Қаржы • 16 Ақпан, 2022

Банкрот болудың талабын білген абзал

1227 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жеке тұлғаларды банк алдында өзін банкротпын деп жария­лауға мүмкіндік беретін заң жобасы жақын арада қабыл­данбақ. Осыдан бірнеше күн бұрын ашық нормативтік-құқық­тық актілер порталында заң жобасы жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылды. Жоба 23 ақпанға дейін талқыланады.

Банкрот болудың талабын білген абзал

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Негізгі шарт

Мемлекеттік кірістер коми­теті жария еткен заң жоба­сында жазылған негізгі талаптың бірі – банкрот болған жеке тұлғаға ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) аспайтын несие алу бойынша мәмілелерді қоспағанда, займ алу бойынша келісімшарттар жасауға, кепіл болуға тыйым салу.

– Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыз сомасы мен ұзақтығына байланысты рәсімдердің 3 түрі ұсынылады. Бі­рінші, төлем қабілеттілігін қал­пына келтіру – тұрақты та­быс болған жағдайда сотта қа­­рыз­­дарды төлеуге 5 жылға де­йін бөліп төлеу мүмкіндігін көз­дейді. Қалпына келтіру жос­пары 5 млн теңгеден асатын бе­решек кезінде сот орган­дары­мен бекітіледі. Бұл үшін екі тараптың – борыш­кер мен кредитордың келісімі қа­жет. Жоспарда көздел­ме­ген жағ­дайлардың барлығы, мыса­лы, мүлікті сату қол­даныл­май­ды. Екінші, тұрақты табыс пен бе­решекті өтеу бойынша перс­пектива болмаған жағдай­да, банкроттықты екі түрде қол­дану ұсынылады: алғаш­қысы – соттан тыс банк­рот­тық. Оны үш жағдайда қол­дануға болады: банктер мен мик­роқаржылық ұйымдар ал­дын­да 5 жылдан астам мер­зімі өткен азаматтар; азаматтар, егер қарыз 12 ай ішінде өтел­меген болса, қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспауы керек және қарызды өтеуге болатын мүлік жоқ; сондай-ақ 5 млн теңгеге дейінгі қарызы 6 ай ішінде өтелмеген азаматтар банкроттық рәсімін бастай алады», дейді Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ азамат 3 жыл бойы Қазақстан аумағынан тыс жерге аяқ баспайды. Тек шұғыл жағдайда ем алу қажет болса, жақын адамын емделуге апару және жақын туысын шет мемлекетте жерлеу қажеттілігі туындаса ғана шекарадан шыға алады. Соттан тыс банкроттық процедурасын қабылдау туралы өтініш берілген күннен бастап кредитор борышкерден қандай да бір міндеттемені орында деп талап етуге құқылы емес. Тиісінше, қарыздың барлық түрі бойынша өсімпұл мен сыйақы есептеу де күрт тыйылады. Сот банкроттығы процедурасының мерзімі осы рәсiмдi қолдану туралы сот шешiмi заңды күшi­не енген күннен бастап 6 айдан аспайды. Мерзімді ұзартуға жол берілмейді.

Борышкердің банк шотынан ақша алу да мүмкін емес. Бұған әрекеттенген кредитордың өзі жауапқа тартылады. Өз ке­зегінде борышкерге мүлікті иеліктен шығару немесе өзіне жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәміле жасауға болмайды. Ал бұл ретте мүлікті беру, төлем жасау немесе мүлік міндеттемесін басқа әдіс­пен орындау туралы борыш­керге қатысты шығарылған мемле­кет­тік органдардың шешімдері, борышкер мүлкіне қатысты шығарылған сот шешімдері орындалмай тоқтатыла тұрады.

Кім банкрот бола алады?

Кімдер соттан тыс банкрот­тыққа өтініш бере алады? Заң жобасында бұл былай тү­сін­діріледі: «Берешегі 100 еселенген айлық есептік көр­сеткіштен (АЕК) аспайтын мөлшерді құрайтын борышкер егер орындау мерзімі басталған күннен бас­тап 12 ай ішінде кредитор­лар алдындағы міндеттеме орын­дамаса, өтініш береді. Соны­мен қатар берешегі кемін­де 100 еселенген және 1 600 есе­лен­ген АЕК-тен аспайтын мөл­шерді құрайтын борыш­кер егер орындау мерзімі басталған күннен бас­тап 6 ай ішінде креди­торлар алдындағы міндеттемені орындамаса, өтініш береді.

Сот банкроттығы процеду­расы­ның немесе соттан тыс банк­роттық процедурасының аяқ­­тал­ғаны туралы хабарлама орна­ластырылған күннен бас­тап 5 жыл ішінде банктер және микроқаржылық ұйым­дар­дың жеке тұлғаға несие беруіне ты­йым салынбақ. М.Сұл­тан­ғазиев банкрот деп танылған адам­дарды қаржыландыратын, несие­лейтін қаржы ұйымдарына қан­дай жазалар қолданылуы мүмкін екенін де айтты.

«Егер заңға сәйкес тіркелген банк немесе несиелеу мекемесі болса, әрине, реттеуші оған лицензияны тартып алуға дейін талаптар қояды. Себебі заңмен бес жылдық мерзім белгіленеді. Басқалары банкрот болған аза­маттарға несие бере отырып, тәуекелге барады. Біріншіден, бұл заңсыз кәсіпкерлік қызмет, ол үшін жауапкершілік қарас­тырылған, тиісінше, бұл үл­кен тәуекел. Мекеме осындай қарызды қайтару бойынша жауапкершілікті мойнына ала­ды. Егер оған қарыз қай­та­рыл­ма­са, оны сот органдары ар­қы­лы өндіріп алу мүмкін болмайды», деп ескертті спикер.

Анықтап өтейік, азамат соттан тыс банкроттық процеду­расын 7 жыл ішінде қайта пай­далана алады. Бірақ мына жағ­дайлар бойынша бармақ бас­ты, көз қысты әрекетке бар­са, онысы мемлекеттің қыра­ғы назарынан тыс қалмақ емес. Мәселен, мүлікті немесе мүлік міндеттемесін жасырып қалса, басқа иелікке өткізіп жіберсе, құжаттаманы өз иелігінен шығарса не болмаса жойып жіберсе, бұл әрекеті үшін оған 2 мың АЕК (6,1 млн теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады.

Егер әдейі банкроттық жасап, сол арқылы несие жүкте­месі­нен құтылуды ойласа және онысы әшкере болса, онда борыш­кер 1000 АЕК (3 млн теңге­ден жоғары) айыппұл тө­леу­ге мәжбүр. Айыппұл тө­леу­ге шамасы жетпесе түзеу жұ­мы­сына жегіледі немесе бір жыл абақтыға қамалады.

Азаматқа көмек – басты міндет

Заң жобасында жазылған тар­мақ­тардың бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес, әрі бұл біз­дің мақсат та емес. Сондағы көз­ге іліккен маңыздысы – төлем қабі­летін қалпына келтіру жос­пары­ның орындалу мерзімі. Бұл мүмкіндікті пайдаланғысы келген азаматқа мынадай шаралар ұсынылады: міндеттемесін орын­дау мерзімі өзгереді, яғни тө­лем кейінге қалдырылады немесе бөліп төлеуге мүмкіндік бе­рі­­леді; қарыздың бір бөлігі кеші­­­рілуі мүмкін, мысалы, айып­­пұл, өсімпұл қарыздары; займ­ды пай­даланғаны үшін сыйа­қы­ның па­йыздық ставкасы тө­мен­детіледі; займды пай­да­лану­дың жалпы мерзімі ұзар­т­ыла отырып қазіргі төлем мөлшері азайтылады.

Заңда сондай-ақ мүлік бөлі­гін сату немесе арендаға беру, үйді құны төмендеу үйге, авто­көлікті құны төмендеу авто­көлікке ауыстыру, борышкерді жұмысқа тұрғызу секілді талаптар да қарастырылған.

М.Сұлтанғазиевтың айтуынша, егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезін­де алуға құқылы. Егер жал­ғыз тұрғын үй кепіл заты болмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Вице-министр банкрот болған аза­маттың әрі қарайғы еңбек бел­сен­ділігін жоғалтпауы үшін тиісті тармақтарды заңға енгізе­міз деп отыр.

«Жеке тұлға банкрот деп танылған жағдайда, оның банк алдындағы қарызы толық кеші­ріледі. Банкке арызданғанда көр­­­сет­кен қарыздар толық жо­йы­­ла­ды. Оның шетелге шығуы­на тыйым салу сот орын­дау­шы­­лар­дың шешімімен белгі­лене­ді. Бұл шектеу қа­рызы, са­лық­­тық берешегі бол­ған жағ­­дай­да қойылады. Банк­рот болып жарияланған адам қа­ры­­зын өтемеген болып есеп­те­леді. Бұл халықаралық прак­­тикада бар. Заңда қарас­ты­рыл­ған. Дегенмен жеке тұл­­ғаны экономикалық бел­сен­ді­лікке тартуымыз керек болған­дық­тан, ол шетелге жұмыспен ба­ра жатса, сыртқа шығып табыс көз­дерін тауып жатса, ондай мүм­кін­шілік беруге болады. Оны тал­қы­лаймыз», деді Қаржы вице-министрі.

Түйін

Заң жобасын ұйымдастыру­шылар банкрот болғысы келе­тін, әрі бұл ниеті жағдайына толық сай болып тұрған жан­ның өзін құтқарып қалуға мей­лінше тырысқан секілді. Яғни оның екі қолына бір күрек тауып беруге көмектесуі, дүние-мүлкін әлгіндей әдіспен болсын сақтауға амал қылуы – осының айғағы. Банкрот болу арқылы жеке тұлға банк алдындағы берешегінен құтылады. Бірақ содан кейін алдынан шығатын қаншама шектеуге тұтылады. Демек бұл несие жүктемесінен ада болудың айрықша жолы емес. Бұл бар болғаны ептеп-септеп қарыздан ажыраудың әдісі ғана. Сондықтан заң жобасын ұсынушылар бірінші кезекте жеке тұлғаның табысын көбейтуге, сол арқылы берешегінен құтылуына жағдай жасай алса, бұл Үкіметтің жеңісі болмақ.