Қазақстан • 17 Ақпан, 2022

Мәдениет пен архив мәселелері – басты назарда

409 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел астанасында «2021 жылы мәдениет және архив ісі саласындағы қызмет туралы. 2022 жылға арналған негізгі міндеттер» тақырыбында Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Алқалы жиынға Президент Әкімшілігі, Парламент пен Үкімет өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, мәдениет және архивтер саласындағы облыстық басқармалардың басшылары, мәдениет және архив саласындағы ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.

Мәдениет пен архив мәселелері – басты назарда

Ведомствоның мәдениет, архив ісі және баспа мәселелеріне арналған алқа отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ең алдымен саладағы былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ биылғы жоспарлар мен міндеттерді де атап өткен министр халықтың мәдени сұранысын толықтай қамтамасыз ету үшін тағы 300-ден астам нысан ашу қажет екенін айтты.

«Бүгінде елімізде 7 637 мәде­ниет нысаны жұмыс істеп тұр. Тағы да 300-ден астам мекемеге сұраныс бар. Мұндай қажеттілік, негізінен, ауыл­дық жерлерде. Дейтұрғанмен, салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым­дар мұндай мекемелердің көпші­лігі тұр­ғындардың талап-тілегін ескермей салынатынын айтады. Соның салдарынан салынған мекеме қаңырап бос тұрады. Сол үшін жоспарлаған кезде тұрғындар пікірін ескеру өте маңызды. Кей­бір республикалық мәдениет ұйым­дары ғимараттарының тех­никалық жағдайы төмен. Оған өзім куә болдым», деген м­инистр осы ретте М.Әуезов атын­­дағы Қазақ ұлттық драма театры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының бас кор­пусы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен Республикалық академия­лық неміс драма театры жөн­деу жұмыстарын қажет ететінін атап өтті. Осыған орай салаға жетекшілік ететін вице-министрге 35 мәдениет нысанының құрылысын және 265 нысанның жөнделуін бақылауға алуды тапсырды.

«Қазіргі уақытта 229 мемле­кеттік архив жұмыс істейді. Осы ретте арнаулы типтегі мемле­кеттік архивтер ғима­раты­на деген сұраныс өте жоғары. Ондай архивтердің үлесі бүгінде 14,7 пайыз. Сараптама жұмыстары республика бойынша 128 нысан салу қажет екенін көрсетіп отыр. Оған қоса «Е-Архив» жүйесінің негізгі сервері істен шыққан жағдайда жүйені резервтік серверлермен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алу керек. Сондай-ақ архив ісінің білікті мамандарын даярлау мәселесі айрықша назар аударуды қажет етеді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы дерек бо­йынша архив мекемелерінің штаты 3 340 бірлікті құрады. Оның 8 пайызының ғана бейінді жоғары білімі бар», деді Д.Абаев.

Бұдан бөлек министр жүр­гізіл­­ген сараптама қорытын­дысы 2022-2026 жылдары 1 700-ден аса маман қажет екенін көрсе­тіп отырға­нын айт­ты. Сондай-ақ ол мәдениет сала­сындағы қызмет­керлердің әлеу­меттік қамтылуын жақсартуға уәде берді.

«Әрине, саладағы ең өзекті мәсе­лелердің бірі – мәдениет ұйым­дары қызметкерлерінің әлеумет­тік пакеті. «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйым­дарының лауа­­зымдық жалақы­ларына 1,75 коэф­фициенті түрінде қосым­ша ақылар мен үстемеақылар әзір­леу қажет», деді Дәурен Абаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында. Министрдің ай­туын­­ша, шығармашылық жоғары оқу орын­дары­ның профессор-оқытушылар құра­мы мен кон­церт­­мейстрлерінің жалақы мөл­шеріне де назар аудару қажет.

Шығармашылық университеттерге ортақ мәселелерді баян­даған Құрман­ғ­азы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясы­ның рек­торы Арман Жүдебаев білім беру саласындағы заңдар­дың кей­бір нормалары шығар­ма­шы­лық жоғары оқу орын­дарының ерекше­ліктеріне сай келмейтінін айтты.

«Скрипкашылардан, композиторлардан, әншілерден, дәстүрлі музыка мамандарынан, балет әртістерінен, қолданбалы суретшілерден, актерлерден және басқа да шығармашылық кәсіп өкіл­дерінен ғылыми дәреже мен импакт-факторы жоғары мақа­лалар­ды талап ету қисынсыз. Одан бөлек материалдық-тех­ни­­калық база­ның жеткіліксіз екені де рас. Музы­калық аспаптар ескірген, шығар­машылық шебер­ханаларға, оқу театрларына, сту­денттік оркестр­лер мен хор­лар­ға, концерттік костюмдерге ар­­налған арнайы жабдықтар да тап­­шы», дейді ректор.

Ал Шәкен Айманов атын­дағы «Қазақфильм» АҚ пре­зиденті Ақан Сатаев киностудияның қазіргі жай-күйіне тоқталып, тап­қан барлық қаражат жалақыға жұмсалып жатқанын айтты.

«Бүгінгі таңда заманауи жаңа техникаларды алып жатыр­­мыз. Басқару құры­лымын өзгерт­­тік, ашықтықты арт­тыр­дық, қауіп­­сіз­дік қызметін құрдық, Үкі­мет­­тің қол­дауымен газ жүргіздік, жал­ға беру табысын пандемияға де­йін­­гі кезең­мен салыстырғанда 400%-ға дейін көтердік. Біз барын­­ша жұмыс істеп жатырмыз. Алай­да студия тапқан барлық қа­ра­жат қызметкерлердің жа­ла­қысы мен әкімшілік-шаруа­шы­­лық қажеттіліктеріне жұмсалады. Шы­нын айтқанда, өз фильм­дері­мізді шығаруға да қара­жат жеткіліксіз», деді режиссер.

Кеңейтілген алқа отырысында баяндама жасаған «Бозоқ» тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы Сәуле Бөрібаева ел астанасында музей ашу перспективалары туралы айтты.

«2020 жылы музей-қорықтың қызметін жетілдіруге мүмкін­дік беретін 24 нормативтік-құқық­тық акт қабылданды. «Бозоқ» қалашығы ұлттық паркінің жобасы үлгісінде ребрендингтің әлеуеті бұл салада зор екенін көрсеткіміз келеді. Жоба еуразиялық дала өркениетінің алуан түрлілігі мен байлығын көрсетуді мақсат етеді», деген музей-қорық басшысы Бозоқ қалашығы мыңжылдық тарихтың көзі екенін еске салды.

«Тарихи нысанмен байла­нысты бұл жобаның инвестиция­лық әлеуеті зор. Энеолит дәуірі­нен бастап қазіргі заманға дейін­гі дала өркениетінің, мәде­ниеті мен этнографиясының сан түрлі қат­парын бойына сіңірген ғи­ба­дат­ха­на­лар мен мәдени құры­лымдар бар. Метал­лургия және қыш өндірісінің ежелгі тех­но­логиялық кешендері де бар. Со­лар­­ды қалпына келтіру үшін 4 ғылы­ми тұ­жырымдама жасалды. Жобаның инвес­ти­циялық бағы­ты бойынша амфитеатр ашу көзделген. Шығыс базары­ның айлағы, отбасылық демалыс ор­талығы, биопарк салу ұсыны­лады», деді С.Бөрібаева.

Елімізде баспа ісі саласында нақты бір жүйе жоқ екенін айтып жүрміз. Кеңейтілген алқа отырысында осы мәселені Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов көтерді. Оның айтуынша, 2022 жылға арналған «Жылдың үздік кітабы», «Үздік жас қаламгер», «Балаларға арнал­ған үздік шығарма» байқауларын өткізуге қосым­ша бюджеттік өті­нім­­ді нақтылау күтілуде.