Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ешбір банкте актив көлемінің төмендеуі байқалмаған. Бірақ баяу өсім көрсеткен қаржы институттары баршылық. Баяу өсім көрсеткендер қатарына «Алтын банк», Nurbank, «Банк ЦентрКредит», «Еуразиялық банк» және Forte-ні жатқызуға болады. Сондай-ақ былтыр несиелеу қарқыны да арта түскен. Екінші деңгейлі банктердің жалпы қарызы 2021 жылы 4,4 трлн теңгеге өсіп, 20,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл қарқынға күш беріп тұрғандар – банк арқылы ипотека рәсімдеушілер мен тұтынушылық несие алушылар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, былтыр ипотекалық несие де, тұтынушылық несие де 40 пайызға өскен. Агенттіктің пайымынша, банктердің мобилді сервистерді дамытуы тұтынушылық несиенің өсіміне серпін беріп тұр.
Сөз жоқ, несиелеудің жоғары қарқыны түсер табысты да молайтады. 2021 жылы сектордың жиынтық табысы 78 пайызға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрапты. Соның 472 млрд – Halyk Bank, 322 млрд – Kaspi, 130 млрд теңгесі «Сбербанкке» тиесілі. Осы ірі үш ойыншының өзі-ақ бүкіл сектор табысының 72 пайызын еркін иемденіп отыр деуге болады. Несие белсенділігінің төмендігіне қарамастан Forte (60,4 млрд теңге) де тәуір табыс тапқан. Өзгелердің табысы қанша дегенде мына цифрларды келтірсек болады: «Альфа банк» – 32,6 млрд, «Банк Хоум Кредит» – 30,9 млрд, Jusan – 25,3 млрд теңгеге жетеқабыл, «Еуразиялық банк» – 12,7 млрд, ВТБ (Қазақстан) – 7,8 млрд, Nurbank – 2,1 млрд теңге.
Сектордың жай-күйін өте жақсы деп бағалауымызға тағы бір себеп, жалпы жиынтық несие портфеліндегі өтеу мерзімі 90 күннен асқан (NPL+) несие үлесінің азаюы. Finprom-ның жазуынша, NPL+ көлемі – 3,3 пайыз. 90 күннен асып өтелмей тұрған қарыз сомасы 2020 жылдың соңында 1,1 трлн теңге болса, 2021 жылдың соңында 668,8 млрд теңге болған. Яғни 37,9 пайызға қысқарған.
«Секторды сауықтыруға әсер еткен бірден бір ұйым – Jusan Bank. Былтыр банк үздік ондықтағы қаржы институты «АТФБанкпен» сәтті бірігіп, нәтижесінде, жылдар бойы Цеснабанктен «мұраға» қалып келе жатқан проблемадан толық арылды. Банк улы активтерді тазалап, NPL 90+ көлемін бірден 70,3 пайызға азайтты. Қазір қарыз портфеліндегі NPL 90+ үлесі 9,5 пайызды құрайды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 44,1 пайызды құраған», деп жазады Finprom.
NPL 90+ көлемін қысқарту бойынша Bank RBK (-66,2 пайыз) мен «Отбасы банктің» де (-41,1 пайыз) көрсеткіші тәуір.
Сектордағы қолайлы жағдайды халықаралық сарапшылар да растайды. Fitch Ratings агенттігі Қазақстанның дербес рейтингін «Тұрақты» деңгейде деп жариялады. Аналитиктер негізінен NPL төмендеуін, жоғары өтімділікті және кірістілігін атап өтеді.
Банктердің табысы халық табысының азаюы себепті өсіп жатқаны былай да белгілі. Аз табыс, арзан қызмет, қымбат тауар сәт санап халықты банктер алдында кіріптар ете түсуде. Қазір елімізде банктен займ алмаған 3 млн ғана адам қалыпты. Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2021 жылы бөлшек несие қарқынды өскен. Бөлшек несиенің жалпы несие портфеліндегі үлесі 11 трлн теңге, 43 пайызды құрайды.
«Қазір орташа есеппен несиені бір жылға дейін рәсімдейді. Оның көбі бөліп төлеу шартымен алған қарыздар және аз көлемдегі сомалар. Орташа тұтынушылық займ көлемі 300 мың теңгеден сәл асады», дейді Алматы бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.
Нарықта осыншама табысты болып отырғанына қарамастан банктердің де жаза басып жатқан сәттері жетерлік. Былтыр екінші деңгейлі банктерге 161 айыппұл салынған. Соның 106-сы – бір ғана банктің еншісіндегі айып. Ranking порталының жазуына қарағанда, 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында екінші деңгейлі банктерге салынған айыппұлдың жиынтық көлемі 185,1 млн теңгені құрады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 11,4 пайызға төмен.
Былтыр әкімшілік жауапкершілікке тартылған 15 банктің екеуі – AsiaCredit Bank пен Capital Bank сектордан кетіп тынды. Айыппұлдың басым бөлігі «Банк Хоум Кредит» (78,6 млн теңге), ForteBank (33,7 млн), Al-Hilal (26,5 млн) және Bank RBK-ға (23,6 млн) салынды. Көріп отырғанымыздай, 161 айыппұлдың 106-сын «еншілеген» қаржы ұйымы – «Банк Хоум Кредит». Көбіне бұл банк несие бюросына ақпарат жеткізбегені немесе сенімсіз ақпарат ұсынғаны үшін айыпталған.
Әлбетте, мұндай майда-шүйде айыптаулар банктердің қылшығын да қисайтпайды. Олар еңселерін тік ұстап, жыл сайын қоржындарын молайта түскен қалпы алға қарай аршындап баса бермек. Не болмаса 22 банкті көкжиегі сағымданған көк теңіздің толқындарын жарып аққан 22 кемеге теңесек те болғандай. Желкен керген 22 кемеге. Әр барған адам «енді желкемнің шұқыры көрсін» деп шығатын, бірақ меңдуана жегендей арбалып, екінші қайтара келгенін аңғармай да қалатын 22 кемеге...