданудың алғашқы белгілері байқалғанда кардиолог дәрігерге баруы қажет. Электрокардиограмма жасатып, қандағы холестерин деңгейін білуі керек. Бұл аурудың алғашқы белгісі жүректің ұстамалы түрде қысылуы. Медицина тілінде оны «Грудная жаба» деп атайды. Кейбір ұстамалы стенокардия ауруы (грудная жаба) көбінесе кеуденің сол жағына, жүректің тұсына беріледі, кейде ауру жұтқыншақта, асқазан тұсында пайда болады. Міне, осындай белгілер пайда болған кезде коронароангиография жасату ұсынылады. Бұл жүрек артериясының ерекшелігін, олардың орналасуы мен тарылуын дәл анықтап беретін диагностикалық әдіс. Егер артерияның 55 пайызы тарылған болса, оттегі жетіспеушілігі туындап, оның соңы ұстамалы стенокардия ауруына соқтырады. Міне, осының алдын алу үшін диагностикалаудан кейін дәрігер хирург артерияның тарылған жеріне арнайы стент орнатады. Бұдан кейін артериядағы қан айналымы реттеліп, науқастың өмір сапасы жақсарады, ең бастысы, бұл әдіс миокард инфарктінің алдын алады.
Әрине, кез келген адам дені сау, сапалы өмір сүргісі келеді. Сондықтан маман ретінде шылым шегу, алкогольді ішімдік ішу, дененің артық салмағы, күнделікті өмірде аз қимылдау факторлары қан айналымының ауруларын туындататынын айтқым келеді. Сондай-ақ, кез келген адам аурудың алдын алу үшін дүркін-дүркін қан құрамындағы холестерин мен қантты тексертіп, қан қысымын өлшетіп тұруды да әдетке айналдырса артықтық етпейді.
Қуатжан ТҰРЫСБЕКОВ,
Алматы көпсалалық клиникалық
ауруханасының бас дәрігері.