Үкімет • 15 Ақпан, 2022

Президент тапсырмасы: Үкімет қандай шаралар қабылдады?

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды, деп жазады Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент тапсырмасы: Үкімет қандай шаралар қабылдады?

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің осы жылға арналған негізгі әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындап берді. Үкіметтің ең маңызды міндеттерінің бірі – халықтың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру», деді Ә. Смайылов. 

ҚР Президентінің тарифтік жоспарлар жөніндегі тапсырмасын орындау аясында монополист операторлар мен делдалдар алып отырған тарифтер мен комиссияларға бір ай ішінде талдау жүргізіп, оларды қайта қарау немесе алып тастау жөнінде шешімдер дайындау тапсырылды.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында тау-кен секторында пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемесін, мұнай өнімдерін өндірушілерге арналған акциздерді, жер қойнауын пайдаланушылардың дивиденттері бойынша жеңілдіктерді және трансферттік баға белгілеу тәртібін қайта қарау бойынша ұсыныстар әзірленгенін атап өтті.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және диқандарды арзандатылған дизель отынымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және пестицидтермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қомақты мемлекеттік қаржыландыру мен көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, Арнайы экономикалық аймақтардың ел экономикасына қосып отырған үлесі өте төмен деңгейде қалып отыр.

«Басқарушы компаниялардың жұмысы тиімсіз. Әлеуетті инвесторлар арнайы экономикалық аймақтарға кіру, қажетті инфрақұрылымның болмауы, басқарушы компаниялардың салғырттығы сияқты үнемі түрлі кедергілерге тап келеді», деп Әлихан Смайылов, тексеріс жүргізіп, 1 наурызға дейін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Тауарлық және сұйытылған газ өндірісін ұлғайту, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы инвесторлар үшін ынталандыру шараларын әзірлеу мақсатында Үкімет басшысы бір ай ішінде Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер топтамасын енгізуді тапсырды.

«Ресурстық базаны ұлғайту мәселесі өте өзекті болмақ. Негізгі басымдық – ішкі нарықты, оның ішінде кәсіпорындарды газдандыру», деді Премьер-Министр отырыс барысында.

Сонымен қатар Министрлер кабинетінің басшысы ауруханалар салу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының бірыңғай және оңтайлы нұсқасын әзірлеуді, шұғыл түрде «СҚ-Фармация» базасында медициналық техниканы бір орталықтан сатып алу, оның ішінде өндірушілерден бүкіл пайдалану мерзіміне сервис ұсына отырып, тікелей сатып алу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

«Сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бұл процесті толығымен автоматтандыру қажет», деді ҚР Премьер-Министрі.

«Қазіргі жағдайда біз жұдырықтай жұмылып, нақты нәтиже көрсетуіміз қажет. Біздің басты міндетіміз – халықтың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған экономиканы дамытуға күш салуымыз қажет», деді Ә. Смайылов.