– Ақылбек Қажығұлұлы, Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында егін егу жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін шаруашылықтарға барлық жағдай жасау керегін атап өтті. Осыған байланысты алдымен қандай шараларды қолға алу керек деп ойлайсыз?
– «Көктемнің бір күні – қыстың мың күні» деген сөз бар. Азық-түлік қоры мен оның бағасының қолжетімділігі көктемгі егіс жұмыстарына және қаншалықты өнім алуымызға тікелей байланысты екені сөзсіз. Аграрлық өндірістің дамуы халықтың өмір сүру сапасына да әсер етеді. Өйткені отбасылық ортақ табыстың көп бөлігі азық-түлікке кететіні белгілі. Сондықтан биылғы егістік жұмыстарын уақтылы және сапалы өткізу керек.
Жалпы, біз «ауыл шаруашылығы саласы экономиканың драйвері болуы керек» дегенді жиі айта аламыз. Бірақ іс жүзінде бұл орындала бермейді. 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасында төрт жылда аграрлық салаға 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған. Алайда іс жүзінде 1,6 трлн теңге, яғни қажетті соманың 80%-ы ғана бөлінген. Егер өзіміз белгілеген тапсырманы өзіміз орындамасақ, мемлекеттік бағдарламаларды не үшін қабылдаймыз сонда? Бұл тек бір мысалы ғана.
– Егістік жұмыстарын сапалы жүргізу үшін фермерлерге қандай мемлекеттік қолдау көрсету керек деп ойлайсыз?
– Отыз жыл ішінде болмаған былтырғы құрғақшылық агробизнеске қатты соққы болды. Азық-түлік тауарларына бағаның өсуін шектеуге байланысты нарықтық емес әдістері, олардың экспортын жабу және экспорттық квоталарды енгізу де фермерлердің кірістерін азайтты.
Қазақстанның оңтүстігінде биыл да суармалы сумен проблемалар болатыны көрініп тұр. Солтүстікте, өңірдің ғылыми ұйымдарының деректері бойынша, көпжылдық көрсеткіштермен салыстырғанда топырақтағы күзгі ылғал қоры 10-15%-ға төмен, ал қысқы атмосфералық жауын-шашын 13-30%-ға аз. Оған қоса биыл қаржы қиындықтарына байланысты көптеген ауылшаруашылық тауар өндірушілері егістіктерде қар тоқтату шарасын ұйымдастыра алмады. Бұл мәселелер көктемде су қорының мөлшеріне кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан елдегі аграрлық шараларға барынша мемлекеттік қолдау көрсету өте маңызды. Көктемгі егіс жұмыстарын несиелеуге биыл да өткен жылдағыдай бюджеттен 70 млрд теңге қарастырылған. Бұл ретте 2021 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тек 13%-ы несие алған және 11%-ы ғана субсидияларға қол жеткізген. Агроқұрылымдардың қаржылық жағдайын ескере отырып, несиелендіру көлемін 2 есеге арттырып, оны 140 млрд теңгеге дейін жеткізу қажет деп санаймыз.
– Біз қазір Дүниежүзі сауда ұйымы шарттарымен өмір сүріп жатырмыз. Енді сол ұйымның ауыл шаруашылығына деген жеңілдіктері бар ма? Осы туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз?
– Дүниежүзілік сауда ұйымының тәртібі бойынша біздің ел ауыл шаруашылығы өнімі жалпы құнының 8,5 пайыз деңгейінде аграрлық салаға субсидия беруге құқылы. Ал іс жүзінде бұл көрсеткіш – 4-5 пайыз деңгейінде. Бұл дегеніңіз ауылға тиесілі көмектің жартысы ғана. Бізде субсидияның мөлшері ЕАЭО-дағы әріптес елдер – Ресей мен Беларусьтан 1,5-2 есе аз. ЕАЭО – ашық нарық. Онда тек бәсекеге ғана орын бар. Мемлекет тарапынан қолдаудың аздығы, сол аз қаржының тиімді жұмсалмауы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласының дамымауы нарықтағы жағдайымызға әсер етіп, импорттық өнімдерге деген тәуелділігімізді арттырып жібереді. Жоғарыда аталған мемлекеттермен салыстырғанда, бізде аграрлық саланың тиімді несиелеу жүйесі де қалыптаспаған. Еліміздегі ауылшаруашылық субъектілерінің 80%-ы, яғни көбіне орта және ұсақ шаруалар мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алмайды. Мұндай жағдайда аграрлық бизнесті қалай ұтымды жүргізуге болады?!
– Парламентте түрлі деңгейдегі лоббистердің бас көтеріп шығатыны белгілі. Жалпы, ауыл мүддесі парламенттік деңгейде қорғалып жүр ме?
– Менің Парламентке келгеніме 1,5 жылдай болыпты. Осы уақыт ішінде біз, Парламент депутаттары ауыл шаруашылығының, жалпы ауылдың мүддесін тиісті деңгейде қорғай алмай отырмыз. Ашығын айтсақ, біздің Парламентте алдыңғы қатарлы аграрлық елдердегідей ықпалды аграрлық лобби жоқтың қасы.
– Қазіргі ауылшаруашылық басқару жүйесіне көңіліңіз тола ма?
– Дамыған аграрлық елдерде ауыл шаруашылығы министрлігі стратегиялық мемлекеттік орган болып табылады. Оған аграрлық саясатты дербес айқындау және іске асыру үшін барлық қажетті өкілеттік берілген. Ал біздің Ауыл шаруашылығы министрлігі басқа министрліктерге тәуелді «сұраушы» деңгейінде қалып отыр. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрінің барлық негізгі нормативтік бұйрығы Қаржы министрлігімен, Әділет министрлігімен, Ұлттық экономика министрлігімен, Сауда және интеграция министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен келісіледі. 2020-2021 жылы субсидиялау ережесін, ветеринария мен өсімдіктерді қорғау сияқты регламенттерді келісуге 20-30 күннен 7 айға дейін уақыт кеткен. Осыдан кейін саланы жедел басқару туралы не айтуға болады? Бюрократия мен сыбайлас жемқорлық еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуда басты тежегіш болып отыр. Сонымен қатар бізге қарағанда АҚШ, Канада, Аустралия, Ресей, Беларусь және тағы басқа мемлекеттердің аграрлық ведомстволарында негізінен ауыл шаруашылығы өндірісінде тәжірибесі бар мамандар қызмет істейді. Ал бізде мемлекеттік қызметтің талаптарына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігінде бидайды арпадан ажырата алмайтын адамдар жұмыс істей береді. Жоғарыда аталған елдерде министрліктердің жанынан сараптамалық зерттеу және ақпараттық жүйелер орталықтары құрылған. Олар мемлекеттік қолдау басымдықтарын айқындауға, бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауға және тұтастай алғанда жобалық менеджмент деңгейінде басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар олардың аграрлық саясатының даму кілті аграрлық ғылыммен байланысты. Ал біз өз қолымызбен аграрлық ғалымдардың жұмысына кедергі жасап отырмыз. Мысалы, былтыр ғылыми конкурстарды кеш ұйымдастырғаннан ғалымдар мемлекет қаржысын 8 айдан кейін, яғни тек қыркүйекте алды. Жаңа жылдан бастап әлі жалақысын алған да жоқ.
Қорытындылай келе айтарым, біздің Ауыл шаруашылығы министрлігінде қазір қызмет істеу оңай емес. Оның жұмысы әр жерде туындаған проблемалармен ерлікпен күресіп жүретін өрт сөндіру командасына ұқсайды. Біз еліміздегі АӨК-ті басқару жүйесін, Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметінің мәртебесі мен мазмұнын өзгертпейінше, бұл саланы тиісті деңгейде дамыта алмаймыз.
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ