Қоғам • 15 Ақпан, 2022

Елімізде 24 Қазақстан тұрады

526 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елде 19,1 млн адам тұрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,3 пайызға көп.

Елімізде 24 Қазақстан тұрады

Өңірлік бөлініске салсақ, ел азаматтарының басым көпшілігі Алматы облысында қоныстанған – 2,1 млн адам. Үздік үштікке сондай-ақ 2,1 млн адаммен Түркістан облысы, 2 млн тұрғынмен Алматы қаласы кіреді. Бұл үш өңір бүкіл ел халқының үш­тен бірін құрайды. Халық ең аз қоныстанған өлке – Солтүстік Қазақстан облысы. Теріскейдегі жұрттың саны 540 мың адамды маңайлайды.

Осы көрсеткіштер фо­нын­дағы ең қызық дерек – Қазақстан деген есімі бар 24 азаматтың бар екені. Мем­лекет атауын иеленген азаматтардың көбі Ақмола облысында тұратын болып шықты. Олардың саны – 6 адам. Сонымен қатар Қара­ғанды облысында – 4, Қос­танайда – 3, Шымкентте – 2, Алматы, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын­да 1 Қазақстан өмір сүріп жатыр.

Бұдан бөлек қала атауын иеленген қазақстандықтар да бар. 28 адамның есімі Семей болса, ата-аналар балаларына Алматы және Түркістан деген де есімдер берген. Сондай-ақ Атырау, Тараз, Қостанай, Ақтау, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақ­төбе, Талдықорған атауын есім қылып жүрген жандар да баршылық.