Аймақтар • 15 Ақпан, 2022

Кәсіби қырағылық нәтижесі

419 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Полиция қызметкерлері өз ісіне әрқашан сергек қарап, қырағылық танытып жүрсе, қыл­мыс­кер­лер де аяғын тарта басып, қоғамда қылмыс та азаяр еді.

Кәсіби қырағылық нәтижесі

Осы орайда Петропавлдың ПБ кри­миналдық бөлімі бастығының орынбасары капитан Жасұлан Балдықовты кәсіби қырағылығы зор полицей деп атауға болады. Бірде ол Бөкетов көшесіндегі өз үйінен шыға бергенде арқаларында сөм­келері бар асыға басып бара жатқан екі жігітке көзі түседі. Қырағы полицей олар­дың қолдарын жиі сермеп, қысқа сөй­леп бара жатқандарынан бірден күдік алады. Осының алдында ғана Сәтбаев көшесіндегі үйлердің бірін тонағандардың сырт келбеттеріне де екеуі ұқсайды екен. Әрине, екі көшенің арасы әжептәуір жер. Бірақ қырағы полицей мыналардың суыт жүргенін бірден болжайды.

Ол күдіктілердің соңынан бейқам аңдып отырып, өзі жедел топты күдіктілердің бет алған бағытына дереу жетуге шақырады. Ал жедел топтың жігіттері күдіктілердің қарсы алдынан тоқтағанда артқа безбек болған өзі олардың алдынан шыға келіп, ұстауға жәрдемдеседі. Полицияның командасын орындамай қарсылық көрсеткен күдіктілер күшпен бағындырылған. Сөйтіп, кәсіби қырағылығы зор полицейдің арқасында екі күдікті ың-шыңсыз ұсталды, ал олардың сөмкесінен ұрланған алтын, күміс заттар мен ірі көлемдегі ақша шыға келген.

Кейін анықталғандай Сәтбаев көше­сіндегі үйді тонаған нақ осылар болып шығады. Сөм­ке­ден шыққан айғақ заттарды иелері тап басып таныған. Күдіктілер Көкшетау қаласынан келген, бұрын бірнеше реттен сотталған «гас­тролер» қарақшылар болып шықты. Олар Петропавлға таксимен келіп, бақуат тұратын адамдар мен олардың үйлерін ториды екен. Осал тұсын тапқан кезде қымбат заттарын қолды қылып, қа­ла­дан зытып отырған.

Қазір осы факті Қылмыстық кодекстің 188-ші – «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сонымен бірге күдіктілердің полиция қызметкерінің талабына бірден бағынбай, қарсылық көрсеткендері үшін сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандар қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.

 

ПЕТРОПАВЛ