14 Мамыр, 2010

ҮНДІСТАН ҚАЗАҚСТАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА МҮДДЕЛІ

485 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның Сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайах Кришнаны қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесудің барысында екі елдің арасындағы сауда-эконо­микалық және мәдени-гумани­тарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесі талқы­­ланды. Министр Қазақстан Прези­денті жүргізіп отырған саясатқа жоғары баға берді, соның нәти­жесінде ел экономи­касы өте қарқынды дамуда. Ол сондай-ақ Нұрсұлтан На­зар­­баев­тың қолға алуымен Қазақ­станның елор­да­сы – Астананың салынуы қарқынды жүргізілуіне өз таңданысын білдірді. Соманахалли Маллайах Криш­на Үндістан мен Қазақстан арасында өте тығыз достық байланыстар қалыптас­қанын атап өтті. Бұған өткен жылғы қаң­тардағы Қазақстан Президентінің Үндістанға мемлекеттік сапары барысында ұлттық мереке – Рес­публика күніне құрметті қонақ ретінде қатысуы нақты дәлел бола алады. – Қазақстан Президентінің сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға айтарлықтай серпін берді. Біздің елдеріміз арасындағы саяси және экономикалық байланыстар белсенді дамуда. Қазақстан біздің жақын көршіміз болып табылады. Екі ел арасындағы ынтымақ­тастықты одан әрі нығайтуға ерек­ше мән береміз. Экономика мен әлеуметтік саланы қосқанда, барлық саладағы біздің ынты­мақтастығымызды келешекте үдетуге “жол картасын” әзірлеу ниетіндеміз. Біз бірлесе отырып осы өңірдегі тұрақтылықты ны­ғайтуға көмектесе аламыз, – деді Үндістанның Сыртқы істер министрі журналистерге арналған брифингте.