Аймақтар • 15 Ақпан, 2022

Даму бюджеті мен дағдарыс бюджетінің арасы

372 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алға ауданының мәселесі көп. Біріншіден, өндірісі жоқ, дотацияда отырған аудан. 29 елді мекені бар. Былтыр 1 млрд 455 млн теңге салық жиналса, биыл салық базасын 1 млрд 600 млн теңгеге ұлғайтқан. Облыстық, республикалық бюджеттен аударылатын субвенциямен қосқанда, аудан бюджеті 9 млрд 400 млн теңгеге толыққан.

Даму бюджеті мен дағдарыс бюджетінің арасы

Аудан әкімі Нұрбол Ержанов тұр­ғындар алдында есеп беру кезінде «Актеп» ЖШС-ы, «Ақтөбе ет кластері» ЖШС-ы, Бестамақ құс фабрикасының уақыт­ша тоқтап тұруы аудан экономика­сына теріс әсер бергенін жасырмады. Өйткені ауданда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 60 %-ын осы үш шаруашылық өндіретін.

Жұрт қорасындағы төрт түлігінің өсімінен, қосалқы шаруашылық есебі­нен табыс табады. Ауданда 400-ден аса шаруа қожалығы тіркелген. Биыл Са­ры­қобда ауылдық округінде мал сою алаңы, 1 мың бас ұсақ малға арналған бор­да­қылау алаңы салынса, біраз адамға жұ­мыс табылмақ.

Ауыл шаруашылығы өнімдері қым­баттап жатқанда, табиғаты жайлы, же­рі шұрайлы, Елек өзені он орап аға­тын ауылдар жанында облыс тұрғын­дарын азық-түлікпен қамтитын ірі шаруа­шылық құрылмауының себебі неде? Әйтпесе, қай ауылында да ет-сүт өңдейтін шаруашылықтар құруға да, көкөніс өсіруге де мүмкіндік мол. Аудан аумағының жері 750 мың гектар болса, оның 540 мыңы – ауылшаруашылық мақсатында, ал 100 мың гектары елді мекендерге тиесілі. Былтыр игерілмей бос жатқан 22 400 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Осы жұмыстар жер инспекциясымен бірге биыл да жалғаспақ. Алға ауданында жерді пайдалануда 1990 жылдардан бастап тәртіп болмаған. Банктерге кепілдікке қойылған жер телім­дері де көп. Бұл жұмыс ұзақ рет­теуді қажет етеді.

Бір жақсылығы, елді мекендеріне газ және орталықтандырылған ауыз су жүр­гі­зу жағынан өңірде алда тұр. Дәлі­рек айт­­қ­анда, 29 елді мекенінің 24-іне газ, 19-ына сапалы ауыз су келді. Былтыр Еркін күш, Амангелді ауылдарына газ құбыры тартылса, биыл Талдысай, Жерұйық ауылдарына кіргізіледі. Ал әлеуметтік нысандары жоқ, адам саны 40-50-ден аспайтын, ескі жұрттың орнында мал бағып отырған жандар осы игіліктен құр қалатын түрі бар. Себебі Үкімет бекіткен ереже бойынша адам саны өте аз, мектебі жоқ ауылдарға құбыр жүргізілмейді. Соның бір мысалы, Қызылту, Ерназар, Құмсай, Ақсазды – әлеуметтік игіліктерден құр қалған ауылдар. «Қызылту» елді мекенінің тұр­ғыны, шаруа қожалығының иесі Кеңес өкіметінен қалған ескі клубты ауыл адамдары бірлесіп жөндемек болып отырғанын жеткізді. Осы ауылға газ құбыры тартыл­са, жан-жаққа кеткендер қайта көшіп келеді дейді. Ақай ауылдық округі Көл­та­бан ауылының тұр­ғыны Бақтығали Сей­те­нов те бүгінде төртжылдық мектеп­ке айналған бұрынғы тоғызжылдық мекте­бінің ертеңіне алаңдайды. Бала са­ны өте аз. Мектеп жабылса, ауыл да жоғалады.

Биыл Тоқмансай ауылына орталық­тандырылған ауыз су құбыры тартылса, Талдысай, Көлтабан, Еркін күш, Құмсай ауылдарына сүзгіштері бар кешенді модуль-блоктар орнатылады. Одан кейін Тікқайың, Көптоғай, Қайыңдысай ел­ді мекендерін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп жатыр. Соңғы үш ауылдың әрқайсысына 450-600 млн теңгеден қаржы керек. Тұр­ғындарының саны жылма-жыл кө­бейіп жатқан Маржанбұлақ ауылы тұр­ғын­дары ауыз суды сырттан тасып ішеді. Биыл Самбай, Қарақұдық, Ақай, Жерұйық ауылішілік жолдары, Алға қаласының 12 көшесі жөнделмек.

Жастар жұмыссыздығы да өзекті мә­се­ле. Өткен жылы жұмыссыздарды әлеу­меттік, қоғамдық жұмыс орындары­на тарту, жастар тәжірибесі арқылы 2 800 жұмыс орны ашылды. Бірақ қоғам­дық жұмыс бюджет қаржысын игеруге бағытталған, ұзақмерзімдік пайда әкел­мейтін қысқамерзімдік шара деп те қарауға болады. Жұмыс орындары жабылып қалмайтындай етіп құрылуға тиіс десек, «Жастар тәжірибесі» жобасы жастарға жақсы серпін береді деген үміт бар. Себебі осы кезге дейін жас маман алты ай бойы 50 мың теңге еңбекақымен тәжірибе жинақтаса, енді бір жыл еңбекке төселе жүріп, ай сайын 90 мың теңгеден еңбекақы алады. Сондай-ақ жаңадан кәсіп ашқысы келетіндер үшін қайтарымсыз грант сомасы 400 АЕК-ке ұлғайып, былайша айтқанда 1 млн 200 мың теңгеге өсті. Ендігі жерде жаңадан кәсіп бастағандарға құрал-жабдық сатып алуға жақсы мүмкіндік туды.

Ауданда 29 мектептің ішінде көп жылдан бері күрделі жөндеу көрме­гендері де жеткілікті. Аудан әкімінің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Үшқұдық, Бестамақ, Есет батыр орта мектептері күрделі жөндеуден өтсе, Үшқұдық, Маржанбұлақта жеке кәсіп­керлер балабақша салды. Биыл Ақай орта мектебіне, Алға қаласындағы «Бал­бөбек» балабақшасына және №3 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, Маржанбұлақ ауылында салынып жатқан 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі деген жос­пар бар. Маржанбұлақ мектебінің жоба құнына өзгеріс енді. Өйткені құрылыс материалдарының тым қымбаттауынан әуелгіде бөлінген қаржы жетпей қалып, құрылыс 1 млрд теңгеге қайта жобаланды. Таратып айтқанда, осы мектеп құрылысына 958 млн теңге, оның инженерлік желілерін өткізуге 49 млн, газ қазандығын салуға 68 млн теңге қаржы керек.

Сондай-ақ Самбай, Қайнар, Тоқман­сай, Маржанбұлақ ауылдарында балалар спорт алаңдары, Үшқұдық, Бестамақта ангар үлгісіндегі спорт кешені тұрғы­зылады. Бірақ аудан орталығында спорт кешені жоқ.

Мәдениет үйлерінде көптеген үйір­ме­нің, спорттық кешеннің салынуы жастар арасындағы тәртіпсіздікті азайтудың ең жақсы құралы. Шынымен де, соңғы жылдары жастар арасында қылмыс едәуір азайған. Жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмеген аудандық кітапхана, Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасы да кезек күтіп тұр. Осы­лайша, биыл Алға ауданының әлеу­меттік инфрақұрылымдарын жаңа­лап, күрделі жөндеуден өткізуге 5 млрд теңге қажет.

Балаларының болашағына бейжай қарамайтын ата-аналар спорт кешендері, түрлі шығармашылық үйірмелер ашыл­ға­нына ықыласты. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген ауыл клубтарына түрлі музыкалық аспаптар сатып алынып, музыка үйірмелері ашылсын дейді.

Есептік кездесуде ауылдар арасында­ғы жолдардың қардан тазартылмай жатқаны, қар тазарту жұмыстары үшін белгіленген қаржы көлемі туралы сұ­рақ туындады. Шаруа қожалығының бас­шы­сы Марлен Баймағамбетов: «Тех­ни­калық негіздеме сәйкес келмейді деген сылтаумен көпте­ген жергілікті фир­ма қар тазарту жұ­мыс­тарына қатыс­тырылмайды. Өйткені осы жұмыстарға өңірде тіркелмеген техникаларды талап етеді. Оның үстіне, қар тазарту жұмыстарына техникалық негіздемеде баға көрсетілмеген. Мәселен, 1 шақырым жолды қардан тазартуға 1 мың теңге жұмсала ма, әлде 5 мың теңге жұм­сала ма? Осы анық жазылуы керек емес пе?», деп ренішін жеткізді. Оған аудан әкімі «Аяқталған жұмыстарға ғана төлем жүргізіледі. Келісімде бекітілген жұ­мыс­тар орындалмаған жағдайда, сот­қа жүгініп, қаржыны қайтарамыз немесе мүлдем жұмсалмаса, үнемделген қаржы есебінде жыл соңында аудандық бюджетке қайтады. Жалпы, Алға ауда­нының жолдарын тазартуға мердігерлер ықыласты емес. Себебі олар аз мерзім деп бір жылға келісімшарт жасағысы жоқ. Ауыл арасындағы жолдарды таза­лауға бөлінетін қаржы көлемі көп емес. Сол себепті де қар тазарту жұмыстарына келген мердігерлермен үш жыл мерзімге шартқа отырамыз», деді.

Байқағанымыз, ауыл тұрғындары өте белсенді. Бюджет қаржысын жұмсауда ашықтықты талап етіп, әлеуметтік нысандар құрылысын уақтылы аяқтауды әкімдерден де, мердігерлерден де талап етіп отыр. Бір жыл бойы атқарылған жұмыстың есебін берген аудан әкімінің баяндамасын мұқият тыңдай отырып, төмендегідей кемшіліктерді де аң­ғар­дық. Бұл осы ауданға ғана емес, бар­лық атқарушылық құрылымдарға қатысты кемшілік деуге болады. Ең негізгі қателік – ауылдық округтерден бастап, аудан әкімдіктері мен облыс­тық деңгейдегі құрылымдар арасында жоспарлау, талдау-сараптамалық жұмыстар ақсап жатыр. Мәселе бюд­жет қаржысын уақтылы игеруде ғана емес, оны толықтыратын қаржы көз­де­рін тауып, экономикалық өсімді қамта­масыз ететін салаларға басымдық беру керек. Осы тұрғыдан алғанда ауыл шаруашылығы бойынша ірі жобалардың жоқтығы да байқалды. Мәселен, Ақтөбе облысында жұмыртқаға сұраныс көп болса да, осы өнім сырттан тасымалданады. Осы қажеттілікті толтыру үшін жоспарланған жұмыртқа жобасы қағаз күйінде қалды.