Төтенше жағдай қызметінің жедел құтқару жасағы таяуда ғана дүлей боранның өтінде орта жолда қалған жолаушыларды құтқару бойынша бірнеше операцияны сәтті өткізді. Құтқарушылар қар құрсауынан 32 адамды аман-есен алып шыққан. Эвакуацияланғандардың арасында 2 бала бар.
ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 ақпан күні сағат 06:25-те Арқалық – Амангелді автожолының 20-шақырымында 3 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалған. Үш көліктің ішінде 15 ересек адам және 2 бала болған.
– Жолаушылар сағат 08:22-де жол талғамайтын «ҰҚК-600» арнайы техникасымен Арқалық қаласына аман-есен жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ. Сол күні кешкі сағат 19:00-де Арқалық – Торғай бағытындағы күре жолдың бойында, Арқалық қаласынан 100 шақырым жерде қар құрсауында қалған 4 жеңіл автокөлік құтқарылды. Бұл көліктердегі 15 жолаушы арнайы құтқару техникасының көмегімен Арқалық қаласына жеткізілді. Жолаушылардың денесін үсік шалмаған, бәрі дін аман болғандықтан, медициналық көмектен бас тартты, – деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі.
Қостанай облысы