
Ол – Жетісу күйшілік мектебін қайта жаңғыртқан тұңғыш фольклортанушы, осы тақырып аясында диссертация қорғаған һәм хрестоматиялық күй жинақтарын жазған өрелі ғалым. Саналы ғұмырында Жетісумен қатар Арқа, Қаратау, Алтай, Іле, Байөлке аймақтарының күйшілік мұрасын жинақтаумен айналысты, оларды жүйеледі, кәсіби мектеп түзіп ғылыми айналымға енуіне тер төкті.
Ол – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен шыққан күй антологияларының («Мәңгілік сарын-1», «Мәңгілік сарын-2», «Қазақтың 1000 күйі») алғашқы авторларының бірі. Осы жобалар барысында мұрағатта жатқан көптеген туындыларды қайта сараптады, күйшілік аймақтарын анықтады, шетелдегі қандастарымыздың ескерілмей қалған асыл мұраларын күйтабаққа жазды.
Ол – халықаралық деңгейдегі «Астана-Арқау», «Астанаға тарту» сияқты өнер фестивальдарының өтуіне ұйытқы болды, түркі халықтары өнерпаздарының бір сахнада бас қосуына ықпалы тиді. Өзі де өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Ол – дәстүрлі күй өнерінің майталманы. Базаралы табиғатынан дала дәстүрімен сусындаған күй жырауы еді, домбырасының құлақ күйін бабасы Қожекенің кертолғау күйлерінен бастап, әйгілі Сыбанқұл, Мергенбайлардың мұңлы қоңырларына жалғастырып тараулата шертетін эпиктік қасиет иесі болды. Байжігіт, Тәттімбет, Тоқа, Сүгір, Бейсенбі, Әшім, Қайрақбай, Әйкен күйлерін де аса сергек сезіммен шертіп радионың алтын қорына жазып қалдырды.
Ол – қазақ радиосының алдыңғы қатарлы қайраткері. Радиода еңбек еткен жылдары көптеген рухани жобалардың бастамашысы болды. Қазақ музыкасының насихатына аянбай тер төкті. Ел арасындағы дәстүрлі күйшілердің мұрасын жазып алып «Алтын қорға» енгізді. Дина мен Әбікеннің су тиіп бүлінген таспаларын реставрациялады, оларды цифрлы форматқа көшіріп халқымен қайта табыстырды. Концерттік бағдарламалардың, мәдени тақырыптағы маңызды радиохабарлардың авторы болды.
Ол – кәсіби фольклор жинаушы. Жарқын Шәкәріммен бірге Мәскеудің дыбыс жазу архивінен академик Ахмет Жұбанов шерткен көне күйлердің көшірмесін елге әкеліп сүйіншілеген азамат. Қытайдағы Іле, Алтайдағы, Мұңғұлиядағы Байөлке топырағындағы домбыра мен сыбызғы күйлерімен отандық тыңдарманды қуантқан адам.
Ол – жаңашыл көзқарастағы ағартушы ұстаз. Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсақожаеваның шақыртуымен елордаға жұмысқа келді. Оқу орны қабырғасынан фольклорлық зертхана ашты. Арнайы экспедициялар жасақтап аймақтарды аралады, Арқа жерінде күй кештері мен фестивальдарының ұйымдастырылуына сеп болды. Экспедиция барысында жиналған материалдарды өңдеп, күйтабақ, ноталық жинақтар мен кітаптар жазды. Осы оқу орнында жас ғалымдарға тәлімгер болып, тың мазмұндағы диссертациялардың жазылуына мұрындық болды. Базаралының жетекшілігімен магистрлік дәреже алған жас ғалымдар бұл күнде отандық ғылымның әр саласында жемісті еңбек етіп жүр.
Ол – ұлттық мұраның даңқын әлемдік деңгейге көтере алған өнер қайраткері. 2014 жылы Базаралы Мүптекеев домбыра күйлерінің «Адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралары» қатарында ЮНЕСКО тізіміне енуіне жетекшілік етті. Ұстазы Саида Елемановамен бірге әлемге әйгілі ұйыммен жылға жуық аса күрделі жұмыстарды атқарды. Егемен қазақ мемлекеті үшін бұл рухани саладағы ірі жетістік болды.
Базаралы Мүптекеев 2015 жылы Оңтүстік Корея жеріндегі ЮНЕСКО штабына арнайы іссапармен барып, қазақ күйлерінің жаһандық насихатталуы жұмыстарымен айналысты. Үлкен жобаларға қатысты, домбыра күйлерінің антологиясын жасау және олардың болашақта әлемдік сауда жүйесіне түсу мүмкіндіктері жөнінде арнайы ЮНЕСКО штабымен мәдени келіссөздер жасады. Өкінішімізге қарай, талантты ғалым сол сапардан қайтпады, өз халқының игілігі үшін дамыл таппаған жүрегі жат жерде тоқтады. Алайда оның өмірі, ұлттық мұраны зерттеудегі тәлімі мен тәжірибесі, отаншылдық мұраты мен мақсаты барша өнерсүйер қауымға сара жол салып кеткені анық. Базаралының фольклорды зерттеу мен сараптау әдіснамалары кейінгіге ізденімпаз буынға үлгі болып қалды. Көзі тірісінде зерделі ғалымның әрбір бастамасы туған халқының игілігіне айналды, сондықтан да оның ғылымдағы аты да, қоғамдағы тұлғасы да әманда асқақ еді.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Базаралымен бірге оқыдым. Сырымыз да, жырымыз да бір еді. Өнер жолында Базаралының аты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары шыға бастады. Жалпы тыңдарман әуелі оны шертпе күй шебері ретінде таныды, ол Байжігіт, Тәттімбет күйлерін таза орындайтын, Сүгір күйлерін Жаппасша толғаушы еді. Кейіннен ол халықтың аңыз күйлерінің сирек варианттарын білетін қабілетімен көзге түсті. Әсіресе Жетісу, Алтай өңіріндегі тарихпен байланысты ескі күйлерді әңгімелей отырып әсерлі орындаушы еді. Консерватория қабырғасында Базаралының беделі айналасына бірден байқалатын, себебі ол сол кезеңдегі қалыптасқан домбыра машығын бүкіл ықпыл-жықпылымен қоса игере отырып, далалық орындаушылық дәстүрді де жанына сіңірген ізденімпаз студент ретінде ұстаздардың назарына ілікті. Базаралының күйшілігі мен ғылым саласындағы ізденісін Рахманқұл Бердібаев, Жарқын Шәкәрім, Таласбек Әсемқұлов, Қошан Мұстафаұлы, Ғалым Доскен, Тұрсынжан Шапай секілді Алматы зиялылары жоғары бағалады. Әрине, кез келген өнерде әртүрлі білік, әрқандай сана болатыны белгілі, кей жағдайда Базаралының жасынан озық ойлы болғаны өзіне де қиын тиді ме екен деп қалам. Ол күйтану әдебиетінде қалыптасқан кеңестік зерттеу методологиясына ашық қарсы шықты және алқалы жиындарда өзіндік сыни тұжырымдарын жасырмай айтып жүрді. Негізгі пікірлері орындаушылық өнерге, ноталық жүйені жетілдіруге қатысты болатын. Оны қолдаушылардың қатары ол кезде сирек еді, дегенмен уақыт өте келе зерделі орта Базаралының батыл ойларымен санаса бастады.
Базаралы консерваторияның фольклорлық кабинетінде біраз жыл еңбек етті, белгілі жазушы әрі күйші Таласбек Әсемқұловпен бірге қызметтес болды. Таласбек ағасының күй тарихына байланысты пікірлерін жадына тоқыды, жоғары бағалады. Ол озық ойлы ғалымдармен тығыз шығармашылық қарым-қатынас жасады, бірсыпыра мақалалары жарияланды. Отандық өнертану ғылымының көрнекті өкілдері – Әсия Мұхамбетова, Сара Күзембаева, Пернебек Шегебаев, Сағатбек Қалиев, Гүлзада Омарова, Саида Елемановалардан дәріс алды. Консерваторияда еңбек еткен жылдары ол музыкалық мұрағаттардың хатталуын үйренді, магниттаспаларды цифрлы нұсқада сақтаудың қыр-сырын меңгерді. Ол музыкалық тректерді дыбыстық тұрғыда тазалау мен өңдеу жұмыстарын кез келген кәсіби дыбыс операторынан артық білетін, оның осы салада жинаған тәжірибесі кейіннен радиоға барғанда көп көмегі тигені анық.
Базаралы тоқсаныншы «тоқырау жылдардың» соңын ала, нақты айтсақ 1998 жылы белгілі ғалым Сағатбек Медеубековпен бірлесіп «Жетісу күйлері», «Жетісу әуендері» деген хрестоматиялық жинақтарын жарыққа шығарды. Бұл екі кітап дәстүрлі музыка саласында шын мәнінде сенсациялық дүмпу тудырған үлкен ғылыми жаңалық еді. Жалпы, кеңес дәуірінде аймақтық күйшілік үлгілердің насихатталмауы, оларды «бұқаралық-әуесқой творчество» деп санау қалыптасқан жағдай болатын және ол кәсіби күйшілер қауымын да пәлендей толғандыра қоймаушы еді. Арнайы музыкалық білім беретін оқу орындарында «Жетісу күйшілік дәстүрі» деген ұғым да осындай себептермен мүлде ескерілмейтін. Концерттік саясатта, домбырашылық өнерде негізінен батыс Еуропа мен орыс композиторларының шығармаларын өңдеп домбыраға салу машығына басымдық берілетін. (Қазіргі егемен жастар аудиториясын осы әңгімемен иландыру қиын, бірақ біздің буын бастан кешкен ащы шындық осы). Осындай қилы заманда Жетісу күйшілері мұрасының кәсіби оқуға батыл еніп арнайы аймақтық күй мектебі болып қалыптасуы Базаралының жанкешті еңбегі һәм ерлігі еді. Осы жерде Базаралының күйлерді нотаға жазу қолтаңбасына тоқталғымыз келеді. Жетісу күйлерінің хатталуы барысында ол қоңыр шертпе мен желдірмелі-шертпелі күйлердің жазылу стилін дөп басты, күйлердің сөз секілді оқуға ұғынықты болуын мұқият қадағалады. Нәтижесінде ол күй ырғағы ішкі сөзімен бірдей қабысатын, сөз буыны мен саз тактілері өзара сай болатын жазу методикасын қалыптастыра алды. Күйді нотаға түсіру үрдісіне сергек қарады, бұл салада ол композитор Ермұрат Үсеновті үлгі тұтатын, рухани ұстаз санайтын.
2014 жылдың 26 қарашасында домбыра күйлері ЮНЕСКО тізіміне енген соң Базаралымен кездесіп, қуанышымен ортақтасып, әңгіме-дүкен құрғанымыз есімде. Базекең «осы тарихи күннің құрметіне жылда қараша айында университет ұстаздарының қатысуымен «Күй апталығы» атты концерттік шара өткізейік» деген ұсынысын айтты. Бірден қолдадық, жеке күйшілердің кештері, сыныптық концерттер мен шеберлік сабақтары «Шабыт» ғимаратында дүркіреп өтіп тұрды. Кейін «Күй апталығы» дәстүрлі түрде өтіп тұратын мерекеге айналды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы шығар. «Бізде домбыра күні ұлттық мерекесі болуы керек» деген бастаманы да алғаш Базаралы көтерген еді. Ол «біз көршілес елдерден қалып барамыз, Ресейде «баян», «балалайка», қырғызда «комуз», өзбекте «дутар» күндері бар екен, бізде әлі күнге домбыраның ескерілмеуі ұят жағдай ғой» деп еді. Осы жөнінде тиісті орындарға хат та жазып жүрді. Нәтижесінде оның тілегін тәңір қабыл етті, «Домбыра күні» ұлттық мерекеге айналды. Өкініші сол, өзі сол мерекені көре алмай арманда кетті.
Базаралының тіршілікте жинақтаған мұрасы қисапсыз қазына еді. Оның фонотекасында әлі жарық көрмеген екі мыңнан астам күй, соншама қара өлең, эпостық сарындар, жырдың мақам-саздары бар болатын. Бұлар тек менің жұмыс барысында аңғарғаным ғана, ал сирек қолжазбалар, цифрмен шыққан көне күй жинақтары, экспедиция материалдары, тарихи фотосуреттер, Қытай, Мұңғұлия елдеріндегі домбырашылардан жазылып алынған күй аңыздары, сұхбаттар, сыбызғы күйлері, туысқан ұйғыр мұғамдары мен қырғыз қайрықтары, бұлардың бәрі жүз кітапқа жүк боларлық құнды дүние еді. Ұлт өнерінің шырақшысы Базаралы Мүптекеев рухани мәдениетіміздің игілігіне жарайтын асылымызды «сабақты инесіне дейін» шашаусыз жинады, оларды сараптап, келешекте кешенді еңбек жазуды мақсат еткен еді, әттең, оған дәм-тұзы жетпеді. Тәңірдің ісі. Енді осы қазынаның бәрін игеру болашақтың еншісіне қалмақ, алдын көрген шәкірттері, артындағы ұрпақтары Базаралы аманатына адал болар деп үміттенеміз.
Базаралы Мүптекеевтің ғылыми еңбектерін жарыққа шығару, оның орындауындағы туындыларды күйтабаққа жазу жұмыстарымен жас ғалымдар Бауыржан Бекмұхамет, Мақсат Медеубеков айналысып жүргенін жақында естіп жаным жадырады. Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы, «Дәстүрлі музыка өнері» факультеті алдағы уақыттарда Базаралы Мүптекеев шығармашылығына арналған іс-шаралар бағдарламасын жоспарлап отыр екен, игілігі елге жұғысты болсын дейміз. Болашақта осынау жобалар аясында жас ғалымдарға арналған «Мүптекеев оқулары» атты дәстүрлі республикалық семинар өткізу жоспарланса, ол Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапынан қадағаланса игі іс болар еді деген ұсынысымыз бар. Себебі өнертану саласындағы ізденісі мол жастардың өзара пікір алмасатын алаңы ретінде жаңаша ғылыми мазмұндағы семинарлар, алқалы жиындар керек-ақ. «Мүптекеев оқулары» жобасын жүзеге асыра алсақ, біріншіден, жастардың білім көкжиегін кеңейтуге жол ашылар еді, екіншіден, көрнекті қазақ ғалымының рухына деген бір құрметіміз сол болар еді.
Жанғали ЖҮЗБАЙ