Парламент • 16 Ақпан, 2022

Шығыны заңды табысынан асып кеткендерге қандай шара қолданылады?

1571 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жалпыға бірдей декларация толтыру жемқорлық фактісін азайтуға ықпал етті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Ғани Ташқараев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыны заңды табысынан асып кеткендерге қандай шара қолданылады?

Оның айтуынша, қабылдануға ұсынылған заң жобасында «кіріс пен шығыстың сәйкес келмеген жағдайда жаза көзделеді» деген тұсына қатысты сұрақ қойды.  

«Яғни, салықты арттыру және әкімшілік айыппұл немесе қызметтен босату тәсілдері қолданылмақ. Бұл ретте кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылық бір мың айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен жағдайда ғана есепке алынады. Түбегейлі өзгеріс енгізу үшін кіріс пен шығыс айырмашылығының шегін төмендету керек деп ойлаймын», дейді депутат. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, заңсыз емес, негізсіз баюмен күреспек.

«Табыс көлемінің артуы қылмыстық жолмен және жемқорлық арқылы артқаны анықталса, қылмыстық қудалау кодексі бар. Әр активті қандай қылмыстық жолмен алды, оның барлығын тергеу барысында анықтаймыз. Кіріс пен шығыс айырмашылығы негізсіз болса, соны тексеру керек. Бір мәселені шешеміз деп екінші мәселені тудырмауымыз керек. Мың теңге айырмашылық үшін мемлекеттік қызметкерді жұмыстан қудалайтын жағдайға жетпеу керек. «Көш жүре келе түзеледі», ары қарай қажет болса заңды толықтырамыз», дейді ол.