Қоғам • 15 Ақпан, 2022

«Қорғас» пен қанжар

4853 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен шекарада орналасқан кеден бекеттеріндегі жемқорлық әрекеттеріне тосқауыл қойып, темірдей тәртіп орнату жөнінде тиісті құқық қорғау органдарына нақтылы тапсырмалар берді. Ел басшысының аталған сөзін естіген кезде осыдан тура жиырма жыл бұрынғы бастан кешкен қанқұйлы оқиғалар мен небір әділетсіздіктер тізбегі көз алдыма қайта келді.

«Қорғас» пен қанжар

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

2002 жылдың 25 қаңтарында Елбасы Астанада барлық деңгейдегі әкімдермен кеңес өткізді. Сол кеңесте: «Қытаймен арадағы мемлекеттік шекаралар маңында, жол бекеттерінде жемқорлық жойылмай отыр. Бұл учаскеде бір айдың ішінде тәртіп орнатып, нәтижесін мәлімдеуді құқық қорғау органдарына тапсырамын...» деп айтып өтті. Көп ұзамай Үкімет отставкаға кетіп, кеден комитетінің басшылығы да ауысты. Кеден комитетінің уақытша төрағалығы міндетін атқаруды сол кездегі Мемлекеттік кіріс министрі З.Кәкімжанов өз қолына алды. Іле-шала 11 ақпан күні ол Астанаға бірнеше кеден басқармалары мен кеден бекеті бастықтарын шақырып алып, әрқайсысымен жеке-жеке әңгіме өткізді. Сол күні Қытаймен шекарада орналасқан кеден бастықтарының бәрі қызметтен босатылады. Содан кейін «Қытаймен шекарада орналасқан кедендерге тәртіп орната алатын жігіттер бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Сол кезде атышулы «Қорғас» кеденіне бастық ретінде Е.Абдрахмановтың кан­дидатурасы, «Бақты» кеденіне менің, ал «Майқапшағай» кеденіне сол кез­дегі «Уба» кеден бекетінің басты­ғы Б.Смағұловтың кандидатурасы ұсыны­лады. Сөйтіп, үшеуміз де бір күнде бір бұйрықпен үш жаққа аттандық.

Біздің алдымызға үш түрлі міндет қойылды. Біріншісі – шекаралық кедендерде орын алған сыбайлас жем­қор­лықтың тамырына балта шауып, кадрларды кәсіби шеберлігіне қа­рай іріктеу және кеденшілерді қылмыс­тық топтың ықпалынан ажырату. Екін­шісі – контрабандаға қарсы үзіл­ді-кесілді тосқауыл қою. Үшіншісі – бас­қа қалталарға кетіп жатқан кеден­дік төлемдерді түгелдей мемлекет қазына­сына түсіру.

Сол бір айтулы кезеңде біздің көрген құқайымыз бөлек әңгіме. Ал Ерікжан Абдрахмановтың «Қорғас» кеденінде басынан өткерген ержүрек қимылы мен табанды әрекеттері кеден тарихында үлкен әріппен жазылып қалды.

Ақпан айының 14-нен бастап Е.Аб­д­рах­­мановтың келуімен «Қорғас» кеденінен импортталған жүктерді тасу кілт тоқтады. Кеше ғана жолаушылар мен жүк көліктері әрі-бері қайшыласып жатқан шекарада бір-ақ күннің ішінде мүлгіген тыныштық орнады. Қытай жағында Қазақстанға шыға алмай, жүк тиелген жүздеген автокөліктер керуені кептеліп тұрды. Ерікжан жұмысқа білек сыбана кірісе сала, өткенге талдау жасады. Жыл басынан бері (2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап) 14 ақпанға дейін импортталған тауармен 998 жүк машинасы өткен екен. Ал түскен кедендік төлемдер жүз миллионға да жетпейді. Жүк тасыған әр көліктегі тауардың сал­мағы мен кедендік құны 15-20 есеге дейін төмендетілген. Яғни миллиард теңгеден артық қыруар ақша мемлекет қазынасына түспеген.

Әрине, өте қиын жағдай. Тар жол, тайғақ кешудің көкесі енді басталғалы тұр. Себебі шекараны жауып тастағаны үшін бәрінің қайраған тістері мен назарлары Е.Абдрахмановқа бағытталған. Бұған қоса шекарадан өткен әр көліктен өз үлесін алып отырған құқық қорғау органдары мен бандиттік құрылымдардың «несібесіз» қалуы да психологиялық ахуал­ды шиеленістіре түсті. Бәрі де оңай­лықпен беріле салатын жаулар емес. Сонымен қатар Ерікжанның Өскемендегі бала-шағасына да қауіп төнді. «Нағыз дос басыңа іс түскенде сыналады» деген емес пе. Сол кезде оның отбасының қауіпсіздігін өзінің достары, полиция полковниктері Бақытбек Жаманбаев пен Оралбек Белімбаев екеуі өз мойында­рына алған еді. Бұндай жауапты да қауіпті сәттерде қасақана бір бәлені ұйымдастыра салу түкке де тұрмайды, әрине.

– Бекен, – деді бірде Ерікжан «Қорғас» кеденінен телефон шалып, – өзіңді байқа, жігіттерді сақта.

– Не боп қалды, Ереке? – дедім түкке түсінбей.

– Кеше маған бірнеше қаржы полициясының жігіттері келді. Қолдарын­да «Күдіктіні ұстау жөнінде хаттама» бар екен. Тұтқын­дау жөніндегі қағаздарымен танысып отырып, ішінен «Жеке тексеру хаттамасын» көріп қалдым. Оқысам, хаттамада менің қалтамнан «Өзіндік иісі бар ақ ұнтақ табылды» деп жазып қойыпты. Көрдік дегізіп, алдын ала жалған куәгерлердің де қолын қойғызып алған. Ыза болғаным соншалық, дереу орнымнан атып тұрдым да тапаншамды кезеп тұ­рып, өздерінің заңсыз әре­кеттерін куәландырып, қаматып тастадым. Олардан зұлымдықтың небір тү­рін күтуге болады, сақ болың­дар, – деді.

Осы оқиғадан кейін бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы күнде-күнде кеденшілерді жамандаған ақпараттар ағыны қарша борады. Бұл әрекеттің артында кеден саласы бойынша қоғамда жағымсыз пікір қалыптастыру және шекарадағы кеден басшыларын орнынан алдырып тастау мақсаты тұрғаны белгілі. Әрине, сөйлеушілердің артында үлкен бір күштің дем беріп тұрғанын аңғару қиын емес еді. Бұл жөнінде З.Кәкімжановтың өзі де баспасөз конференциясында: «Қорғас» кеденінің артында кімдердің мүддесі тұрғанын бізге қарсы қандай бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шабуыл жасап жатқандарынан-ақ байқап отырған шығарсыздар...» деп батыл айтып өтті. Ол әрине, Рахат Әлиев еді. Біздер де сол екенін бес саусақтай біліп отырдық. Бірақ та қол қысқа болған соң, амал не?...

Қалай дегенмен де 2002 жылдың 11 сәуірінде «Мегаполис» газетінде: «Хоргосский скандал: «война» по заказу?» деген материал жарияланды. Онда былай деп жазылды: «...Просто после чистки таможенных кадров, начатой минис­тром госдоходов Ка­ким­жановым, и назначением новым начальником пос­та господина Е.Абдрахманова, видимо, был полностью перекрыт «зеленый» денежный поток, текущий к тому самому эксбонзе из одной силовой структуры... Эти господа просто выполняли определенный заказ, чтобы вернуть все на круги своя...». Сол кезде жалғыз осы мақала ғана біраз шындықтың шетін шығарды.

Кез келген оқиғаны бастан кешіру қиын, айту оңай. Ерікжан Абдрахмановқа телефонмен: «Өлтіреміз, бала-шағаңды кепілдікке аламыз» деушілер де болды. Әуелі КТК телеарнасынан: «Қорғас» кеденінің бастығы қамауға алынды», «Қорғас» кеденінің бастығына іздеу салынды», «Қылмыс жасап қашып жүр» деген жалған ақпараттар да кетіп қалды. Осылайша, психологиялық шабуыл аққан селдей үдей түсті. Бұған қоса «Қызметтік өкілеттігін шектен тыс пайдаланды» деп Оңтүстік-шығыстағы көлік прокуратурасы Е.Абдрахмановтың үстінен негізсіз фактіге құрылған қылмыстық іс те қозғап жіберді. Тіпті қаржы полициясының қызметкерлері кедендік ресімдеуден өткен импорттық тауар тиеулі көлікке автомат та лақтырып кетті. Сонымен қатар кедендік ресімдеуден өткен көліктерді негізсіз тексерулерді де үдете түсті. Алайда қылмыстық жауапкершілікке тартатындай еш ілік таппады.

Осылайша, бастарына қаншалықты қара бұлт үйірілсе де, «Қорғас» ке­ден­шілері кездескен қиыншылықтарға қарсы бір кісідей жұмыла күресе білді. Сөйтіп, сол жылдың сәуір айында ғана республикалық бюджетке кедендік төлем­дер бойынша 1 миллиард 86 мил­лион 473 мың теңге аударылды. Осы­лайша Ерікжан Мырзамұханұлы бастаған кеденшілер арларының таза, өз істерінің ақ екенін үлкен күшпен дәлелдеп шықты. Бұл қаражат «Қорғас» кеденінің 2001 жылғы бір жылдық көрсеткішінен асып кететін еді. Аталған жаңалық туралы З.Кәкімжанов ізін суыт­пай, сол кездегі Үкімет басшысы И.Тасмағамбетовты хабардар етеді. Көп ұзамай, мамыр айында «Қорғас» кеденінің бастығы Е.Абдрахмановқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі И.Тасмағамбетовтың қолы қойылған «Алғыс хаты» табыс етіледі.

Осы жетістікті кезінде қорғастық кеденшілер «Қорғас» революциясының жеңісі» деп атады. Бұл жерде, әрине, сол бір қиын да жауапты сәттерде тірек бола білген министріміз З.Кәкімжановтың да еңбегі өте зор. Өз атына қаншама негізсіз, ауыр да әділетсіз сөздер естісе де, қарамағындағы қызметкерлерін жанын салып қорғай білді. Және де осындай дүрбелең кезінде Кеден комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған үлкен жүректі азамат Аманияз Қасымұлы Ержановтың да көрсеткен азаматтығы бір төбе. Сонымен қатар төніп тұрған қауіптен қаймықпай, Ерікжанның жанынан бір табан шегінбеген марқұм Самат Рамазанов, Алтай Танабаев, Қайрат Бөкішев, Ризабек Қалиаждаров, Болат Жаманбаев, Руслан Селиханов, Ербол Исанов сияқты әріптестерінің де азаматтығы ерекше. Сол кездері бұл жетістік жөнінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Қорғас»: трехлетние показатели – за три месяца» деген мақалада: (29.06.02) «...Подобное понимание проблемы присуще и всей новой команде, пришедшей на основные таможенные посты страны. По крайней мере, тенденция, которая отмечена на «Коргасе», прослеживается и в остальных областях. Таможенный прогноз план в целом по Казахстану перевыполнен более чем в два раза. Пока мы беседовали с Ерикжаном Абдрах­мановым, позвонил начальник таможни «Бахты» Бекен Нұрахметов. По его таможне выполнение прогнозного плана составило 117 процентов, прошлогодний показатель уже перевыполнен на 600 процентов... Связываются эти перемены как с новым руководителем таможенного комитета республики, так и с приходом команды профессионалов» деп атап өтілді.

Сонымен қатар «Время» газетінде жарияланған «Хоргос гейт» деген шағын хабарда «Қорғас» кедені айына бір миллиард теңгеден артық табыс берсе, бұл дегеніңіз Алматы облысының сол кездегі бір жылдық бюджетін құрайтыны жөнінде айтылды. Мысалы, «Қорғас» кеденінде мемлекет қазынасына кедендік төлемдер мен салықтардан түсетін ақша көлемі 1999 жылы 900 миллион теңгені, 2000 жылы 840 миллион теңгені, 2001 жылы 720 миллион теңгені ғана құраған екен. Жыл сайын импортталатын тауар айналымы бірнеше есеге өсіп отырғанына қарамастан, кедендік төлемдер керісінше, құлдырай берген. Ал Е.Абдрахмановтың басқаруымен 2002 жылы небәрі алты-ақ айдың ішінде ғана кедендік төлемдерден мемлекетке өткізген қаржының саны – «Қор­­ғас» кеденінің соңғы он жылда бер­­­ге­нінен асып түскенін айта кеткен орын­ды.

«Қорғас» кеденінде жасаған жанкешті ерлігі үшін Ерікжан Абдрахманов кейін­­нен екінші дәрежелі «Айбын» ор­денімен марапатталды. Бұл жеңіс оңай­лықпен келген жоқ, әрине. Сол бір қиын-қыстау күндерде оған Ішкі істер министрлігі саласында ұйымдас­қан қылмысқа қар­сы күрестегі жина­ған тәжірибесі мен Ауғанстан Респуб­ликасында әскери борышын өтеген ержүректілігі үлкен серік болғаны белгі­лі. Қалай дегенмен де Ерікжанның «Қор­ғас» кеденіндегі жеңісінен кейін ел арасында әртүрлі қауесеттер жүрді. «Жеңіліс тапқандар оны кешірмейді...» деген ызғарлы сөздер де айтылмай қалған жоқ. Сондай күндердің бірінде Зейнолла Кәкімжановпен арнайы кездескен едім. Әңгіме арасында Зейнолла Халидоллаұлы маған:

– Сол кезде біздің жауларымыз Ерікжан екеумізді өлтіруге тапсырыс бе­ріп қойған болатын. Бізді неге өлтіре алмағанын білесің бе? – деді.

Мына сөзді естігенде селк ете түстім. Содан кейін білмейтінімді айтқанымда сөзін қайта жалғап:

– Себебі біз жауларымызбен ашық соғыстық. Оны өзің білесің. Бізді өлтірген жағдайда тапсырыстың қайдан шыққаны бірден белгілі болатын еді. Олар содан қорықты, – деді ештеңені жасырмай.

Иә, шынымен де «Қорғас» оқиғасынан кейін Ерікжанның артына түсіп, аяқтан шалмақшы болған әрекеттер толастамады. Оның бойындағы айтқанынан қайтпайтын қағидатшылық пен қара қылды қақ жаратын адалдығы кей бас­шы­ларға ұнамады. Үстінен бірнеше қызметтік тексерулер де жүргізілді. Бірақ қыз­меттен қуатындай ешбір ілік таба алмады. Ақыры, 2008 жылы Ерікжан Абдрахманов «Достық» кеденіне бастық болып тағайындалды. Тағы да қытаймен шекара, тағы да айқай-шуы көп жер. Кеден комитеті басшылығының оны сол жерге не үшін тағайындап отырғаны да түсінікті еді. Себебі соның алдында ғана кеденде бандиттік құрылым өкілдері мен кеденшілер арасында шиеленісті жағдай орын алған еді. Сондықтан да кеденді бандиттік құрылымның ықпалынан ажы­­ратып, темірдей тәртіп орнату керек болды. Осылайша, Ерікжан өзіне тапсырылған сенімді ақтап, «Достық» кеденінде де ержүрек әрі қағидатшыл басшы ретіндегі қолтаңбасын қалдыра білді. Оған дәлел ретінде 2012 жылдың 14 сәуірінде «Время» газетінде жария­ланған «Чужие здесь не воруют» атты мақалаға (авторы Т.Кучуков) тоқтала кеткенді жөн көрдім. Онда автор «Дос­тық» стансасындағы көліктік полиция бөлімшесінің бастығы, подполковник Ерлан Әлімбековке сұрақ қойған кезде ол былай деп жауап беріпті. Газет материалынан үзінді:

– Несколько лет назад начальник тамо­жни «Достык» Жанарбаева Нур­гуль жаловалась, что местный криминалитет полностью оккупировал границу и все переходы. Она утверждала, что ее же подчиненные «ходят под бандитами». Что-то изменилось с тех пор?

– Я в те годы работал в другой службе, но слышал про передел сфер влияния. После Жанарбаевой начальником при­шел Ерикжан Абдрахманов. Он перестал проводить растаможку грузов на «Достыке» и передал эти функции таможенникам на конечных станциях. Он довольно жесткий мужик – быстро навел порядок на границе и, не поверите, криминалитет сам по себе исчез. Сейчас организованной преступности у нас нет...

Сол жылдары Қытаймен шекарада орын алған қақтығыстың ызғары оңай­лықпен жіби қойған жоқ. Осы орайда, 1999 жылы қандықол қарақшылардың қолынан қайтыс болған «Достық» кеденінің бұрынғы басшысы Саясат Тұрышевтың қайғылы тағдырын біреу білсе, біреу білмейді. Қызметтен еш негізсіз босаған ол әділеттілік іздеп, сол кездегі Премьер-Министр Нұрлан Балғымбаевтың қабыл­дауында болады да, шекарадағы орын алып жатқан бар шындықты айтады. Саясат Жұмажанұлының осы беталысынан қорыққан қылмыстық топ мүшелері мәселені ушықтырмау үшін оны арнайы тапсырыспен Қызылорда қаласында атып өлтіреді. Бұған қоса «Бақты» және «Достық» кедендерінің бастығы болған Ержан Нұғымановты да әбден тығырыққа тіреп, нәтижесінде жүрек талмасынан қайтыс болады.

Сонымен қатар Ерікжан ғана емес, менің де артымнан шам алып түсушілер есесін жібермеуге тырысты. Атап айтсам, 2008 жылдың 19 тамызы күні түнгі сағат 12-де қылмысты топтың мүшелері жеке басыма қастандық жасады. Ол кезде «Семей» кедені бастығының орынбасары қызметінде болатынмын. Көрер жарығымыз бар екен. Бір Құдай сақтады. Ол аздай, ауруханадан емделіп шыққан бетте көп ұзамай автокөлігіме есірткі тығып кетті. Одан да құтылдым ба дегенде, бүкіл Семей қаласын дүрліктіріп, автокөлігіме жарылғыш зат қою әрекеті де орын алды. Қаншама сыр бермеуге тырыссам да, жүйкемді біраз тоздыр­ды. Осындай қиналған сәттерімде ту­ған-туыстарым мен бала-шағам және ет­жа­қын жолдастарым маған жұмыстан кетуге ақыл-кеңес берді. Жауларымның еш­теңеден тайынбайтын түрлері бар еке­нін ескертті. Шынымен де қатты ойланып қалдым. Сондай сынаулы сәттерде Ерік­жан ұстазыма хабарластым. Ол кезде «Дос­тық» кеденінің бастығы қызметінде бола­тын. Менің ойымды тыңдап болған соң:

– Біріншіден, қазір сенің барлық достарың мен жауларың жан-жақтан «Не жасайды екен? – деп сын көзбен қарап отыр, – деді сөзін нығарлап. – Екіншіден, кезінде менің «Қорғас» кеденінде бастан кешкен жағдайды қазір сен өз басыңнан өткеріп отырсың. Шегінуші болма. Ше­гін­сең Қабанбай атаңның аруағынан ұят болады, – деп намысымды қайрап, ағалық ақылын айтты.

Ерекеңнің ағалық ақылы маған шынымен де үлкен жігер берді, намысыма қамшы басты. Осы әңгімеден кейін мен де тасадан тас атып жүрген жаулармен ашық айқасқа түстім. Сөйтіп, сол сыннан да сүрінбей өттік, әйтеуір. Осы орайда, маған жасалған қастандықтың негізгі себебі, Қытайдан Семейге келетін импортты тауарларды кедендік ресімдеуден өткізген кезде ешкімге «жеңілдік» жасамай қойғандықтан туындаған еді. Тіпті «Семей» кеден бекетінің сол кездегі басшысы А.Бекбергенов екеуміз бір көліктен ғана 25 миллион теңге кедендік төлемдерді өндіріп, республиканы бір шулатқанымыз бар.

Ерікжанның бойындағы алақұйын мінезіне байланысты лақап аты да өте көп болатын. Біреулер оны Алтайдың тумасы болғандықтан «Кербұғы» десе, енді біреулері «Афганец» дейтін. Ал енді қылышын сермеп, қып-қызыл айқастың ішінде жүргенін көрген кезде «Чапай» деп те айтатын. Ол шынымен де нағыз жауын­гер болатын. Сондықтан да оның досы қанша көп болса, жаулары да аз емес еді. Бейбіт өмірдің өзінде бүкіл өмірі күреспен өтті. Ол ылғи да: «Все можно купить, кроме чести и совести» деп айтатын. Тіпті сол жолда отқа да күйді, суға да тұншықты.

Иә, Ерекең тек күресіп қана қойған жоқ. Қаншама шәкірттер тәрбиелеп, оларға ақиқат жолында тайсалмауды үй­ретті, бойларына жауынгерлік рухты сіңіре білді. Алайда оның жасаған ерлігін қайталау әлі күнге дейін бірде-бір кеденшінің маңдайына бұйырмапты. Арада жиырма жыл өтсе де, Қытаймен шекарада Ерікжан сияқты темірдей тәртіп жасай алған бірде-бір кеден басшысы болған жоқ. Оның себебі, кеден бекеті басшыларының шекараны монополияға айналдырып алған кландық топқа қарсы күресуге шамалары жетпегені таза шын­дық.

Қалай айтсақ та, бәріне уақыт төреші. Өкінішке қарай, Ерікжан әріптесіміз өмірден ерте кетті. Кеден саласындағы басынан өткізген небір әділетсіздіктер мен текетіреске толы тірлік жүрегіне ауыр салмақ түсірді. Сөйтіп, 2019 жылдың 10 қаңтарында фәни жалғанның есігін жауып, 58 жыл ғана ғұмыр кешті. Бұл хабарды естігенде сенген жоқпын. Себебі 10 қаңтар менің туған күнім болатын. Таңертең ертемен туған күніммен ағалық ақ пейілін білдіріп, құттықтаған еді. Ал түстен кейін суық хабарды естідім. Осылайша, өмірімде бірінші рет туған күнімді жылап қарсы алдым.

Ерекең өмірден ерте кетсе де, артында қаншама өшпес із қалдырды. Мүмкін, уақыт өте келе, Ерікжан сияқты азаматтардан тәрбие көрген кеденшілердің жаңа толқыны көкжиектен көптеп көрініс бере­тін шығар. Тіпті соңғы демі таусылып бара жатып, «Лә иллаха илла Алла» деп тілін кәлимаға келтіріпті. Содан кейін қасында отырған жан досы, полковник Оралбек Белімбаевқа қарап: «Қанжарымды әперіп жіберші, Ореке» деп өтініш жасапты. Оралбек дереу қанжарын қынабынан шығарып, қолына ұстатыпты. Сол сәтте қанжарының ұшын көкке қаратқан күйі көзі жұмылып кете берген екен.

Иә, ол өлімнің өзін де қолындағы қанжарымен қарсы алды. Сол арқылы нағыз батырлықтың үлгісін көрсетіп кетті. Кейде мына фәни жалғанда болып жататын кейбір келеңсіз көріністерге қарап тұрып, сол жерге Ерікжанның тоқпағы жетпей тұрған сияқты көрінеді маған. Себебі Қытаймен шекаралық кедендерде дүрбелең әлі біткен жоқ. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған қатаң талаптан кейін аталған учаскеде темірдей тәртіп орнап, әділеттілік салтанат құратын күн алыс емес деп үміттенеміз.

 

Бекен НҰРАХМЕТОВ,

кеден қызметінің ардагері, полковник, 

Қазақстан Журналистер одағы С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты