Аймақтар • 16 Ақпан, 2022

Павлодар облысының экс-әкімі жол апатына ұшырады

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовтың көлігі жол апатына ұшыраған, деп хабарлайды Egemen.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысының экс-әкімі жол апатына ұшырады

Оқиға 14 ақпанда сағат 19:00-де Павлодар-Қызылорда тасжолында болған. 

Мәлімет бойынша, оқиға кезінде апаттың екінші қатысушысы оқиға орнынан ғайып болған.

Телефон арқылы сұхбат берген Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов жол апатына түскен Lexus LX 570 автокөлігінің тізгінінде өзі отырмаған. Оның сөзіне қарағанда, көлікті жүргізуші айдаған, өзі ешқашан көлік тізгінін ұстамаған. Қозғалыс кезінде екінші Lexus Болат Бақауов мінген көлікті басып озып, алдында келе жатқан ГАЗельмен соқтығысқан.

«Жол талғамайтын көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті. Әрине, бұл дұрыс емес. Есікті әзер аштық, өртенуіміз де мүмкін еді. Менің жүргізушім жолшыбай өткен машинаға мініп Lexus жүргізушісін қуып жетпек болды. Бірақ ұстай алмады», дейді Болат Бақауов.

Экс-әкімнің айтуынша, артынша қашып кеткен Lexus LX 470 жүргізушісі отбасымен бірге келе жатқандықтан шошып кеткенін, кейін тасжолдағы бір жақты қозғалыс себебінен оқиға орнына кері бұрылып келе алмағанын айтқан. Шідертіге жеткенде ғана оқиға орнына қайта оралған.

«Ең бастысы, бәріміз аманбыз. Бұл қуанатын жағдай», деді Болат Бақауов.

Ал 2020 жылы сотталып, шартты түрде бостандықта жүрген экс-әкім облыс іші мен сыртында емін-еркін жүруіне қатысты сауалға жауап берді. Ол заң бойынша Қазақстан аумағында жүре алатынын, тек алдын ала құзырлы органдарға ескертуі керектігін айтты.

Айта кетейік, үш автокөлік қатысқан ЖКО 14 ақпанда сағат 19:00-де Павлодар-Қызылорда трассасының 159-шақырымында Бәйет ауылының маңында болды. Полиция өкілдерінің мәліметінше, жүк көлігі медициналық көмекке жүгінген. Аталған факт бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.