Медицина • 15 Ақпан, 2022

Перзентханаға қолдау көрсетті

291 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Аяла» қоры мен Bayer компаниясының өкілдері Қостанай қаласындағы облыстық аурухананың перинаталдық орталығына шала туған нәрестелерді қарқынды емдеуге арналған жаңа инкубатор, бес неонаталды пульсоксиметр және бір электр сорғыш табыс етті.

Перзентханаға қолдау көрсетті

– Орталықта жыл сайын 6 мыңға жуық жүкті әйел бо­санады. Біз жаңа туған нә­рестелерге, жас босан­ған ана­ларға жан-жақты меди­ци­налық көмек көрсе­те­міз. Әсіресе, салмағы өте төмен нәрестелерді емдеуге көп кө­ңіл бөлінеді. Біздің реанимация 10 орынға шақталған, мұнда жылына 600-ге жуық шала туған бала қарқынды терапияға арналған инкубаторларда дәрігерлердің көмегімен жетіледі. Неонаталды пульсоксиметрлер жаңа туған нәрестелердің орталық жүйке жүйесінің сақталуына тікелей әсер ететін қанның оттегімен қанығу деңгейін дәл және тез анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан бізге нағыз керек медициналық құралдарды тарту еткен қорға және осы қор­ға қолдау көрсеткен ком­па­ния­­ға алғыс білдіреміз, – дей­ді об­лыстық аурухананың бас дә­рігерінің орынбасары Арман Баймағамбетов.

Аталған қайырымдылық қо­ры 15 жылдан бері еліміздегі перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларының жан­сақтау бөлімдерін жаб­дық­­тау жұмыстарымен айна­­лысып ке­леді. Былтыр «Аяла­ның» «Өмір сыйлайық» жобасы аясында еліміздегі перзентханалар үшін 199 млн тең­геге 80 реанимациялық медициналық техника сатып алынған. Қор басшысы Айдан Сүлейменованың айтуын­ша, 2021 жылы жиналған қар­жыға биыл қаңтар айында Ал­матыдағы акушерлік, гинек­ология және перинатология ғылыми орталығына екі жасанды тыныс алу аппараты мен екі фототерапия шамы орнатылған.

 

Қостанай облысы