Тарих • 14 Ақпан, 2022

«Біз ауғандықпыз»

635 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

15 ақпан - Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күні. Бір байқағанымыз, жат жерде Отанды қорғағандар еш жерде «менмұндалап» өздерін ерекшелемейді екен. Кішік мінездік, қарапайымдылық пен сабырлық өздерін «ауғандықпыз» деген ардагерлерге тән қасиет болып шықты.

«Біз ауғандықпыз»

Осы материалды дайындау барысында  біз ұзақ жылдар Ұлттық ұланда қызмет атқарған Аян Бақтиярұлы Мұхадиевпен хабарласқан едік. Қуанышымызға орай, Аян ағамыз елордада болып шықты. Біз уәделескен уақытта кездестік те, әңгіме-дүкен құрдық.  Аян аға бізді кеңсесінде тағатсыздана күтіп отыр екен. Бүгінде зейнетте отырмын деп, қол қусырып жүрген жоқ. Өмірлік жары Фарида Казенқызы екеуі кішігірім кәсіпті дөңгелетуде. Қызын тұрмысқа шығарып, ата-әже атанған. Ұлы Дарын да оқуын аяқтап, өмірін әскери саламен байланыстыруға бел буыпты. Былайша айтқанда, қоғамның белсенді мүшелері.  Көп жылдық әскери қызметтің, тынымсыз ізденістердің жемісін көруде. Бір айырмашылығы – оның азаматтық ұстанымы. Тек материалдық құндылықтарды ойламай, үнемі жастармен кездесулер өткізіп, патриоттық тәрбиеге баулуда. Өздерін «ауғандықтар» деп атаған азаматтармен байланысын үзбей, атаулы даталарда кездесуде. Басқосулар, спорттық шаралар, мерекелер қарсаңында кездесіп, мәре-сәре болып қалатынын жасырмайды.

«Басқосуларда Ауғанды жиі еске түсіретін шығарсыздар?» дейтін сауалымызға, «Міндетті түрде есімізге түсіреміз. Бір жерде болған ұрыс. Арнайы операциялар. Сондағы жаралылар, өмірден өткендер, командирлеріміз  барлығы есімізге түседі. Басқа біреу сұраса, онша айтқымыз келмейді. Неліктен? Ол жағы беймәлім.  Өзім қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған адаммын. Ауғанды әңгімелесең, көп нәрсе айтуға болады. Бірақ, біздің назымызды, ойымызды, қайғы-мұңымызды жақсы түсінетін өзіміз секілді Ауғанда болған азаматтар. Бізді «шурави» деген, өзімізді «боча»  дейміз. Барлығымыз «ауғандықпыз»! Ол жерде офицер, сержант, сарбаз барлығымызды соғыс теңестірді. Кімнің кім екенін бірден анықтап беретін де – соғыс. Өйткені, соғыста күнделікті ойыңды жасыратын да уақыт жоқ. Батыр да, сатқын да, жақын да бірден анықталады», дейді ол.

Ауғанға барған жылдарды еске алғанда кейіпкеріміз өзінің Тарбағатай аудандық военкоматын еске түсіреді. 1986 жылдың қарашасында ауылдан аудан орталығына әскерге шақырылады. Осыған  дейін Чита қаласындағы танкілі дивизияға бармай қалады. Сондай-ақ, басқа да әскер түріне өтпей қалады. Ер кезегі үшке дейін демекші, үшінші рет военкоматқа барғанда иығына қара погон таққан бір әскери қызметші келіп, Түркістан әскери округіне адам жинап жатқанын айтады. Барлық шақырушыларды сапқа тұрғызып, «Өздеріңіз білесіздер әскери жағдайымыз күрделі. Егер бізбен барсаңыздар, әскери қызметтеріңіз оңай болмайды. Кім барғысы келмейді саптан шығыңыздар» деп ескертеді. Ешкім саптан шықпады. Сонда ол адам Ауған туралы ескерткісі келгенін кейіпкеріміз кейін ұққан. Сонымен не керек, кейіпкеріміз алдымен Түркіменстанға барады. Онда оқу - жаттығу орталығынан 6 ай өтіп, гранатаметші мамандығына ие болады. Кейін бір түнде әскери бортқа отырғызып, Кабулға, одан әрі қарай отты нүктеге қарай жеткізеді. Ол туралы кейіпкеріміз былай дейді:

– Әлі есімде Кабулдағы әскери базаға келдік. Базаның бір жағында біз секілді жаңа келген сарбаздар орналасқан да, екінші жағында үлкен шақырылым сарбаздары яғни «дембельдер» жатыр.  Арамызды үш метрлік бетон қоршау бөліп тұр. Біз түн ортасында қоршаудан секіріп өтеміз де, сарбаздармен таныса бастаймыз. Барлығымыз айқайлап, бір-бірімізді сұрастырып жүрміз. «Қазақстаннан бар ма?»деймін, «Бар!» дейді бір жақтан. Сол жаққа жүгіріп бардым. Бауырымды тапқандай болдым. Сөйтсем, көрші ауылдың баласы екен, құшақтасып көрістік. Ол ертең елге ұшқалы тұр. Мен үйіме хат жазып жібердім. Содан кейін, өңшең қазақтың балалары алдағы қызмет туралы сұрадық. «Бауырларым, қорықпаңыздар. Екі айда бойларың  үйреніп, үйлеріне қайтқыларың келмейді» деп бізге қолдау көрсетті. Айтса айтқандай-ақ, екі ай өтпей жатып бойымыз үйренді. Соғыс бастапқыда үрейлі болады. «Қорықпаймын» деген адам болмайды. Бастапқыда барлығы қорқады. Содан соң, үйреншікті болып кетеді. Біз негізгі жолды күзетке алған болатынбыз. Шеп-бекеттерде күзет қызметін атқардық. Кейде, түнделетіп шабуылдауға шығамыз. Бойыңда жігерің болса, қорқыныш болмайды. Жігіттің шынығатын жері – осы майдан.

Әрине, біз 15-ақпанның ауғандықтар үшін маңызы туралы сұрауды ұмытпадық. Кейіпкеріміздің айтуынша, бейбітшіліктің қиын күндері соғыстың бір күніне тең емес. Елде бейбітшілік  орын алса ғана тіршілік атаулысы гүлденіп шығатынына сенімді. Айекең өзінің сонау сұрапыл кездегі болған өмірін есіне алған сәтте өңі бірден нұрланып кетеді. Оның себептері көп.  Ең алдымен ол бауырлас елдің  бейбітшіл қоғамын жер бетінен жермен жексен еткісі келгендердің бетін қайтарысқандардың сапында болды. Онымен қоса,  бүгінде терроризм, терроршыл атанып кеткен топтың көзін жоюға өзге елде жүріп атсалысты. Қолына қару алып, «жаным – арымның садағасы» деп қан кешті, арпалысқа түсті,  бұл дүниемен қоштасуға жақын қалып, аман қалды. Әйтсе де, ол «аман қалған жан олжа» деп қана қуанбайды. Ол өзі секілді қаракөздермен бірге қазақ атты ұлттың батырлығын көрсеткеніне, 1988 жылдың тамыз айында ол взвод командирінің орынбасары ретінде сеніп тапсырылған жеке құрамды әйгілі көпір арқылы елге алғашқы болып алып шыққанына  қуанады. Араға бес ай салып Ауғанның соңғы солдаты аталмыш көпірден өтеді. Біз бүгін атап өтіп жүрген дата да осымен байланысты.

Ардагер мынау мәңгілік  зеңгір көктің  дәл бүгінгідей тыныш, тылсым кейпіне разы.  Ол өзімен бірге өзгеріп, жаңарған елде тағы бір бейбіт таңның атқанын зор сеніммен қарсы алады.

 

Дарын СЕЙІТОВ,

майор